Науырзым ауданының тұрғындары Парламент Мәжілісінің депутаты Әлия Сапаровамен кездесті. Кездесу барысында халық қалаулысы алда күтіп тұрған конституциялық өзгерістердің мән-жайы туралы әңгімелеп, көпшілік тарапынан, қойылған бірқатар сауалға жауап берді.
Ең бастысы, халық алдағы науқанды қызу қолдап отыр. Мәжіліс депутаты осы аудандағы «Кенесары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне де ат басын бұрып, шаруалармен тілдесті. Шаруашылық жұмысшылары кәсіпкерлік саласындағы табыстарын алға тарта отырып, Мемлекет басшысының саяси бастамаларын бірауыздан қолдайтындарын айтты. Жиында Конституцияның 33 бабына енгізілетін түзетулер, Президент өкілеттігі мен Парламенттің ықпалына қатысты өзгерістер туралы жан-жақты әңгіме болды.
«Конституциялық реформаның нәтижесінде биліктің заң шығарушы тармағы айтарлықтай өзгереді. Соның нәтижесінде Парламенттің және оның палаталарының рөлі едәуір күшейіп, мәртебесі артады. Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасы Сенатқа беріледі. Оның саны 9-дан 5 депутатқа қысқарады. Соған сәйкес Мәжіліс депутаттарының жалпы саны 107-ден 98-ге азаяды. Президент жариялап отырған референдум төңірегінде конституцияға енгізілетін өзгерістер қызу талқыланатын болады. Бұған дейін де көптеген ауданды аралап, өздеріңіз сияқты ауыл тұрғындарымен, жалпы әр салада еңбектеніп жүрген мамандармен кездесу өткіздік. Конституциялық реформа бойынша Президенттің бірқатар өкілеттілігін Үкіметке, министрліктерге, жергілікті атқарушы органдарға беру, сондай-ақ облыс әкімдерінің тағайындалу мәселесі халық талқысына түсетін болады. Сондықтан 5 маусым күні әр қазақстандық өзінің жеке азаматтық борышын орындауға тиіс», деді Әлия Сапарова.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстанды құрудағы жаңаша реформаларды жария етуі дер кезінде жасалған, үлкен саяси маңызы бар қадам.
«Президент ұсынған саяси реформалар мемлекеттік құрылысты нығайтудың жаңа тарихи кезеңі, ал бүгінгі жарияланған конституциялық реформаға байланысты референдум туралы шешім Президент Жолдауының жүйелі жүзеге асырылып жатқанының айғағы деуге болады. Ал үлкен жеңістерге тек бірлік арқылы ғана жетуге болатыны айтпаса да түсінікті», дейді тұрғындар.
Мәжіліс депутаттары өткен аптадан бастап ауылдарды аралап, халықпен кездесіп алдағы саяси науқанның мәні мен маңызын түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Халықтың алдағы маңызды науқанға бейжай қарамайтыны анық. Мәселен, науырзымдықтар кездесу барысында әр нормаға тоқталып, референдумның қалай өтетінін, бюллетень арқылы қалай дауыс беруге болатынын сұрап жатты.
Әлия Сапарованың айтуынша, Мәжіліс депутаттарының өңірдегі жұмыс сапары өткен жетіден бастап осы аптаның соңына дейін жалғасады. «Облыс орталығынан шалғай жатқан елді мекендерде болып қайттым. Алдағы уақытта ауыл халқының барлығымен кездесуді жоспарлап отырмын», деді Мәжіліс депутаты.
Қостанай облысы