Үкімет • 17 Мамыр, 2022

Өңірдің жолы – әкім жұмысының айнасы

453 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Жол – экономиканың күретамыры. Ел Президентінің бұл салаға ерекше назар аударатыны да сондықтан. Үкіметтің осы аптадағы отырысында автожол саласын дамыту мәселелері қаралды. Өңірдің жолы әкім жұмысының айнасы екенін еске салған Премьер-Министр жергілікті жердегі жолдардың нашарлығын сынға алды.

Өңірдің жолы – әкім жұмысының айнасы

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Ақылы жолдарға қатысты шағым көп

Еліміздегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 96 мың шақырымды құрайды. Оның 25 мың шақырымы – рес­пуб­ликалық жолдар, қалған 71 мың шақы­рымы – облыстық және аудандық ма­ңызы бар жолдар. 2025 жылға дейін рес­публикалық маңызы бар жолдардың нор­­­мативтік жағдайдағы үлесін 100 па­йыз­ға, жергілікті желі жолдарының үле­сін 95 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, көлік-транзиттік әлеуетті арттыру 8 көлік дәлізін жаңғырту арқылы қамтамасыз етіледі. Бүгінде дәліздердің барлығы толық қуатта жұмыс істеп тұр. Жекелеген учаскелер бойынша өткізу қабілетін арттыру үшін реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Бірінші дәліз – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай». Ұзындығы – 2 747 шақырым. Қытайдан Қазақстан, Ресей арқылы және одан әрі Еуропаға, сондай-ақ Орталық Азия елдеріне, атап айтқанда, Өзбекстанға, Қырғызстанға және кері қарай транзиттік ағынды қамтамасыз ететін дәлізге 2009-2017 жылдары то­лық реконструкция жүргізілді. Көлік ағы­ны­ның ұлғаюына байланысты 2023-2030 жылдар аралығында Қызылорда қала­сынан Ресей Федерациясы шекарасына (Мәр­төк елді мекені) дейінгі ұзындығы 1 363 шақырым болатын учаскені кезең-кезе­ңі­мен бірінші техникалық санатқа ауыс­тыру жоспарланып отыр, – деді министр.

Екінші дәліз Алматы – Қарағанды – Нұр-Сұлтан – Петропавл – Ресей Феде­ра­циясы шекарасына дейінгі (Қорған) аралықты қамтиды. Ұзындығы – 1 868 шақырым. Дәліз Қазақстан, Ресей арқы­лы Орталық Азия елдерімен, одан әрі Еуропамен транзиттік ағынды қамтамасыз етеді. Бұл ретте, транзиттің бір бөлігі Қытай тарапынан келеді. 2017 жылы ұзындығы 863 шақырымды құрайтын «Қарағанды – Нұр-Сұлтан – Петропавл» учаскесін реконструкциялау аяқталды. Ұзындығы 60 шақырым болатын «Петропавл – Ресей Федерациясы шекарасы (Қорған)» учаскесіндегі жұмыстарды аяқтау 2023 жылға жоспарланған. 2023 жылы «Алматы – Қарағанды» учаскесін бірінші техникалық санатқа ауыстыра отырып, реконструкциялау тәмамдалмақ.

– Үшінші дәліз – «Нұр-Сұлтан – Қостанай – Ресей Федерациясы шекарасы (Челябі)». Ұзындығы – 860 шақырым. Аталған дәліз Орталық Азия елдерінен Қазақстан, Ресей арқылы және одан әрі Еуропаға транзиттік ағынды қамтамасыз етеді. Учаске 2013 жылы реконструкция­ланды. Алайда қозғалыс қарқынының артуына байланысты 2030 жылға дейін учаскені бірінші техникалық санатқа
ауыстыру жоспарлануда.

Төртінші дәліз – «Қытай Халық Республикасы шекарасы – Майқапшағай – Қалбатау – Семей – Павлодар – Ресей Феде­рациясы шекарасы (Омбы)». Ұзындығы
1 116 шақырымға тең. Ол шығыс өңірінің негізгі бағыттарының бірі. Транзит Қытай­дан Қазақстан, Ресей аумағы арқылы өтіп, Еуропаға жалғасады. Ұзындығы 701 шақырым «Қалбатау – Павлодар – Ресей Федера­циясының шекарасы (Омбы)» учаскесін реконс­трук­циялау 2016 жылы аяқталды. Қазіргі уақытта «Қытай Халық Республи­касы шекарасы – Майқапшағай – Қал­батау» учаскесін реконструкциялау жүр­гізіліп жатыр. Жұмыстар 2023 жылы аяқталады, – деді Қ.Өскенбаев.

