Осыған байланысты Парламент Мәжілісінің депутаттары Дүйсенбай Тұрғанов, Сәлімжан Нақпаев пен Нұрлыбек Ожаев «Атырау жылу-электр орталығы» акционерлік қоғамының ұжымымен кездесті. Қай өңір болмасын, мұндай кәсіпорындар ерекшеленіп тұрады. Өйткені тұрғындарды жарық пен жылудан тарықтырмау үшін стратегиялық маңызы айрықша кәсіпорында маңдай терін төге еңбек етіп жүрген жұмысшылар референдум секілді маңызды іс-шараға қатысудан тыс қалмауы қажет. Сол себептен депутаттар ел Конституциясының 33 бабына енгізілгелі отырған өзгерістер мен толықтырулардың маңызын тарқата айтып, жұмысшылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде Жаңа Қазақстанды құру мақсатындағы саяси жаңғыру қадамдары басталды. Бұл – тәуелсіз Қазақстанды жаңа бағытта өркендетуге бастайтын үлкен өзгеріс. Сондықтан мемлекеттік билік тармақтарын бір қолға шоғырландырмай, оны әртараптандыру, суперпрезиденттік басқару жүйесінен алшақтап, парламенттік-президенттік жүйеге көшу көзделіп отыр. Әрине, мұндай саяси қадамды іске асыруды батыл жүргізу үшін алдымен құқықтық негізін заңдастыру қажет. Демек ел Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі туындады, – дейді Сәлімжан Нақпаев.
Әлемдік нарықта бір баррелі доллармен бағаланған «қара алтынның» үстінде отырған өңір тұрғындарын әлі де толғандыратын, тіпті түйінін тез тарқатуды қажет ететін жайттар аз емес. Толғауы тоқсан тіршіліктегі сондай түйінді мәселенің бірқатары Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғановтың өңір тұрғындарымен жүздесуінде кеңінен талқыға түсті. Мәселен, Атырау қаласының іргесіндегі Ақсай елді мекенінде тұратын қандастарды қадау-қадау мәселелер толғандырып отыр. Соның қатарында әйелдердің зейнет жасын төмендету, мүгедектерге берілетін жәрдемақыны арттыру мәселесі бар. Өйткені азық-түлік бағасының қымбаттауы жәрдемақы алатын мүмкіндігі шектеулі жандардың жанына батып-ақ отыр.
Аталған ауылға қоңсы қонған Қайыршақты елді мекенінің тұрғыны Едіге Сабуровтың пікірінше, қазақ қоғамы да өркениетті елдердегідей өркендеуге бастайтын өзгерістерді қалайтыны даусыз. «Сол себептен референдумға қатысу – әр қазақстандықтың міндеті. Бірақ болашақта жаңаратын Конституцияны тарих оқулығына айналдырудың қажеті жоқ», дейді ол.
Ал Мақат ауданындағы Доссор кентінің тұрғындары Рыспай Ғабдиев атындағы балалар өнер мектебінің қазіргі ахуалына алаңдайды. Балаларды саз әлемінің сиқырына баулитын білім ордасы бұрынғы ескі аурухананың ғимаратында орналасқан. Мектептің материалдық-техникалық базасы сын көтермейді.
Дүйсенбай Тұрғановтың айтуынша, елімізді үлкен өзгеріс күтіп тұр. Қоғамды да, сананы да өзгертуді қалаған әр тұрғын референдум арқылы таңдауын жасауы қажет. Өйткені Конституцияға енгізілетін түзетулердің негізгі тармақтарында суперпрезиденттік модельден бас тарту, Тұңғыш Президент туралы заңның күшін жою, депутаттарды таңдаудың жаңа тетігі секілді маңызды өзгерістер бар.
– Конституциялық Кеңеске сот мәртебесі қайтарылып беріледі. Сол себептен бұл орган азаматтардың мәселелерін шешудің соңғы сатысы ретінде жұмыс істейді. Елімізде өлім жазасы алынып тасталды. Табиғат құбылыстарынан, не техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға қаражат жедел бөлінеді. Бұл зардаптарды жедел жою бағытындағы жұмысты жүргізуге мүмкіндік береді, – дейді Д.Тұрғанов.
Мәжіліс депутаты Нұрлыбек Ожаев «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ-ның облыстық филиалында кездесу өткізді. Қазір тұрғындардың дені түрлі анықтаманы алу үшін бұрынғыдай мекемелерді жағалап жүрмей, халыққа қызмет көрсету орталығына келеді. Сондықтан орталық қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Алайда тұрғындарға қалтқысыз қызмет көрсететін филиал қызметкерлерін алаңдататын түйткілді мәселелер бар. Біріншіден, орталық қызметкерлерінің мәртебесі нақтыланбай келеді. Осы себептен тұрғын үй кезегіне тұра алмайды. Екіншіден, олар мемлекеттік тілдің қолдану аясының кеңейтілгенін қалайды.
– Конституция екі жолмен ғана өзгереді. Оның бірі – референдум арқылы, енді бірі – Парламент арқылы. Бұған дейін Ата Заңымызға Парламент арқылы төрт рет өзгеріс енгізілген еді. Бұл жолғы өзгерістің мәні де, жөні де бөлек. Өйткені Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар халық талқысына шығарылып отыр. Референдумда Конституцияның 33 бабына 56 түзету енгізілмек, – деді Нұрлыбек Ожаев.
Атырау облысы