Зарқын Тайшыбай 20 жылдан артық СҚУ-да журналистиканы оқып-үйрету, өлкені зерттеу, тарихты таразылау, ұлы тұлғаларымыздың өмірі мен ісін зерделеу саласында жемісті еңбек етіп келеді. Оған дейін ол Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-де ұстаздық еткен. Алға қойған бағыты бойынша 200-ден артық ғылыми мақала, 12 оқу құралын, 11 монография жариялаған адам. Оның зерттеулері қазақ халқының тарихы мен әдебиетінде өзінің өшпес іздерін қалдырған даңқты ұлдарының ұлағатты іс-әрекеттерін жарыққа шығарып, оларды ғылыми айналысқа енгізіп, жалпы көпшілікке, соның ішінде жастар мен студенттерге танытуға бағытталған. Осы жұмыстарды жүзеге асырып, ұзақ жылдар бойы архивтердің шаңын жұтқан ол өзінің табандылығы мен көрегендік интуициясының арқасында ғылым үшін тамаша жетістіктерге қол жеткізді. Еңбектері абайтану саласын, Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығын, қазақ журналистикасының ХХ ғасырдың басындағы тарихын, Абылай ханның өмірі мен іс-әрекеті бойынша зерттеулерді толықтырды.
«Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, шәкірт тәрбиелеу саласында да ұланғайыр еңбектер атқарып келеді. Оның жанкешті белсенділігінің арқасында Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-де және М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да журналистика факультеттері ашылды. Қазір оның түлектері еліміздің түкпір-түкпірінде қоғамдық пікірді қалыптастыру, халыққа шыншыл ақпараттар беру, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау саласы бойынша жемісті еңбек етіп жүр. Журналистер даярлаудағы қалыптастырған мектебі бүгінгі күні мәуелі баққа айналып, талай мықты журналистер «Зарқынның шекпенінен шыққанбыз» деп оны орынды мақтан етеді.
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың қабырғасында ашылған этно-мәдени зерттеулер орталығының жұмысын да оның есімінсіз көзге елестету қиын. Осы орталықта ол ХVІІІ-ХХ ғасырлардағы өлкеміздің шежіресі бойынша тарихи, этнографиялық, антропологиялық, ономастикалық кешенді зерттеулер жүргізіп келеді. Осы зерттеулер бойынша бірнеше кітап жарыққа шықты. Бұлар өлкеміздің кешенді тарихын білуде ізденушілерге, студент-жастарға таптырмайтын деректер. Сөйтіп ол Қазақстан Республикасының гуманитарлық және қоғамдық ғылым саласында қажымай-талмай еңбектенгендігінің арқасында өшпес із қалдырып отыр.
Мерейжас иегерін облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан оның орынбасары Ғани Нығыметов құттықтап, «қай жағынан алғанда да Сіз М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың ғана емес өңіріміздің мақтанышына айналған жансыз. Ақын айтпақшы «Қызылжарды көргің келсе – міне, осы» деп Сізді алдымызға салсақ ешкімнен ұялмаймыз», деп оның арқасына шапан жапты. СҚУ ректоры Ерлан Шоланов Білім және ғылым министрлігі атынан «Ғылымды дамытуда сіңірген еңбегі үшін» медалін тақты. Қарағанды облысы делегациясын бастап келген Amanat партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бекзат Алтынбек облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің, Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайынның құттықтауларын жеткізіп, абзал ағаның астына ат мінгізді. Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев өзінің құттықтауын айтып, Зақаңа одақтың Алтын медалін табыс етті.
Құттықтаушылар арасында Солтүстік Қазақстан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов, Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов, Жазушылар одағының хатшысы Дәулеткерей Кәпұлы, Түркиядан Кастамону университетінің профессоры Орхон Сөйлемез, «Сарыарқа-ақпарат» медиахолдингінің директоры Қамбар Ахмет, ҚарМУ ректорының атынан Қойлыбай Асанов, «Қазақстан РТРК» АҚ Ақмола филиалының директоры Ерлан Атамбай және т.б. болды.
Түстен кейін өз жұмысын жалғастырған конференцияда Зарқын Тайшыбайдың журналистік, ғалымдық, ұстаздық, өлкетанушылық қырларын ашқан оннан артық танымды, тағылымды баяндамалар оқылды. Өзіне берілген сөзде Зеркең конференцияны ұйымдастырушыларға және келген қонақтарға алғысын айтты. Конференцияны жүргізген тарих ғылымдарының докторы Ақмарал Ыбыраева оқылған баяндамалар жеке жинақ болып шығатынын жеткізді.
Петропавл