Аймақтар • 16 Мамыр, 2022

Батыс Қазақстанда жастар штабы құрылды

398 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында алдағы үлкен саяси науқан - референдумды қолдау бойынша өңірлік жастар штабы құрылды. Қоғамдық штаб қатарына үкіметтік емес ұйым өкілдері, ғалымдар, блогерлер мен журналистер, жастар мен ардагерлер қауымдастығы, этномәдени орталықтардың жетекшілері кірген.

Батыс Қазақстанда жастар штабы құрылды

«Елде болғалы жатқан саяси-қоғамдық өзгерістерге жастардың белсене қатысуы өте маңызды. Өйткені әділетті Қазақстанның игілігі ең алдымен жас ұрпақ үшін қажет», дейді штаб жетекшісі Әділет Берікқалиев.

Референдумды қолдау бойынша өңірлік жастар штабының жетекшісі Әділет Берікқалиев, «Орал студенттер альянсы» корпоративтік қорының директоры Тасболат Серікқалиев, Орал қалалық ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Дулат Жүсіпқалиев өңірде конституциялық түзетулердің мағынасы мен ережелерін түсіндіру, бұл өзгерістің Қазақстанды одан әрі дамытуға қосатын үлесі туралы жастар және барлық ЖОО және АОО студенттері арасында белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын айтады.

«Жаңа Қазақстанның қалыптасуына Президент ұсынған оң өзгерістер мен реформаларды іске асыруға үлес қосу – біздің әрқайсымыздың негізгі азаматтық борышымыз. Сондықтан да біз Мемлекет басшысының Конституцияға ұсынылатын түзетулерді референдум шеңберінде бүкілхалықтық дауыс беруге шығару туралы шешімін қолдаймыз. Бұл азаматтардың сенімін ақтайтын дұрыс қадам. Референдумның нәтижелері халықтың еркі мен оның ел болашағын түсінуінің айқын дәлелі болмақ», дейді Дулат Жүсіпқалиев.

Қазір әлеуметтік желілерде жастар арасында «Жаңа Қазақстан, Жаңарған – Мен!» челленджі басталған. Оның мақсаты – Мемлекет басшысының бастамасын қолдап, жаңа әділетті мемлекетті қалыптастыруға жастарды жұмылдыру екен. «Өйткені біз, жастар – қоғамның қозғаушы күшіміз!», дейді белсенді жастар.