Бесінші дәліз – ұзындығы 1 026 ша­қы­рымды құрайтын «Алматы – Тал­ды­қорған – Өскемен – Шемонаиха – Ресей Феде­рациясының шекарасы (Барнаул)». Бұл Орталық Азия мен Қытайдан Қазақстан арқылы Ресейдің шығыс өңірлеріне және Қиыр Шығысқа транзитті қамтамасыз етеді. Зор сұранысқа ие бағыттың бірі. Бүгінгі таңда «Талдықорған – Өскемен» автожолын реконструкциялау іске асырылуда. Жұмыстар 2023 жылы толық аяқталмақ. Ұзындығы 258 шақырым болатын «Өскемен – Шемонаиха – Ресей Федерациясы шекарасы (Барнаул)» учаскесін 2024-2026 жылдары реконструкциялау көзделіп отыр.

– Алтыншы дәліз – «Ақтөбе – Қан­дыағаш – Мақат – Атырау – Ресей Федера­циясы шекарасы (Астрахань)». Ұзындығы – 893 шақырым. Батыс өңірі үшін аталған дәліз Өзбекстан мен Түрікменстан елдерінің Қазақстан аума­ғына және Ресей арқы­лы Еуропаға транзитін қамтамасыз етеді. «Ақтөбе – Қандыағаш» және «Аты­рау – Астрахань» учаскелерінде қайта жа­ңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл қозғалысты ашу, келер жылы жұмыстарды толық аяқтау жоспарлануда. Осы жылы «Қандыағаш – Мақат – Атырау» учаскесін реконструкциялау аяқталады.

Жетінші дәліз – «Атырау – Орал – Саратов». Ұзындығы – 587 шақырым. «Орал – Саратов» учаскесі (100 шақырым) 2018 жылы реконструкцияланды. Ұзындығы 487 шақырым болатын «Атырау – Орал» учаскесін төрт жолақты қозғалысы бар бірінші санатқа ауыстыру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Құрылыс-монтаж жұмыстары биыл басталады, – деді министр.

Сегізінші дәліз – ТРАСЕКА. Бүгінгі таңда Ресейдегі геосаяси жағдайға байланысты ұзындығы 4 016 шақырым болатын бұл дәліз үлкен сұранысқа ие. Дәліз бағыты «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің негізгі бөлігі арқылы өтеді және одан әрі Ақтөбе мен Доссор арқылы Қазақстанның теңіз порттарына шығады. Сондай-ақ Ақтау және Құрық теңіз порты арқылы Қытайдан және Орталық Азия елдерінен Кавказға, одан әрі Еуропаға транзитті қамтамасыз етеді.

– Осы жылы құрылыс және реконс­трук­циялау бойынша ұзындығы 4 300 шақырым болатын 18 жоба іске асыры­луда. Оның 15-і өтпелі және 3-і жаңа жоба. Жылдың соңына қарай жол жұмыс­тарының 1 600 шақырымын аяқтау жос­парлануда. 1 400 шақырымда қозғалысты ашу көзделген. Президент тапсырмасына сәйкес биыл «Бейнеу – Шалқар – Ырғыз» автожолының құрылысына техникалық экономикалық негіздеме әзірлеу басталады. «Жезқазған – Қарағанды» және «Семей – Өскемен» жобалары бойынша қаржыландыру көздерінің түрлі нұсқасы қарастырылуда, – деді Қ.Өскенбаев.

Министр жыл соңына дейін респуб­ликалық желі жолдарының нормативтік жағдайдағы үлесі 91 пайызға дейін, ал жергілікті желі жолдарының үлесі 85 па­йызға дейін жеткізіледі деп уәде берді. Со­нымен қатар ақылы учаскелердің ұзын­дығы 4 700 шақырымды құрамақ.

Қайырбек Өскенбаевтың баяндамасынан кейін Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов өздері басқарып отырған өңірлердегі жолдың жағдайы туралы есеп берді.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов еліміздің жол көлік қатынасын дамы­ту үшін соңғы жылдары ауқымды жұмыс жүргізілгенін атап өтті. Дегенмен Үкі­мет басшысы ақылы жүйеге ауысып жатқан жолдардың жағдайына қатысты халықтың шағымы барын еске салды. Осыған орай «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына жолдарды күтіп-ұстау сапасы мен қауіп­сіздігі бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.

