Қазақстан • 16 Мамыр, 2022

Нұртілеудің нақышы

408 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Өмірге келген пенденің жатырда жатып айшықталған нақышы болады. Ол өсе келе осы ирелең де бұралаң болмыспен күн кешеді. Адам өзіне тән әрекетімен танылады, айналысқан кәсібіңде де сол таңба көзге ұрып тұрады. Батыр мен ұрының да өз қолтаңбасы бар. Қиялай сілтеген семсер біреудің басын допша домалатса, қап арқалаған кәнігі ұрының бүлкілі бөлек. Көздегенін мүлт жібермес мергеннің де шүріппе басар сұқ саусағына сіңіп кеткен әдісі мен айласын көрген жұрт бірден байқайды.

Нұртілеудің нақышы

Федералдық сотта қылмысы әшке­ре­­леніп, тағдыры қыл үстінде тұр­ған сұғанақ өзі үшін шыр-пыры шы­ғып отырған ақтаушы әйелдің қасын­дағы қол сөмкесінен әмиянын білдірт­пей қағып алып, жанбақы қолдың ептілігін көрер көзге айшықтап бер­ді. Әнші Роза Бағланова мен биші Шара да өз нақышымен ел аузында ертегі болып қалса, жазуға келген пақыр­лар да аудандық газеттен бас­тап, республикалық деңгейге дейін жан­ұшырып жүріп, Құдай берген қолтаңбасын өрнектеп бағады. Жазу – қиын сала, журналист деген азапқа түскен жұмыр бас. Қара мақала жазып шұқшиып, доп тепкендер мен тұмсықтан тиген соққыны айқайлап отырып айтып, жанын шүберекке түйген жанкүйерге репортаж ғып жеткізу де жүйкеңді жеп қоятын тірлік. Айқайдың да өзіне тән әуені бар.

Нұртілеудің нақышына 1972 жылдан қанықпын. Журфакқа түскенде сұңғақ бойлы, шымыр, өзі де, сөзі де ірілеу жігіт сұлбасын биіктетіп, бөлектеніп жүрді. Есім-сойы – Нұртілеу Иманғалиұлы Мы­­сықов. Адамдар арасындағы бөлті­ріктей көзге біртүрлі көрінді. Көп ұза­май бойына біткен нақышын таныта бастады. Домбыра шертіп, ән салды, сыған-домбыраның шегін дыңылдатып, сезімді биледі, жалпы, өнерден құра­лақан еместігін көрсетті. Ақын-жы­раулар жыр-термелерінің біразын жатқа айтты, «тегін адам таз болмайды», тереңіне үңілсек, Жетісудағы Мысық бидің ұрпағы екен. Мысекең әрі би, әрі ақын, әрі шешен, Нұртілеу де тегін болмай шықты.

Оқуға зерек, дене шынықтыру са­бағында топ бастап, нұсқау беруге құмар-ақ. Нұрекең ұзамай «қой бастаған көк серке» болып шыға келді. Саптаяқ ұстап керілдескендер мен құйтырқы сөзді көтере алмай ілінісіп қалғандарды сабырға шақырды, волейбол ойнап, курс намысын қорғады, «Ләйлім-шырақ» деп ансамбль құрып, филфак қыздарының жүрек қылын шертті.

Асып бара жатқан жазбаша жур­налистігі болмаса да сөзге келгенде ал­дыр­майды, кіммен тайталасса да сөз шір­кіннің тігісін жатқызып, жандырып жібереді. Оны болашақта тележурналис­тика деген дүре тимеген тың сала күтіп тұр еді. Нұртілеу сол үшін туған, бізде кенжелеу дамыған телесөзге бақ болып келген біздің курстың майталманы еді.

Жан қуаты мол, қай іске болма­сын құмбыл кірісіп кететін, қазақ­шы­­­лық­қа салып, «арбаны сындырып, өгіз­ді өлтіріп», жарым жолда қал­дыр­­май­тын. Тәуекелшіл еді, «тәуе­кел түбі – жел қайықтың» ескегін әман­да қорықпай есетін. «Бай-қуатты бо­лайық!» – мұның бағын жандырды. Аумалы-төкпелі кезеңде байларға қа­рап жалтақтап, Бейімбеттің «кедей тең­дігін» аңсап жүргендер Нұртілеудің осы хабарына тәнті болып, бойларына қуат алды. Ауылдағы күсті қол шаруа­лар 100 грамдатып отырып хабарды талқылап, жаға жыртысуға дейін барды. Қайта құрудан кейінгі күндерде біреудің жертөлесінен бір фләк бал ұрлап ұсталып қап, «Неге ұрладың?» деген тергеушіге: «Телебезерден «Бай-қуатты болайық» деп күнде айтып жүрген жоқ па? Бизнеспен айналысып, бай болғым келеді» деп жауап беріпті. Өмір сүруге деген көзқарасы бар жігітті сот құлыпасты емес, шартты жазаға кесіпті. «Бай-қуатты болайық!» деп ой түйіндеген бұл көрсетілімдер Сағат Әшімбаевтың «Қарыз бен парызынан» кейінгі ел-жұртты елең еткізіп, қазақ көрерменді дір еткізген хабар болды. Басып-жаншыған идеоло­гияның бұғауында келген кеңес адамы «Капиталда» айтылған құн заңы мен жекеменшік дегеннің түк қиындығы жоқ қарапайым нәрсе екендігіне көз жеткізіп, ақтарылып сөйлеген осы бір ақеден жігітті көгілдір экраннан көргісі келіп елеңдеп отыратын күйге түсті. Бұл да уақыттың сыйы, тек жалқаулық пен кертартпалыққа кісен салатын кез келді.

