«Қазақстан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жолында өз тарихының жаңа парағын ашады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың наурызында «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасын жария етті. Аталған тұжырымдама қоғамның барлық өмірін қамтиды және заң шығарушы билік институтын нығайтуға, әрбір Қазақстан азаматының саяси шешімдер қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. Таяуда жаңа Үкімет жасақталып, оның алдына әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу міндеті жүктелді. Сонымен қатар Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасы әзірленеді», деді Роман Скляр елордада өтіп жатқан Қазақстан-герман бизнес форумында.
Оның айтуынша, әлемдік экономикадағы турбуленттілік жағдайда Қазақстан мен Германия арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту ерекше назарға алынады.
«Екі ел ортақ құндылықтарды бөліседі және бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуды жақтайды. Қазақстан энергияның әртараптанған көздері, логистика және мол табиғи ресурстар сынды тартымдылықтың үш факторына ие. Бізде жасыл энергия өндірісіне және оны одан ары экспорттауға мол әлеует бар. Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдауда да еліміздің транзиттік әлеуеті арта түседі», деп түйіндеді бірінші вице-премьер.