16 Сәуір, 2014

Еуразия экономикалық одағы интеграциялық үдеріске оң серпін береді

270 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

16-14-eurazialik ekonomikalik odaktin kasipkerlerge timdi tusi

Бүгін, 16 сәуір күні Орталық коммуникациялар қызметінде Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов пен салық комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдаев баспасөз мәслихатын өткізді. Онда интеграциялық үдерістегі салық пен салық салу және мемлекеттік сатып алуларға қатысты мәселелер сөз болды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Алдағы мамыр айында құрылатын Еуразиялық экономикалық одақтың мән-маңызы туралы баяндаған Б.Шолпанқұлов, одақ аясында болатын салық тәртіптері туралы әңгімеледі. Сөйтіп, сөз кезегін салық комитетінің төрағасына берді. «Елбасының стратегиялық бастамаларының бірі – Еуразиялық одақ идеясына биыл 20 жыл толды. Осы уақыт аралығында Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттері арасындағы интеграциялық игіліктер тиісті даму сатысынан өтті. Алдағы мамыр айында үш елдің басшылары келісімге қол қояды деп күтілуде. Еуразиялық интеграция мемлекеттердің өзара экономикалық қарым-қатынас мәселелерін ғана қамтиды. Сондықтан, бұл орайда салықтық әкімшілендіру мәселелері де ерекше орын алатынын атап өткім келеді», - деді Ә.Жұмаділдаев. Бұған дейін Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден одағына мүше үш мемлекетінің аумақтарында қатысушы елдердің экономикасының тұрақты және тиімді дамуына жағдайлар жасауға және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру үшін құрылған Біртұтас экономикалық кеңістік жұмыс істей бастаған-ды. Біртұтас экономикалық кеңістік жасау орасан зор нарық құруға, бизнесті дамытуды ынталандыруға, сондай-ақ бәсекеге қабілетті тауарлар мен қызметтерді өндіруді өсіруге бағытталғаны мәлім. Осы жұмыстарды саралаған комитет төрағасы, кәсіпкерлерге тауар сапасын жақсарту керектігін айтты. «Еліміздің бизнес өкілдері 170 миллиондық нарыққа шығып отыр. Осының өзі өндірілген тауарларды өткізуге үлкен мүмкіндік жасайды. Бірақ бұл, Ресей мен Белорусь елдері біздің кәсіпкерлерді құшақ жайып күтіп отыр дегенді білдірмейді. Нақты нәтижеге қол арту үшін еліміздің бизнес өкілдері бәсекелестікке қауқарлы болып, тауардың сапасын жақсартып, осы ауқымды нарықты еркін игеруі өте маңызды», деді комитет төрағасы. Кәсіпкерлер Кеден одағы аясында елге әкелген тауарларына төленетін салықты 50 күннің ішінде төлеп, есеп-қисабын өткізуі  тиіс екен. Негізі, тауар елге кіргеннен кейін сол сәттен бастап келесі айдың 20-сына дейін өзінің жанама және қосымша салықтары төленуі керек. Мәселен, кәсіпкер  тауарын айдың бірінші күні кіргізсе, келесі айдың 20-сына дейін 50 күн уақыты болады. Бұл Кеден одағының ең оңтайлы тұсы көрінеді. Комитет төрағасы кәсіпкерлерге осы қағидаларды ескеріп, өз пайдаларына жаратуға кеңес берді. Себебі, бұған дейін кәсіпкерлерге елге тауарын кіргізу үшін тиісті салықтардың барлығын алдын ала төлеуі қажет еді. Жаңа тәртіптің арқасында, олар бұдан былай салықтарын төлемей тұрған кезде-ақ, әкелген тауарларын бірден нарыққа шығаруларына жол ашылыпты. Осылай, кәсіпкерліктің кеңістігі тағы да кеңейе түседі. Нұрбай Елмұратов. Дереккөз: egemen.kz. Фото: Орталық коммуникациялар қызметі.