Нұртілеу 60-қа толды. «Қазақстан» қонақ үйінің фойесінде азғандай топ – біраз курстас мерейтойды атадық. Батаға бағышталған соңғы сөзді маған берді. «Біз үлкен емеспіз бе?» деген біреуді: «Оның жолы үлкен» деп күрт қайырып тастады. Бұл – бір-бірімізге деген іштей жақындық, «жау» оғынан сақтандырған сәт еді.

Күн өткен сайын жұртшылық Нұрті­леудің телехабарларын асыға күтетін болды. «Көкпарды» көріп, ой-жарысқа түсіп, делебелері қозса, «Заң сөйлесін!» – 37-нің зардабын шегіп, абақтыдан үркіп қалған ұрпақтың санасын жаңаша жаңғыртты, өмірінің ақырғы сәттеріндегі «Нұр-Тілеу» деп өзіне шақырған ашық сұхбат тайқазандай тасыған көңіл­дерді ашық та анық сөйлеуге тартты. Қоғамның темір қорасының қақпасы ашылып, осы хабарға қатысқан талайлар шеген құдықтан мұздай су ішіп, мейірін қандырды. Бұл – баспасөзден экранға ауысқан қара халық пен зиялы топтың көңіл аңсары еді. Олар әр хабардан түйген титімдей ойы болса шүйіркелесіп ортаға салып, содан бір нәтиже күтіп жүрді. Пікір тудырған дүние тегін емес, оның ар жағында қоғамның сөзі, биліктің байламы тұрады.

Нұртілеу қайда барса да көгілдір экрандағы бейнені танып, көрермен шұқшия қарап, тілдесіп қалуға тырысатын. Туған жерім – Шиеліге ат басын тіреп, бұрынғы «Төңкеріс» колхозы, қазіргі Шеген Қодаманов атындағы ауыл­да тұратын нағашыларыма сәлем бер­дім. Шеген Қодаманов – коллек­тивтендіру жылдары В.И.Ленин шаруа­ларды Мәскеуге шақырып, қабылдау өткізгенде Сыр бойынан барған белсенді. Қабылдауда Сырдария мен Арал тағ­дырын сөз етіп, егін шаруашылығы мен балық аулау мәселесін алға қойған ел ағасы. Жақын інісі – Қарақожа наға­шымның шаңырағына келсем, жаюлы дастарқан басында ауылдың тәуірлері бір топ болып асып-тасып, көңілді отыр екен. Телевизор қосулы тұр. Бір кезде «Нұр-Тілеу» деген хабар басталып, басы­на тақия киген бейне көзіме оттай басыл­ды. Алды толы алшы тұрған асық. Хабар­дың қонағы – жазушы Бексұлтан Нұржеке.

− Мынау «Бай-қуатты болайықты» жүргізетін жігіт қой, сол хабар көрінбей кетті, – деді біреуі.

− Бұл – менің курстасым. Өз балда­рыңыз. Жетісуды бір шыбықпен айдаған найман Мысық бидің шөбересі, – дедім.

− Ат табылмай қалған ба? – деді біреуі.

− Нең бар-ей. Орыстар Кошкин деп те ат қоя береді, – деді сауатты біреуі сергектігін танытып.

− Мысық па, күшік пе, өзіміздің бала екен. «Бай-қуатты болайық!» деп елді аузына қаратқан осы баламыз үшін бір алып қояйық, – деді біреуі топтан суырылып шығып.

Мысекең тек би емес, әрі ақын, әрі шешен, дуалы ауыз ел ағасы, – дедім айғақ айтып.

− Бір басына бәрін үйіп-төккен екен де. Осы Мысекең үшін бір алайық, – деді қызыңқырап қалған бір нағашым.

Нұртілеу Бексұлтан жазушының тауып айтқан ой-орамына тәнті болып, «Алшы!» деп бір сақаны алға жыл­­­жытты. Басындағы көкшіл тақия мен алдында қаздай тізілген асық «Мен қазақпын!» дегеннің бейнесін ай­шықтап-ақ тұр. Өңі сәл сылынып қалған, бұл – пышаққа түсіп, ден­нің саулығын күйттеп жүрген өмірі­нің соңғы сәттері еді. Ол өліммен арпа­лысқан өліара шаққа дейін көгілдір экранды тастамады, ажал шіркін алып кетем деп босағадан сығалап келгенше берілмеді. Осы оқиғаны айтып едім, «Мен ол ауылды қайтсем де түсірем» деді сәл ойланып қап. Бірақ бәрі ішінде кетті. Бәріне үлгеру де мүмкін емес.

