Қазақстан • 13 Мамыр, 2022

Өтімді дақылдар көбірек егіледі

338 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қостанай облысы осы көктемде 4 млн 772 мың гектар дәнді дақыл себуді жоспарлап қойды. Биыл арпа-бидай алқабының көлемі былтырғымен салыстырғанда шамамен 100 мың гектарға кемиді. Есесіне майлы дақыл көлемі 651 мың гектарға дейін ұлғайды.

Өтімді дақылдар көбірек егіледі

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Облыстың оңтүстік аудан­дарында алқапқа сәуірдің со­ңында соқа түсіп, бірталай ша­руа­шылықтар зығыр мен мақ­­сары тұқымын егіп тастады. Мә­се­лен, бірнеше жыл бойы құрғақ­шылыққа ұрынып, дұрыс өнім ала алмаған Науырзым өңірінің шаруашылықтары биыл майлы дақылдарды көбейтіп, аптап құр­ғақ­шылыққа төзімді майлы, бұр­шақты дақылдар мен мақсары өсіруді қолға ала бастаған.

– Биылғы науқанда 244 мың гектар жерге дәнді дақыл, 12 мың гектарға майлы дақыл тұ­қы­­мы себіледі. Диқандар ар­зан­­­да­­тылған жанармайдың литр­ін 208 теңгеден алды. Бір­та­­лай ша­руа қожалығы түкті майсары тұқымын екті. Өткен құрғақ­­шылық жылдары майсары өсірудің тиімді екеніне көзіміз жетіп отыр. Мысалы, былтыр май­­лы дақылдың осы түрін ек­кен бірнеше шаруашылық жаз­­дың жаңбырсыз болғанына қара­мастан, жоғарғы өнімге қол жет­кізіп отыр, – деді Науырзым ауда­нының әкімі Қайрат Әбішев.

Облыстың солтүстік өңір­лерінде көктемгі дән сіңіру нау­қаны мамыр айының екінші жар­тысында басталады. Биыл топы­рақ ылғалын он күндей ерте жауып алған диқандар техникасын сай­лап қойып, арзандатылған жанар­май мен минералды тыңайт­қыштар сатып алып жатыр.

Мамандар соңғы жылдары өңірде астық және көкөніс дақыл­дарын өсірудің өзіндік құны өсіп кеткенін жиі айтып жүр. Осыған орай, мемлекет те диқаншылықты қаржылай қолдау шараларын күшейте түскен. Мәселен, биыл облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға республикалық бюджеттен 45 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы көктемгі алқап жұмыстары мен күзгі жиын-терін науқанын қаржыландыру бағдарламасы аясында 26 млрд теңге несие қаржы қарастырып отыр. Ал «Азық-түлік корпорациясы» форвардты сатып алуға 28,9 млрд теңге бөлді. Корпорация бүгінге дейін өңір диқандарынан келіп түскен 200-ге жуық өтінімді мақұлдаған.

– Мұның сыртында мемлекет еліміздегі көктемгі егіс кам­па­ния­сына қосымша 70 млрд теңге бөліп отыр. Облысқа бұл қар­жыдан да енші тиеді. Өңір диқан­дары науқанға түгелдей дайын отыр. Ең басты міндет – науқанды мерзімінде  бастап, уақытылы аяқтау. Былтыр 22 мамырда жер ылғалы 22 см тереңдеп кеткенін де ескеру керек. Биыл то­пырақ ылғалын сақ­тап қалу ма­ңызды, – дейді облыс­тық ауыл ша­руашылығы басқар­масы бас­шысының орынбасары Сембай Сағындықов.

Жалпы, Қостанай облысын­да егін егудің тәуекелі көп. Суар­малы жер аз болғандықтан, дән сіңірген диқанның әр күні ала жаздай ауа райының қабағын бағумен өтеді. Ал синоптик мамандар биыл да жаңбырсыз жаз, аптап ыстық күтіп тұр деп болжап отыр. Облыстық «Қазгидромет» филиалының директоры Лариса Кузьминаның айтуынша, Биыл Сарыкөл, Меңдіқара және Ұзын­көл аудандарында топырақ құ­ра­мында ылғал мол. Қалған аудан­дардағы ылғалдың деңгейі орташа деп бағаланып отыр.

– Науқанды, ең бастысы, то­пырақ ылғалынан айырыл­май тұрып аяқтау керек. Қазір жер қыртысында ылғал бар. Сон­дықтан тұқымын дер кезін­де сеуіп үлгерген диқандар ұтыл­майды. Мамыр және тамыз айларын­да қалыпты мөлшерде жауын-шашын түседі деп күтіп отыр­мыз. Ал маусым, шілде ай­лары құрғақ болады, – деді Л.Кузьмина.

