Бірде жеке шаруамен банкке бардым. Шеттегі маманның алды бос екен, соған отырдым. Қазақтың қызы. Алдымен ізет білдіріп, амандастым. Ләм жоқ. Келген шаруамды айттым. Тас мүсін секілді сазарған қалпы бетіме бедірейіп бір қарады. Әкелген құжаттарымды көрсеттім. Оны қолымен жұлқып-жұлқып «анау қайда, мынау дұрыс емес», деп дүңк-дүңк етеді. Түсінбегенімді айтып едім, ол «менің шаруам емес», дегендей кейіп танытты. Қысқасы, құдды өзімді банкте емес, сот алдында отырғандай сезіндім. Ақыры басқа менеджерге барып, жұмысымды әп-сәтте тындырдым. Жалпы, осындай жағдайлар біздің қоғамда жиі байқалады. Кейде бір анықтама алу үшін екі-үш күн сабылып жүресіз. Бар уақытыңыз кетеді. Жұмысты жеңілдетудің орнына қиындатады. Бір сөзбен айтқанда, бюрократизм басым. Бүгін ол қағазбастылық сипатқа ауысқан.
Ауылда жеке шаруашылықпен айналысатын досым тұрады. Сол қолындағы малын асылдандыруға жеңілдетілген несие алмақ болып, аудан әкімдігіне құжатын өткізеді. Меншікте жері, техникасы бар, қысқасы, барлық шарты келіп тұр. Бірақ ойлаған ісі алға жүрмеді. Анда-мұнда сабылтқан бюрократ қызметкерлерден көңілі қалды. Өйткені аудандағылар оны облысқа жіберсе, облыстағылар оны қайтадан бір анықтама үшін ауданға сілтеп, екі арада сенделтіп қойған. Ақыры амалы құрыған досым «несиесі құрысын» деп қолын бір сілтеді. Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Жақында жерлес ағамыз «АҚШ-тан балам келді», деп үйіне дәмге шақырды. Інім бұрынғы бұйығылықтан арылған. Есейген. Орта көрген. Таным-түсінігі де басқаша. Көп нәрсеге өз көзқарасымен қарайды. Ағылшын тілін үйренемін деп, мұхит асып кеткен еді, сол тілге де төселіп алған. Сонда оқып жүріп, ата-анасына да салмақ түсірмей, жұмыс істеген. «Аға, ол елде бәрі адамның игілігі үшін жасалған. Бастысы, адал, өз ісіңізді білсеңіз, далада қалмайсыз. Мен сонда алғаш барғанда көптеген қайырымды жандардың қамқорлығын көрдім. Олар біздегідей емес, еңбегіңізді бағалайды. Аяқтан шалатын кедергі жоқ. Кез келген шаруаңыз қолма-қол бітеді. Биыл тағы барып жұмыс істеймін», дейді ол әңгіме арасында. Оны тыңдап өзім таңғалдым. Бір сәт «біз қашан сондай болады екенбіз?», деген қиялға берілдім. Қазір білімді жастар шетелге кетіп жатыр дейді. Алайда оның түрлі себебі де бар, соның бірі – осы бюрократизм деп ойлаймын.