Үкімет басшысы қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бірқатар мәселе бар екенін атап өтті. Оның ең негізгісі – жолдардың, әсіресе жергілікті жердегі жолдардың нашарлығы. Дүниежүзілік экономикалық форумның деректеріне сәйкес Қазақстан жол сапасы жағынан әлемде 93-орында тұр.

– Мемлекет басшысы жолдардың жағдайы нашар екенін бірнеше рет айтты. Әрбір әкім өңірдегі жолдардың жай-күйіне тікелей жауапты екенін атап өткім келеді, – деді Ә.Смайылов.

Мал шаруашылығы – азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі

Үкімет отырысында мал шаруа­шы­лы­ғын дамыту мәселесі де талқыланды. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, мал шаруа­шылығының үлесіне ауыл шаруашы­лы­ғындағы жалпы өнімнің 42,1 пайызы тиесілі. Ал экспортта мал шаруашылығы өнімінің үлесі 4 пайызға тең.

– Мал шаруашылығы – жалпы ауыл шаруашылығының тұрақты дамып келе жатқан саласы. Бұған мал мен құс са­ны­ның тұрақты өсу қарқыны, олар­дың сапалық көрсеткіштерінің жақсаруы, жа­нуарлардың өнімділігінің артуы, сондай-ақ мал шаруашылығы өнімдері­нің өндіріс көлемінің ұлғаюы дәлел. Мұ­ның бәріне көлемі жылдан-жылға тұрақ­ты қарқынмен артып келе жатқан мем­лекеттік қолдау ша­ра­лары арқылы қол жеткізілді. Түп­теп келгенде осының бәрі саланың инвес­ти­ция­лық тартымдылығын арттырды, – деді ол.

Мәселен, былтыр ғана мал шаруа­шы­лығында жалпы сомасы 70 млрд теңгеге жуық 53 инвестициялық жоба іске асырылды. Сүтті мал шаруашылығында импортты алмастыру міндетіне сәйкес 2021 жылы қуаты 57 мың тонна болатын 35 тауарлы сүт фермасы іске қосылды. Биыл жалпы сомасы 100 млрд теңгеден асатын 62 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. 2,8 мың жұмыс орны құрылмақ.

Соңғы жылдары мал шаруа­шы­лы­ғының генетикалық әлеуеті айтарлықтай өсті. Мемлекеттік қолдау шараларын күшей­ту есебінен асыл тұқымды малдың бар­лық түрі бойынша үлес салмағы артты. Мысалы, асыл тұқымды ірі қара мал­дың үлес салмағы ірі қара малдың жал­пы басына шаққанда 7 пайыздан 13 па­йызға дейін өсті. Сондай-ақ селек­ция­лық және асылдандыру жұмыс­тармен айналысатын фермерлік шаруашы­лықтардың саны 2021 жылы 6 мыңнан 30 мыңға дейін ұлғайды. Дегенмен мал шаруашылығының даму қарқыны еліміздің қолда бар әлеуетімен сәйкес келмейді. Мал шаруашылығы өнімдерінің бірқатар түрі бойынша им­портқа тәуелділік сақталып отыр. Әйтпесе, құс еті, ет және сүт өнімдерін терең өңдеудегі әлеуетіміз өңірлік қана емес, сондай-ақ әлемдік экспорттаушылардың ара­сынан табылуға мүмкіндік береді.

– Талдау нәтижесі көрсеткендей, мал шаруа­шылығын жедел дамыту мен оның өнімділігін арттырудың басты тежеуші факторы – жем-шөп базасының жет­кі­лік­сіздігі. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бүгінгі таңда ірі азықпен қамтамасыз ету 80 пайызды, шырынды азықпен 40 пайызды, құнарлы азықпен қамтамасыз ету 50 пайызды құрайды. Дегенмен мал шаруашылығын тұрақты дамыту үшін толық қамтамасыз етумен қатар, азықтың сақтандыру қоры да болуы тиіс. Сонымен қатар тиісті абаттандыру жұмыстарын жүргізбей, қарқынды пайдалану салдарынан жайылымдық алқаптар өнімділігінің нашарлауы байқалады, – деді министр.

Бұл ретте мал азығы базасына қа­тысты проблеманы шешу үшін министр­ліктің былтыр Жем-шөп өндірісі саласын дамытудың 2022-2025 жылдарға арнал­ған жол картасын әзірлегенін атап өткен жөн. Алайда жергілікті жерлерде онда көрсетілген іс-шараларды жүзеге асыру сылбыр жүріп жатыр. Мал шаруа­шылығын жем-шөп базасын есепке алмай дамыту процесі жалғасуда.

