Әлемге әйгілі британдық композитор Карл Дженкинстің Абай мен Шәкәрім шығармаларына жазылған «Абай-Шәкәрім» ораториясы тұңғыш рет Өскеменде тұсауын кесті.
Тамырды тегеурінді ағысқа бөлеген бекзат өнер кеші Шығыс Қазақстан облысының симфониялық, ішекті және соқпалы музыкалық аспаптар оркестрлері, аралас хор, фольклорлық топ, жеке скрипка және жеке дауыстың қатысуымен қойылды. Дала даналарының шалқар шабыты мен еуропалық биік кәсібилік үйлесім тапқан ғажап туындыдан сусындаған өскемендік тыңдарман Металлургтер сарайын риясыз қошеметке толтырды.
Өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен өткен өнер кеші қазақ халқының ұлы перзенттері Абай мен Шәкәрім шығармашылық мұрасын жаңа тұрпатта насихаттауға негіз болды. Негізі уэльстік үлкен дарын иесі Карл Дженкинс жазған шығарманың алғашқы бөлімі Ұлыбритания ұлттық жастар хорының орындауымен 2010 жылы жарыққа шыққан болатын. Ал шығыс өңіріндегі тұсаукесерде туынды Абай мұраларымен толығып, соны сипат алып отыр.
Хакім мұраларын жаһандық кеңістікте дәріптеуге жол ашқан көрнекті меценат Медғат Құлжанов өңірдегі айтулы мәдени оқиға қарсаңында Өскеменге арнайы келіпті. Баспасөз өкілдерімен кездесуде бизнесмен бұл жобаның туған топырақ қасиетінің, ата-ана тәрбиесінің жемісі екенін жеткізді.
– Елуінші жылдардың орта шені. Кеңес өкіметінің тұлданып тұрған кезі. Он жастағы баламын. Ниязбек деген досымен бірге әкем төргі бөлменің есігін жауып алып, ақырын ән айтады. «Есікті неге жауып алады, неге жасырынып айтады?» деп ойлаймын. Кейін білдім, екеуі домбырамен Шәкәрім әндерін айтады екен. Ал Шәкәрім – «халық жауы». Білсе, партиядан шығарылып, сотталып кететінің анық. Сол себепті тығылып айтады. Кейінірек Шәкәрім өлеңдерін маған дәптерге жазғызатын болды. Балалар доп қуып жүргенде үйде жіпсіз байланып, ойыннан қалдырғаны үшін оған ішімнен өкпелейтінмін. Шәкәрім ақталды. Ақталғанымен ақын мұрасына мән беріле қоймады. Әндерін әркім орындап жүрді. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары осы мәселені қолға алдым. Шәкәрім әндерін орындаушылардың бірі Келденбай Өлмесеков екенін естіп, дауысын таспаға жаздырайын десем, алдыңғы тістері түсіп қалыпты. Дереу Алматыға тіс дәрігеріне апардым. Ниязбек ақсақалдың үйінде ескіріп қалған таспасы бар екен. Оны Алматыдағы дыбыс студиясында өңдедік. Бұл жұмыстар 2008 жылы Шәкәрімнің 150 жылдық мерейтойын атап өтудің бастауы болды. Шәкәрім музыкасын әрдайым симфония деп ойлайтынмын. 2009 жылы Лондон қаласына көштім. Сол жақтан атақты Карл Дженкинсті тауып алып, таспаларды бердім. Ол тыңдап көрген соң жақсы симфония шығатынын айтты. Осылайша, Шәкәрім әндеріне алғаш рет симфония жазылды. 2010 жылы 31 қазанда Лондонның «Roуal FestivaI HaII» атты көрермен залында үш мың адам қатысқан үлкен концерт болды. Кеш аяқталған кезде бүкіл зал тып-тыныш болып қалды. Зәрем ұшты. Біраз үнсіздіктен соң ғана бүкіл көрермен түрегеп тұрып, дүркірете қол соқты. Сол сәтте төбеміз көкке жеткендей еді, – деді Медғат Құлжанов.
