Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті бапасөз қызметінің мәліметінше, ведомство басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин Ғабит Мүсірепов атындағы және Айыртау аудандарында тұрғындармен кездесті. Оған мемлекеттік қызметшілер, жұртшылық, жастар, сондай-ақ комплаенс-офицерлер де қатысты.
Бүгінде аудандарда әртүрлі квазимемлекеттік сектор ұйымдарының 15 комплаенс-офицері жұмыс істейді. Олар қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы, сондай-ақ корпоративтік әдеп кодексін сақтауын бақылауды қамтамасыз етіп, анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жөнінде шаралар қабылдайды.
Жиын барысында 2022-2026 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы аясындағы жаңашылдықтар талқыланды.
«Тұжырымдаманы Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы негізгі мәселелерді шешу үшін бекітті. Құжат аясында агенттік заңнамалық актілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша және ӘҚБтК-не өзгерістер мен толықтырулар енгізуді жоспарлап отыр. Аталған консультативтік құжаттар «Ашық НҚА» интернет-порталында жария талқылау үшін орналастырылған», деді Нұрлан Жахин.
Заң жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары жүйесіне сыбайлас жемқорлардың жария тізілімін енгізу, пара беру туралы уәде-ұсыныс үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын қабылдамағаны үшін жауапкершіліктің құқықтық тетіктерін жетілдіру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту, сыбайлас жемқорлық әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін өту мерзімін ұлғайту және тағы басқалар жоспарланған.