16 Сәуір, 2014

АҚШ-та мұсылмандарды бақылау тоқтатылады

314 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

16 04 - Amerika musilmandar

Нью-Йорктағы полиция басқармасы елдегі мұсылман қауымын аңдумен айналысқан арнайы бөлімшесін тарату жөнінде шешім қабылдады. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады. 2011 жылдың жазында Associated Press агенттігі жүргізген журналистік зерттеу нәтижесінде Нью-Йорк полициясының 2003 жылдан бері мұсылмандарды бақылау мақсатында кең көлемде жұмыс атқарып келгені белгілі болды. Орталық барлау қызметінің көмегімен олар елдегі мұсылмандардың күнделікті тіршілігін түгел бақылап отыратын бағдарлама жасап шыққан екен. Тәртіп сақшылары мұсылмандардың қай жерде тамақтанатындары, баратын дүкендері, қайда жұмыс істеп, қайда құлшылық ететіндері жөнінде деректер жинаған. Нью-Йорк полициясының бұл әрекеттері көптеген құқық қорғау құрылымдары тарапынан үлкен сынға ұшырады. Сол кезде бұрынғы мэр Майкл Блумберг басқарған қала билігі мұсылмандарды аңду әрекеті жүріп жатқанын мойындап, алайда, бұл істің заңға қайшы келмейтінін алға тартқан болатын. Сондай-ақ олар мұсылмандарды аңду арқылы ел аумағында бірнеше терактінің алдын алуға мүмкіндік туғанын жеткізді. Нью-Йорк қаласының қазіргі мэрі Билл де Блазио сайлау алдындағы науқанда аталмыш бағдарламаны тоқтатуға сөз берген-тін. Айдар Өрісбаев. Дереккөз: Itar-tass.com. Фото: AP Photo.