16 Сәуір, 2014

Есімов «екі қолға бір күрек алды». Сенбілік сосын қызып жүре берді

380 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

16-14-Есімов «екі қолға бір күрек алды»

Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің бастамасымен, елімізге танымал өнер және спорт қайраткерлерінің қатысуымен аталмыш шаһардың 130 мыңнан астам тұрғыны сенбілікке шықты. Бұлардың арасында КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Әлібек Дінішев, белгілі кинорежиссер Ермек Тұрсынов, грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров сынды танымал азаматтар болды. Бұл туралы «Экспресс К» хабарлады. Сенбілік жұмыстары Абай және Жароков көшелері қиылысындағы метро стансасының маңынан ағаш отырғызудан басталды. Содан кейін сенбілікке қатысушылар Алматы қаласының барлық көшелері мен үй аулаларын тазалау ісіне кірісіп кетті. Сенбілікте студенттер мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері белсенділік көрсетті. Ахметжан Есімов шараға қатысушылар алдында: «Алматыда бұрын-соңды дәл осындай ауқымда сенбілік өтпеген. Бұдан біз қала тұрғындарының қоршаған ортаға жанашырлықпен қарайтындарын ұғамыз. Біз қаламызды жасыл желекті ету үшін көп жұмыс атқарамыз», – деді. Елімізді көгалдандыруға байланысты қабылданған бағдарлама аясында Алматы мен оның айналасындағы ағаштар 100 мыңға артқан. Биыл Алматы қаласын зақымданған және «жасы келген» ағаштардан толық тазарту ісі аяқталмақ. Жолдыбай Базар. Дереккөз: «Экспресс К». Фото: kapshagai.kz.