Медицина • 17 Мамыр, 2022

Балаларға экзоскелет әпереді

388 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Қазақстан халқына» қоры тірек-қозғалыс аппаратында ақауы бар балаларды ро­бот­тандырылған құрыл­ғы­лармен қам­та­масыз ете­тін қайырым­дылық бағ­дар­ла­масын іске қосты.

Балаларға экзоскелет әпереді

Бағдарлама тиімді оңалту, аурулардың даму қаупін азайту, физикалық және психо-эмо­ционалдық ахуалды жақсарту мүмкіндігін береді. Бұл қамкөңіл ба­лаларды қоғамда ортаға бейім­деуге көп көмегін тигізеді.

«Қазақстан халқына» қорына балалары үшін техникалық оңал­ту құралдарына, оның ішін­де экзоскелеттерге мұқтаж болып отырған ата-аналардан 300-ден аса өтініш келіп түсті. Бағдарлама аясында жыл соңына дейін 13 экзоскелет шығару жоспарланса, оның төртеуі бойынша өлшеу жүр­гізіліп, өндіріс процесі іске қо­сыл­ды.

Экзоскелеттер – бұл церебральды сал ауруы, ми жара­қаты, жұлын жарақаттары, парап­легия, бұлшықет дистрофия­сы, Ретт синдромы және басқа да аурулармен ауыратын бала­­лардың өз бе­тінше қоз­ғалуына көмектесетін замана­уи, жоғары технологиялық және тиім­ді оңалту құралы. Әр ба­ла­ға әрбір экзоскелеттің арнайы пара­метрлері ескеріліп, жеке әзір­ле­неді. Бұл ең бірінші қол­дануға қолайлы әрі қара­пайым болуымен ерекшеленеді. Бір экзоске­лет­тің салмағы – 25 кг.

Сонымен қатар Балаларды оңалту ұлттық орталығы базасын­да науқастың экзоскелетінің қа­жет­­тілігі туралы қорытынды шы­ға­­ратын көп бейінді топ құ­рыл­­ғанын айта кеткен жөн.

Қор «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасының же­ңім­­пазы Мәулен Бектұрғанов не­гі­зін қалаған экзоскелеттерді шы­ға­ратын отандық «MBionics» ЖШС-мен келісімшартқа отырды. Оңалту жоспары меке­ме­ле­рінің жұмыс үлгілерін жобалау Астана қаласының Медицина уни­вер­ситетімен тығыз байланыста жүзеге асырылады.

Жалпы, «Қазақстан халқына» қоры 13 баланы экзоскелетпен қамтамасыз ету үшін 117 млн теңге бөліп отыр.