Айта кеткен ләзім, симфонияны былтыр Алматыдағы Республика сарайында белгілі скрипкашы Марат Бисенғалиев оркестрдің сүйемелдеуімен қойған болатын. Енді Абай әндерімен толыққан оратория алғаш рет шығыс тыңдармандарына жергілікті шығармашылық ұжымның қоюымен ұсынылды.
– Бұл идеяның авторы – өңір басшысы Бердібек Сапарбаев. Біз басында басқа оркестр алып келуді ойластырдық. Алайда, облыс әкімі жергілікті симфониялық оркестрдің орындауы жөнінде ұсыныс жасады. Жергілікті ұжымның орындағаны дұрыс болды. Лондонда ағылшындар қазақ тілінде орындаған болатын. Өйткені, осылай талап қойдым. Ал шығысқазақстандықтарға хормен бірге орындау жөнінде ұсыныс жасадым. Себебі, Шәкәрім әндері хормен жақсы үйлеседі. Биыл қараша айында Нью-Йорк қаласының Карнеги холында «Абай-Шәкәрім» ораториясының әлемдік тұсаукесерін өткізуді жоспарлап отырмыз. Астана қаласында да ұйымдастырамыз. Қазіргі кезде шетелдік компанияларға «Абай-Шәкәрім» симфониясын таратуға келісім бердім. Сәтін салса, Абай мен Шәкәрім мұрасы дүниежүзілік мәдени кеңістікке шығады, – деді Медғат Кәрімұлы.
Меценат өз сөзінде шығарманы Карл Дженкинстің қазақ халқының ұлттық болмысын жан-дүниесімен түсіне отырып жазғанын айрықша атап өтті.
Ораторияны өз деңгейінде жеткізуге бар күш-жігерін салған облыстық симфониялық оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Александр Галсанов екі айға созылған қысқамерзімді дайындық, ізденіс үстінде кірпияз еуропалық аудиторияны бағындырып, қазақтың эпостық дүниесіне бойлаған Дженкинс шығармасының қазақ халқының маржан сөзімен, сұлу сазымен тіпті көркемделе түскенін байқағанын жеткізді.
– Бұл – керемет жоба. Бізге, музыканттарға осыған дейін облысымызда да, қаламызда да болмаған биік межені бағындыруға тура келді. Симфониялық оркестр, қазақ фольклорлық тобы, аралас хор, солистер және техникалық құрамның барлығын жинау, бір арнаға тоғыстыру өте күрделі шаруа болды. Осы қиындықтарды жеңе отырып, Абай мен Шәкәрімнің тамаша әндеріне қайран қалдым. Ұлы Абай әндерін баршамыз жақсы білеміз. Ал Шәкәрімнің лирикалық симфониясындай сазды бұрын еш жерден кездестірмеген екенмін. Бұл – кеудеміздегі жаңа кеңістікті ашты, – деді Александр Галсанов.
Ораторияны сүйемелдеген хордың көркемдік жетекшісі, ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер колледжінің оқытушысы Әсел Темірова өңірде осыған дейін кәсіби хор ұжымы болмағанын, аталған шығарманы жоғары деңгейде орындауға үлес қосу үшін өнер колледжі мен ШҚМУ базасындағы екі ұжымды біріктіріп, аралас хор құру арқылы аймақта жаңа хор ұжымы қалыптасқанын жеткізді.
– Сондықтан «Абай-Шәкәрім» симфониясының тұсаукесері облысымыздағы жаңа хор үшін де тұсаукесер болып отыр. Оның құрамында үй шаруасында отырған музыканттардан бастап кәсіби мамандарға дейін бар, – деді Әсел Қаныбекқызы.
Премьерада Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, қаламқас», «Көзімнің қарасы», Шәкәрімнің «Анамнан кеткенде», «Той», «Дала» сынды шығармалары орындалды.
Аталған жобаға қолдау көрсеткен өңір басшысы Бердібек Сапарбаев Медғат Құлжанов пен жергілікті шығармашылық ұжымға ризашылығын білдіріп, «Абай-Шәкәрім» ораториясын келесі айда Семей қаласында да қою жоспарланып отырғанын жеткізді.
Бұл – өскемендік тыңдарманның талғамын түлеткен айтулы мәдени күн болды.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы.