Референдум-2022 • 17 Мамыр, 2022

Елді жаңарту мен жаңғырту кепілі

52 рет көрсетілді

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жаңа саяси бағыты оның Сайлауалды бағдарламасы мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында орын алды. Ал егер тереңірек үңілер болсақ, онда ол бірінші Жолдауында-ақ заманауи тиімді мемлекет қалыптастыру шеңберінде саяси өзгерістер жүргізуге басымдық бергені белгілі. Президенттің бұл бастамасы Қазақстанда көптеген күрделі және өзекті мәселеге қозғау салуға мүмкіндік жасады. Жаңа саяси бағыттың тұжырымдамалық қырлары, сонымен қатар Президенттің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мен Реформалар жөніндегі жоғары кеңесінің отырыстарындағы сөйлеген сөздерінде, сондай-ақ «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында көрініс тапты.

Мұндағы негізгі мақсат – мемлекет­тік институттардың рөлін нығайту, азамат­тардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау еді. Өйткені өркендеудің бірден-бір жолы саяси жүйені тек қана жаңғырту тұрғысында емес, демократия негізін­де транс­формациялау екендігі түсінікті бола бастады. Президент тұрақты даму қағи­даттарын енгізбейінше, елдің, тіп­тен жалпы адамзаттың, табысты алға басуының мүмкін еместігін түсін­ді. Оның объективті себептерінің қатары­на Тәуелсіздіктің отыз жылында мем­лекет­тің негізі жалпы қалануын, бізді қор­­шаған әлемнің ғаламдану заманында жедел өзгеріп, көптеген геосаяси және гео­эко­номикалық қауіп-қатердің пай­да болуын және қазақстандық қоғам­дағы осы үдерістердің ұрпақ алмасу кезеңіне дәл келгендігін жатқызуға болар еді. Сондықтан бейбітшілік, игі­лік, өркендеу, əділдік жəне баршаға ор­тақ тең мүмкіндіктер сияқты бізді бірік­тіретін ортақ құндылықтарға ерекше көңіл бөлінді. Бұл – мемлекетіміздің əлеуе­тін, оның тəуелсіздігі мен ұлттық қауіпс­із­дігін нығайтудың бірден-бір жолы болатын.

Президент Қ.Тоқаев Қазақстан хал­қына арнаған бірінші Жолдауында зама­науи тиімді мемлекет қалыптастыру шең­берінде саяси өзгерістер жүргізуге басым­дық берді. Бұл саяси бағыттың негізгі қағидаттары ретінде сабақтастық, бірізділік, əділдік жəне өрлеудің алынуы да заңдылық. Реформаларды жүйелі түрде, популизмге ұрынбай, терең жəне жан-жақты ойластыра отырып жүргізуге де ерекше көңіл бөлінуде. Жаңа саяси бағыттың іске асырылу процесінің үздік­сіздігі қамтамасыз етіліп отыр. Саяси реформалар пакеттеріне енген тап­сыр­малар іс жүзінде орындалып жатыр. Яғни Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев сайлауалды уəделері мен айтқан сөздерін екі еткен жоқ. Бұл саяси саладағы рефор­малардың бастауы болып, бүгінгі таңда қазақстандық саяси жүйені қайта құру үрдісі өз жалғасын тауып келеді. Өйткені Президенттің айтқандарының барлығы заң жүзінде  нақтылана түсті. Мәселен, алғашында қабылданған 10 заңның ішінде конституциялық заңдар да бар.

Ақырында бұл үдеріс кең көлемді, кешенді және жүйелі саяси реформаларға ұласты. Президент Қ.Тоқаев жаңа мемле­кеттік модельді қалыптастырудың жүйе­лі іске асырылуы мен тиімді мемлекет құруға көп көңіл аудара бастады. Мұн­дағы басты мəселелердің бірі азаматтар мен қазақстандық азаматтық қоғам инс­ти­тут­тарын реформалау жəне оларды мем­ле­кетті басқару процесіне тарту болды. Он­дағы мақсат, біріншіден, мемлекет пен оның органдарының жұмысының тиім­ділігін көтеру болса, екіншіден, халық­тың тұрмыс деңгейін жақсарту. Сол сияқ­ты бұл жерде жергілікті өзін-өзі бас­қа­ру мен оның жергілікті мемлекеттік бас­қару жүйесімен аражігін шектеу де ескерілді.

Қазақстанда саяси реформалар құр сөз жүзінде емес, нақты іске асырылып жатқандығы ешбір күмән келтіруге келмейтін шындыққа айналып келеді. Ең бастысы – бұл көзқарастар мен идеялар құр айтылған күйінде қалып қоймай, заң жүзінде орындалатын ұстанымдар мен нақты мемлекеттік саясатқа айнала бас­тады. Оның нақты көрінісі Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл­ғы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаң­ғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жол­дауы. Ұсынылып отырған нақты саяси реформалардың кешені тәуелсіз Қазақ­станның демократиялы, ашық және теңгер­мелі саяси жүйесін қалыптастырып және оны түбегейлі орнықтырудың негізі болмақ.

Мемлекет басшысының осындай батыл қадамдары еліміздегі қоғамдық-саяси қатынастарды азаматтардың ұстаным­дары мен құндылықтарын өзгерту не­гізінде оны жаңаша қалыптастыруға бағыт­талған. Мұнда мемлекеттік билік­тің барлық институттарын реформалау негізінде бүкіл мемлекеттің жұмыс істеуінің тиімділігін көтеруді мақсат етеді. Ендеше аталған саяси реформаларды жүйелі түрде, популизмге ұрынбай, терең жəне жан-жақты ойластыра отырып жүргізуге де ерекше мән беру керек. Өйткені бұл үдеріс жүйелі түрде іске асырылып, Конституция баптарының шамамен үштен бірінен астамын қамтитын болады. Бұрын-соңды болмаған мұндай күрделі де кешенді өзгерістерді батыл әрі жаңашыл қадамдардың қатарына жатқызған жөн. Сондықтан Қазақстанның конституциялық құрылымын жүйелі трансформациялаудың рөлі мен маңызы зор екеніне күмән келтірудің қисыны жоқ. Бұл жерде оның жауапкершілігінің салмағын да естен шығармаған абзал. Аталған үдеріс барысында Президент, Парламент, орталық және жергілікті билік уәкілеттіктерін қайта бөлісу арқылы Парламент палаталарының рөлі мен мәртебесін күшейту мәселелері шешілуі қажет. Жалпы алғанда, президенттік өкі­леттікті шектеу Парламент пен жер­гілікті өзін-өзі басқаруды нығайту мақсатын­да жасалып отырғанын ескерген жөн. Сонымен қатар сайлау жүйесін аралас пропорционалды-мажоритарлық модельге көшіру негізінде жетілдіру, партиялық жүйені дамыту, Мəжіліс депутаттарын бір мандатты округ жүйесі бойынша сайлау, депутат мандатын қайтарып алу, облыс əкімдерін баламалы негізде мəс­лихат депутаттарының келісімімен таға­йын­дау тетіктері енгізілмек. Халықтың мемле­кет­ті басқару әлеуетін кеңейту проб­лемалары шешілмек. Ал азамат­тар­­дың конс­титуциялық құқықтарын қор­ғау мәсе­лесі Конституциялық сот құру, Адам құқықтары жөніндегі уəкілге конституциялық кепілдіктер мен иммунитет беру, өлім жазасына конституциялық деңгейде тыйым салу арқылы өз шешімін табатын болады. Қоғамды дəйекті түрде демократияландыру бағытында іске асырылып жатқан осы іс-шаралар мем­лекеттің орнықты əрі басқаруға икемді болуын қамтамасыз етері анық.

Президенттің жаңа саяси реформалар жөніндегі бағдарламасының тұжырымдамалық негіздеріне суперпре­зиденттік басқару формасынан Парла­менті мықты президенттік республика тәсіліне түбегейлі өту, «Мықты Прези­дент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын іс жүзін­де орындау жатады. Олар жүйелі әрі кешен­ді түрде іске асырылып, негізгі сая­си инс­­титуттардың барлығын қамтып, бар­­лық деңгейдегі билік өкілдеріне де, қо­ғам­ға да жаңа рухани және моральдық-эти­калық ұстанымдар ұсынуы қажет. Саяси реформалардың маңызды тұстары­на жер мен оның табиғи ресурстары ха­лық­қа тиесілі деген ұстанымның үстем­дікке ие болуын, президенттің туыстарына басшылық қызметте болуларына тыйымның салынуын, президенттің пар­тиясыз мәртебесін жатқызу керек. Соны­мен қатар оның ерекшеліктері мен бағыттары ретінде президенттік өкілет­тікке шамадан тыс үстемдік беруден бас тартуды, мәслихаттардың рөлін күшей­туді, саяси партияларды тіркеу процедурасын жеңілдету мен сайлау процесін жаңғыртуды, сот және құқық қорғау жүйесін жетілдіруді, азаматтардың не­гізгі құқықтарын қорғауды, азаматтық қоғам институттарының және БАҚ-тың рөлін күшейтуді, жергілікті атқару­шы және өкілетті билік органдары­ның жұмысын реттеуді атап өткен жөн. Демек бұл саяси реформалар ауқымды демо­кратиялық үрдіске айнала бастады дегенді аңғартса керек.

Осыншама ауыр жүк пен жауап­кер­шілікті мойнына ала отырып, Конс­титуциялық реформалардың тəуелсіз Қазақстан тарихындағы жаңа тарауды ашатындығын ескере келе, Мемле­кет басшысы Қ.Тоқаев осы саяси өзгеріс­терге деген халықтың пікірінің маңыз­дылығына үлкен мән беріп отыр. Консти­туциялық Кеңес Президенттің ұсы­нып отырған «Қазақстан Республи­касының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын Конституцияда белгіленген талаптарға сəйкес деп тапты. Сондықтан өт­кізілгелі отырған референдумда аза­мат­тардың белсенділік көрсетіп, оған шы­ғарылып отырған өзекті мәселелер­ді жан-жақты талқыға салып, әрбір азамат реформаға деген өз пікірін қалып­тастырып, дауыс берген кезде саналы және жауапты шешім қабылдаса, сонда одан қазақстандық қоғам тек қана ұтқан болар еді. Нәтижесінде, азаматтардың Қазақстанның тағдырын айқындауға тікелей араласуы қоғамда әлеуметтік серпіліс тудыратыны сөзсіз. Ендеше халықтың өзінің кесімді сөзін айтар кезі келді. Өйткені бұл жаңа саяси өзгерістерді реформа арқылы қабылдау, ол біз қатысып, дауыс беріп жүрген әдеттегі сайлау емес екенін түсінген жөн. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның жаңа даму бағытын айқындау, елдің бола­шағын жарқын етуді көздейтін кешенді және батыл қадам.

Сонымен саяси реформалар қазірдің өзінде нақты және түсінікті қадамдар жасауға мүмкіндік беріп, мына аумалы-төкпелі заманда әлеуметтік шиеленісті бәсеңдетуге және жаңа саяси үлгіге көшу­ге жол ашары ақиқат. Демек елі­міздің дамуындағы жаңа белес болып отырған ауқымды және іргелі Конс­титуциялық реформа барысында билік тармақтарының өзара теңгерімділігі қағидаты негізінде суперпрезиденттік кезеңінде орын алған олқылықтар жойы­лып, мемлекет пен қоғам арасындағы тиімді диалог орнығатыны анық.

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

қоғам қайраткері

Соңғы жаңалықтар

ТүркПА-ның атауы өзгереді

Парламент • Кеше

Алматы жолдарын су басты

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар