Қостанайда өзгенің баласын күтіміне алып, осы қызметінің ақысына күн көріп жүрген 35 жастағы әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалды. 1979 жылы туған күтуші әйел өзінің қарауындағы сәбиге жәбір көрсеткен деп айыпталуда. Бұл туралы Nur.kz порталы хабарлады.
Қостанай қалалық емханасына ауыр жағдайда жеткізілген сәбидің сау-тамтығы қалмапты. Дәрігерлер баланың дистрофияның ауыр түріне ұшырағанын, яғни, ағзаға азық сіңбеуінен салмағының кеміп, денсаулығының күр төмендеп кеткенін айтып отыр. Бір бұл ғана емес, сәби өзін айналдырған бірнеше дерттің қыспағында қалған. Дәлірегін айтсақ, оның тәнін
пневмония, гепатит, нефрит, отит, рахит секілді ауру түрлері әбден меңдеп алыпты. Сонымен қатар, орталық нерв жүйесі де бұзылған.
Қалыптасқан жағдайдың түп-төркінін тексеру барысында анықталғандай, баласын бағуға күтуші жалдаған әйел де «сау сиырдың тезегі» болмай шықты. Баланың шешесі еш жерде жұмыс істемейтін, арақ-шараптан аузы босамайтын, тәнін саудаға салып, нәпақа айырған жеңіл жүрісті әйел екен. «Бала қалайша осынша жантүршігерлік жағдайға тап болған?» деген сұраққа шешесымақ: «Мен оны күтуші әйелге тапсырғанмын» деп ақталыпты.
Ал күтуші әйел де өз уәжін айтқан. Ол баланы қарауына алған кезде жағдайы дәл осындай төмен болғанын, оның үстіне күтіп-баққаны үшін шешесі ешқандай ақы төлемегенін алға тартыпты.
Күтуші әйелдің «түп-тамырын» тексергенде оның ақталып, абырой табатындай жөні жоқ екені белгілі болды. Ол бала күтімі қызметіне байланысты бірнеше рет жауапқа тартылыпты. Сонымен қатар, 2013 жылы бір сәби осы әйелдің қолынан шетінепті.
Қазір жоғарыда айтылып өткен іске қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: Nur.kz.
Фото: Bigmir.net.