16 Сәуір, 2014

Кітап – балалардың айнымас досы

606 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Халықаралық балалар кітабы күндеріне орай Алматыдағы С.Бегалин атындағы республикалық балалар кітапханасында публицист, балалар жазушысы Бейсенбай Сүлейменовпен кездесу өтіп, мереке мерекеге ұласты. Бір айта кетерлігі, халықаралық кітап күндеріне орай жыл сайын әлем балаларына жолдау арнау дәстүрге айналған. Биылғы жолдау Ирландия мемлекетінен келіпті. IMG_9325 Баланың ішкі жан дүниесін, табиғатын, кішкентай жүректің лүпілін сезініп жазу кез келген қаламгердің оңтайына келе бермейді. Өйткені, жасөспірімнің өз тілі, өз жазу сти­лі, ойлау жүйесі бар. Жазушы Бейсенбай Сүлей­менов шығармашылығының ерекшелігі – тақырыптарының жаңа­шыл­дығында, оқиғаларының тарихи-таным­дық, тағылымдық жағынан деректерге құрылатындығында, кейіпкерлерінің бүгінгі заманмен, бүгінгі уақытпен астасуында. Мәселен, «Кечуа тайпасының үндістері», «Бес ғасыр атылмаған садақ» кітаптары оқырмандарды құпиясы мол Оңтүстік Американы мекен еткен туыс­тас халық – үндістер еліне жетелеп, олардың сырға толы өмірі мен бүгінгі тіршілігінің мәнін аша біледі. Енді бірде Африка құрлығының «қара маржандай» құпиясын айқара ашады. Бұл жазушының ізденісі, жеңісі, ешкімге ұқсамайтын шығармашылық шеберлігі. «Қуанышты күн», «Тентектер», «Күннен келген адам», Қазақстан Президенті сыйлығын алған «Хан шатырдағы кездесу» тарихи-танымдық, ертегі повестері соның айғағы. Кештің тағы бір атап өтер ерекшелігі – мұндай шара өткізудегі қатып қалған заң­дылықтан қашып, кездесудің жазушы шы­­ғармасындағы кейіпкерлермен бас-аяғы жұмыр, балалардың ішін пыстырмай, қызықтыратындай сахналанып қойылуы. Шынында да көпшілігіміз, кітапхананы тыныш отырып кітап оқитын орын деп түсінеді екенбіз. Кітапхана директоры София Раеваның айтуынша, мұнда драмалық студия, интернет сынып, бейнероликтер көрсету секілді оннан аса үйірме бар. Ал ең кішкентай оқырмандары екі-үш жаста. Бұл жолы кездесуді өткізудің формасын тапқан кітапхана қызметкерлері – Әсем Молдасанова (Юнико), Гүлнар Нұ­ғыбаева (Тазша бала), төменгі сынып оқу­шыларына арналған оқу залы секторының меңгерушісі Тұмар Мөкешова (Күнекей қыз) мен Ш.Уәлиханов атындағы №12 мектептің 3 «Е», 4 «Б» сыныбы оқушыларының еңбегін атап өткеніміз абзал. – Менің негізгі мақсатым – балаларға қызмет етіп, мереке жасау, – деді кездесу кейіпкері. – Өйткені, бүлдіршіндердің қамқорлығын көп көрдім. Бүкіл дүниежүзін – Африка, Америка құрлығын аралатқан осы балалар. Оқушы кезімде армандаған атақты Артек лагеріне де баламды алып, «Қазақстан пионері» газетінің атынан бардым. Содан да шығар, жазған еңбектерімді тек жасөспірімдерге арнадым. 20 мың данамен жарық көрген «Бес ғасыр атылмаған садақты» кезінде тегін тараттым. Кездесуге барған жерімде кітаптарымды құшақтап апарып, балаларға әңгіме айтып, сыйлап қайтамын. Былтыр осы балалардың басын қосып, жиналып, әңгіме-дүкен құратын қара шаңырақта үш рет кездесу өткізіп, 120 балаға кітаптарымды тегін сыйладым. Кітапхана қызметкерлеріне, директоры София Раеваға көп рахмет. Ғимараттарына ғимарат қосылып, кеңейіп жатыр екен, құтты болсын! Қойылымнан соң балалар жазушы аға­ларымен кеңінен отырып әңгімелесіп, сұ­рақтарына жауап алып, естелікке суретке түсті. Келген оқушының барлығы «Хан шатырдағы кездесу» кітабына автограф жаздырып, оған қоса қабырғаға ілінетін бір-бір күнтізбе, бір-бір шақпақ тәттілерін алып тарқасты. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.