Синоптик-маман биылғы егіннің шығымына өткен жылғы күзгі құрғақшылықтың кері әсері болуы мүмкін дейді. Айтуынша, былтыр қыркүйек, қазан айларында жүргізілген маршруттық зерттеу жұмыстарының нәти­жесі көңіл қуантпайды. Күзде жерге небәрі 17-39 мм ылғал түсті. Фе­доров, Әулиекөл, Қара­су, Де­нисов аудандарында топы­рақ­қа қажетті ылғал қорының 50-ақ па­йыз екені анықталған.

Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, биыл облыстың ауылшаруашылық құрылымдары 530 мың тонна тұқым себетін болады. Биылғы науқанға 3,1 мың тонна шығымы жоғары са­па­лы тұқым пайдаланылады. Облыс диқандары сатып ала­тын сапалы бидай тұқымын суб­сидиялауға мемлекеттен 1,7 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Биыл шамамен 23,9 мың тонна тұқым субсидияланатын болады.

– Әлемде болып жатқан шие­леніс­терге байланысты Ресей ауылшаруашылық дақылдары­ның тұқымын экспорттауға ты­йым салды. Алайда облыс диқан­дары ресейлік тұқым сатушылармен ертерек шартқа отырып, 7,7 мың тонна бидай, арпа, жүгері тұқымының ақшасын төлеп қойған еді. Бүгінде бұл мәселе оң шешімін тауып, облысқа 2,3 мың тонна тұқым әкелінді. Қалғаны жаппай көктемгі егін науқаны басталғанша жеткізіледі, – деді С.Сағындықов.

Өңір шаруашылықтары биыл Ресейдің тыңайтқыш экспор­тына шектеу қоюына байланыс­ты көкөніс дақылдары жыл­да­ғыдай мол өнім бермеуі мүмкін деп қауіптенеді. Өйткені қырық­қабат, қызылша, картоп, сәбіз сияқты көкөніс түрлерінің жоға­ры өнім беруі күрделі ке­шенді ты­ңайт­қыштарға тәуелді. Алай­да рес­публикалық картоп және көкөніс өсірушілер одағ­ы­ның басқарма төрағасы Қай­рат Бисетаев бұл экспорттық шек­теулердің зардабы соңғы кездегі геосаяси жағдайға байланысты Ресеймен әріптестік қарым-қаты­насын үзген елдерге ғана тиюуі мүмкін екенін айтады.

– Біздің нарық бұл шектеулерден зиян шеге қой­мас деп ойлаймын. Ресей – сырт­қы саудаға арнайы үлкен көлемде тыңайтқыш өндіруші ел. Сондықтан көрші елдің өнімі қалайда экспортқа зәру екені сөзсіз. Меніңше, мәселе басқада. Тыңайтқыштың бағасы қымбаттап кетті. Нәтижесінде, бізде өсетін көкөністің де өзіндік құны күрт шарықтап кетуі мүмкін. Өкінішке қарай, Қазақ­стан күрделі тыңайтқыш өндір­мейді. Бізге Ресей, Беларусь, Өз­бек­станнан келеді. Яғни біз импортты тыңайтқышқа тәуелдіміз. Мәселен, аммиак селитрасының орнына өзімізде шығатын ты­ңайт­қышты пайдалануға болатын шығар. Бірақ нитроаммофос, диаммофос сияқты құрамында азот, фосфор, калий элементтері бар күрделі тыңайтқыштарды Ресей­ден сатып алуға тура келе­ді. Егер оқыс жағдай туындай қалса, бұл тыңайтқыштарды Өзбек­станнан сатып алуға мәжбүр боламыз. Бұл жердегі бар мәселе бағаға келіп тіреледі. Онсыз да биылғы тыңайтқыштың бағасы үш есе өсіп кетіп отыр, – деді Қ.Бисетаев.

Ал астық шаруашылығына қайта оралсақ, бұл салада Ресей­ден келетін күрделі тыңайт­қышқа зәрулік жоқ. Қазақстанда өсетін дәнді дақыл алқаптары негізінен отандық дәрілермен тыңайтылады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәлі­метінше, астыққа қажет ты­ңайт­қыштың көбі өңірге Ақтау­дағы «ҚазАзот» пен Тараз­дағы «Қазфосфат» кәсіпорындарында өндіріледі.

Қазірдің өзінде өңір шаруашы­лықтары мен тыңайтқыш өндіре­тін отандық және шетелдік кәсіп­­орын­дар 34,9 мың тонна ми­не­рал­ды тыңайтқыш сату-сатып алу туралы шартқа отыр­ған. Ауыл­шаруа­шы­лық маман­дары­ның сөзінше, биыл облыс жалпы көлемі 80 мың тонна тыңайтқыш сатып алады.

Өңірде биылғы тұқым себу нау­қа­нына 22 мыңнан ас­там трак­­тор және жоғары өнім­ді 1 200 дән сепкіш кешен қа­ты­сады. Дәл нау­қан қызған шақ­та тех­ни­ка тоқ­тап, жұмыс тұ­рып қал­мау үшін облыс шаруа­шы­лық­тарына ар­­зан бағамен 71 мың тонна ди­зельді отын бөлінген.

 

Қостанай облысы