– Саладағы қазіргі проблемалар шаруа­шылықтарға мал бордақылау алаңдары мен ет өңдеу кәсіпорындарына ет контингентін жеткізу міндеттемелері мен мотивацияның болмауы, субси­диялаудың жоғары сыбайлас жемқорлық сипатына ие селекциялық-асылдандыру жұмысына шамадан тыс шоғырлануы, мал бордақылау алаңдары мен ет өңдеу кәсіпорындарының жартылай жүктелуіне алып келді. Салдарынан жоға­ры технологиялық өнеркәсіптік борда­қылау мен мал союдың орнына қосымша құн мен мал шаруашылығынан түсетін салық түсімдерінің тиісті шығын­дарымен, жергілікті жерлердегі эпизо­отиялық ахуал­дың нашарлауымен аула­лық борда­қылау мен мал сою дами бастады. Тағы бір мәселе – мамандардың тап­шы­лығы. Қазіргі уақытта жергілікті жерлерде ветеринарлардан басқа, зоотехник-технологтар мен зоотехник-селекционерлердің жетіспеушілігі байқалады. Әсіресе өнді­рістік құс шаруашылығында кадрлық қамтамасыз ету бойынша күрделі жағдай байқалады. Жас мамандарды жергілікті жерлерде қалдыру мәселесі өзекті, – деді Е.Қарашөкеев.

Министр мал шаруашылығын дамы­тудың тұрақтылығы мен орнықтылығын арт­тыру үшін бірқатар шара қабыл­дан­ғанын атап өтті.

– Біріншіден, жем-шөп өндірісін дамыту жөніндегі жол картасында көз­делген барлық іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету керек. Екіншіден, бақылаушы органдардың ұсынымдарына сәйкес субсидиялаудың қазіргі көп­теген бағыты жүйелендіріледі және оңтай­­лан­­дырылады. Бұл ретте ғылыми негіз­делген нормаларды ескере отырып, субсидиялау нормативтері қайта қаралады. Үшіншіден, мал шаруашылығын білікті мамандармен, ең алдымен ветеринарлармен және зоотехниктермен кадрлық қамтамасыз етуге назар аудару қажет. Төртіншіден, ветеринария жүйесін реформалау есебінен мал шаруашылығына ветеринарлық қызмет көрсету сапасын арттыру маңызды, – деді ол.

 «Біздің алдымызда тұрған аса маңыз­ды міндет – осы өнім түрлерін шыға­руда отандық өндірушілердің үлесін 100 пайызға дейін арттыру. Әсіресе шикі­затты терең өңдеу жобаларын іске асыруға баса назар аударып, сыртқы нарық­тарға шығуды да ескеру қажет», деді Ә.Смайылов.

Премьер-Министр мал шаруа­шылығын тиімді дамыту үшін тиісті жем-шөп базасы қажет екенін атап өтті. Жыл сайын елімізде жем-шөп қажетті зоотехникалық нормадан екі есе аз дайындалады. Жем жетпеген соң, оның бағасы да қымбаттай береді. Осыған байланысты жем-шөп дақылдарының егіс алқаптарын көбейтіп, шалғайдағы жайылымдардың инфра­құры­лымын жаңғырту тапсырылды. Бұл жұмыстарды қаржыландыруға басымдық беру керектігін де ескертті.

Сонымен қатар елімізде мал шаруа­шылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар өндірістік қуатын толық пайдаланып отырған жоқ. Осыған орай ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді ұсақ өндірушілер мен қайта өңдеуші кәсіпорындарды байланыстыратын дайындаушы ұйымдар желісін құруға ынталандыру қажет.

Ғылыми тәсілдерді енгізу – мал шаруашылығы саласының тиімділігін арттырудың маңызды шарты. Осыған байланысты салаға инновацияларды енгізу жөніндегі жол картасын дайындау тапсырылды.

– Фермерлер мен инвесторлар заманауи технологиялар мен ғылыми жаңа­лықтарды енгізуге қаражат бөлуге мүдделі болуға тиіс. Жалпы, мал шаруа­шылығын дамыту мемлекеттік орган­дардың, фермерлердің, бизнестің, ғылым мен ветеринарияның ортақ позициясы мен бірлескен күш-жігері арқылы ғана нәтижелі болмақ, – деп түйіндеді сөзін Ә.Смайылов.