16 Сәуір, 2014

«Қазфосфаттың» қарышты қадамы

347 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
IMG_9879- IMG_4609 IMG_0040-- IMG_4615 Бұған дейін «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қа­зақстан облысындағы меншікті тілшісі болып келген Орал­хан Дәуіт басылымның Жамбыл облысындағы тілшісі қызметіне тағайындалды. Төменде біз жұмысына кіріскен әріптесіміздің осы өңірден жазған алғашқы мақаласын беріп отырмыз. «Сегіз ұлым бір төбе, Ер Төс­­тігім бір төбе» демекші, жам­­­был­дықтар үшін «Қаз­фос­фат» өз алдына бір төбе екені анық. Әйтеуір, фосфор­лы Жамбылдың жағ­дайы­ның жақ­саруына осы алып кәсіпорын үлкен дем беру­де. Енді, міне, соңғы жыл­­­дары «Қазфосфат» ЖШС шетел­мен қарым-қатынас жасау­ды жақсы игеріп алып­ты. Оған, әрине, Кеден ода­ғы­­ның тигізіп отырған ықпа­лы мол. Қазір «Қазфосфат» ЖШС әлемнің 30-ға тарта еліне өз өнімін саудалап отыр. Еліміздегі химия өнеркәсібінің алыбы саналатын бұл кәсіпорын үш ел арасындағы экономикалық ықпал­дастықтың арқасында тауар айналымын мейлінше ұлғай­туға қол жеткізді. Кеден­дегі кедергілер алынып тастал­ғандықтан бүгінде бұл елдермен алыс-беріс емін-еркін жүруде. Соның арқасында өткен жылы зауыт Ресейге құны 85 млн. АҚШ долларын құрайтын дайын өнім жөнелткен. Есесіне көр­ші­лерімізден 50 млн. доллардан астам қаржыға кокс, амиак, сода, құрал-жабдықтар және қо­салқы бөлшектер сатып алыпты. Бүгінгі таңда зауыт өнімі­нің 93 пайызы шет мемлекет­терге экспортталады. Ол өнімдер негізінен тамақ, целлюлоза, құрылыс материалдары, тұрмыстық химия өнеркәсібінде қолданылғандықтан өтімділігі өте жақсы, үлкен сұранысқа ие. – Соңғы екі жылда Ресей мен Беларуське құны 143 млн. доллардан астам өнім жөнелттік. Ал биылғы екі айдың ішінде 7 млн. доллардан астам өнім өткіздік – дейді бұл жөнінде зауыттың бас инженері Абсамат Керімбаев. Озық технологияның арқа­сында зауыт өнімінің сапасы едәуір жақсарған. Ең бастысы, кәсіпорынның әлемдік нарықтағы бәсекелестік қабілеті артты. Жаңа технология ендірілген сары фосфорды түпкілікті өңдеу цехы айына мың тоннадан астам дайын өнім шығып жатыр. Бір айта кетерлігі, мұндай жаңашылдықты зауыттың инженерлік тобы өздері ойлап тауыпты. Осыдан-ақ, кәсіпорын мамандары үлкен ізденістің үстінде екенін байқауға болады. Өнім сапасын арттыру бағытындағы ізденіс әлі де жалғасып жатыр. Кәсіпорын былтыр жылына 600 мың тоннаға дейін күкірт қышқылын шығаратын цехты да іске қосты. Минералды тыңайтқыштар құрамының үштен бірін құрайтын бұл өнім бұған дейін өзге жақтан қымбатқа сатып алынатын еді. Шикізат қазір зауытқа екі еседей арзанға түсіп отыр. Бұл дайын өнімнің өзіндік құнын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік беретіні анық. «Қазфосфат» осындай қарым-қатынастың арқасында қанатын кеңге жаюда. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы. ––––––––––––––– Суреттерді түсірген Ағаділ РЫСМАХАН.