Нұртілеу белсенді еді. Туған жері­нің жақсылығы дегенде жүрегі ерекше соғатын, айтулы азаматтардың мерейтойы мен еске алуларда белді буып, алда жүретін. Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығы қарсаңында бір топ қаламгер Талдықорғанға бардық. Жолай ел мен жердің тарихына тоқталып, томпиған төбе мен шошайған бұтаның сырын айтып, тегін экскурсовод болды.

− Мына жерден алтын шыққан, − деді тауға ұқсас биік жотадан өте бергенде.

− «Алтын шыққан жерді белден қаз», − деді тамағы кеберсіп отырған қиқарлау шайыр.

Ұзамай «Нұр-кафе» деген жазуды көріп қап, зуылдаған мәшинені кілт тоқтатты. Тамақтан өткеннің бәрі сусын, ақ пен қызылға қанып ап әрі жылжыдық. Барып-қайтқанша Нұртілеу ноқта ағасы ретінде жомарттықтан жаңылмады, тек көгілдір экраннан көріп жүргендер тәнті болып бас шайқады, дәнігіп алғандар дәметіп отырды.

Әнуар Әлімжановтың 90 жылдығына орай Талдықорғанда өткен дөңгелек үстелге де өзі мұрындық болып ел алдында жүрді. Модератор Әлімжанов шығармашылығының қыр-сырын ашу үшін тағы біреуге сөз беріп еді, кілт тоқтатып қойып, сөзді маған алып берді. «Әнуарды білетіндер сөйлеу керек» деп қасқайып тұрып, кесім айтты. Бұл да іштей ұғынысудың көрінісі, «қарыс-қарыс, сүйем-сүйемге» салған әрекет еді.

Ол дертке бой алдырып, кеселі құрғыр күндіз күннің шыққанын, түнде айдың туғанын көре алмастай ғып көз алдын тұмшалай берді. Жүрек шіркін бәрін де сезеді, қанша қарсыласса да табиғат жіберген жау жеңбей тынбайды. Бірақ кеселін жұртқа жаймады, өзіне тән қайсарлықпен жақындап қалған ажалмен арпалысып бақты. Өмірден өтерінен біраз бұрын әміретанушы сұңғыла Жарқын Шәкәрім дүниеден қайтып, «Қазақконцерт» залында қаралы рәсім өтті. Өзі жүргізді. Асығып-аптығып тұрып, «Салтанатты қаралы рәсімді бас­таймыз» деді. Қайтар жолда «Қаралы рәсім салтанатты болмайды ғой» деп едім, қызараңдап, алған бетінен қайт­пады.

− Өмірге келу де, кету де – салтанат. Ертең мен өлсем де – салтанат, − деді тістеніп.

Бұл – өмір шіркінде күн санап жүрген алағай да бұлағай сәттерінің бірі екен.

Ең соңғы рет Нұртілеудің дірілдеген арқасын көріп қалдым. Сұңғақ бойы сәл иіліп, кең жауырыны бүлк-бүлк етіп кетіп бара жатты. Ол алпыс екі тамыры буырқанған арқасы бар азамат еді.

...Мылтықбай Ерімбет жұбайының қырық күндік асында болдық.

− Мен үкіл салдыруым керек, тез сөйлеп кетейін, − деп микрофонды қолға алып, өмір туралы біраз сыр шертті. Көңіл пердесін түріп тастап, тағдыр мен махаббат жайлы тебірене толғады. Асығып тұрған адамға ұқсамайды. Ағалығын көрсетіп, мүсәпір болып қалған Мылтықбайды жұбатты. Орнына келіп жайғасқан соң:

− Қалай сөйледім? – деді әдеттегідей шұқшия қарап.

− Публицистикалық сарынмен сөйледің...

Алпыс екі тамыры буырқанған арқасы бар жігіт қаздай тізіліп отырған бізді, Мылтықбай мен Сайлаубайды, Жанат (марқұм) пен Гүлсараны тастап кете берді. Тірі болса, бүгінде жетпіс деген биіктен тіксіне қарап тұрар ма еді.

Ол өз нақышымен келіп, сол нақышпен өмір деген ортаны тастап кетті. Өзгерген жоқ. Ал Қазақ телевизиясындағы Нұр­­тілеу Иманғалиұлының нақышы – мәң­гілік. Еліміз бұлағай кезеңді бас­тан өткерген шақта туған халқын биік баспалдақтарға шақырған осы бір жігіт­тің мағыналы сөздері көрерменнің құлағында күңгірлеп, қайсар бейнесі көз алдында көлденеңдеп қалды.

Мен не көрдім,

Сен не көрдің,

Не көрдік?

Біз жасаған жоқ батырлық,

Жоқ ерлік.

Ауыл,

мектеп,

Алматыға келдік те,

Мақсат қуып, жақсы

ат қуып жөнелдік, −

деп Жарасқан жырлап еді. Нұртілеу­дің өмірбаяны да дәл осы өлең жолдарындай өріліп жатыр. Артында өзіне тән нақышы қалды. Бұл талайға өнеге.

 

Қуандық ТҮМЕНБАЙ,

жазушы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше