16 Сәуір, 2014

Парламент кәсіпкерлікті дамытуға жол ашатын тағы бір заң жобасын талқылады

258 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

00-00-parlament-1

Бүгін, 16 сәуір күні Парламент Мәжілісінің отырысында «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заң жобасы және оған ілеспе заңдық құжат екі оқылымда қаралып, мақұлданды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Негізінен бұл заңдық құжат рұқсат беру жүйесін бірыңғай қағидаттар мен тәсілдерді пайдалана отырып реттеуге бағытталған. Атап айтқанда, еліміздегі кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға, оның қызмет аясын кеңейтуге мүмкіндік беретін болады. Бұл ретте тұтынушылар, кәсіпкерлер және мемлекет мүдделері нақты айқындалып, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен ақпараттың қолжетімдігі қамтамасыз етіледі. Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев заң жобасының еліміздегі рұқсат беру жүйесі проблемаларын шешуге бағытталарынан хабардар етті. Оның мәліметіне қарағанда, қолданыстағы рұқсаттамалардың толық тізбесі жасалады. Жаңа рұқсаттар беруді енгізуде реттеуші әсерлерді талдау қолданылады және рұқсаттар қауіптілік дәрежесі бойынша санаттарға бөлінеді. Министр сондай-ақ барлық рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асырудағы бірыңғай стандартталған тәсілдерді бекіту және «жалғыз терезе» қағидаттарын неғұрлым кеңінен қолдану көзделгендігін де ортаға салды. Заң жобасында рұқсат пен хабарламаның 54 пунктін жою тетіктері көрініс тапқанымен, әлі де 737-і қалып отыр. «Бізде көптеген орган өзіне бизнестің қандай да бір деңгейде тәуелді болғанды қалайды. Осымен күресуге тиіспіз. Бұған барынша салмақтылықпен қарап, шағын және орта бизнеске барынша жағдай жасауымыз керек», - деді Парламент Мәжілісінің төрағасы Қабиболла Жақыпов осыған орай. Асқар Тұрапбайұлы. Дереккөз: egemen.kz.