Капиталды заңдастыру науқаны сәтті өтсе, ел экономикасына миллиардтаған долларды тартуға болады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сөйлеген Ұлттық банктің төрағасы Қайрат Келімбетовтің мәлімдемесіне сүйенген egemen.kz тілшісі хабарладыі.
Еске саал кетейік, Мемлекет басшысы өткен жұмадағы Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысында Ұлттық банкке Үкіметпен бірлесе отырып, капиталды амнистиялау туралы заң жобасын өз қарауына енгізу туралы тапсырған болатын. Осыған орай бүгінде аталған органдар бірқатар іс-шараларды бастап та кетіпті.
Ұлттық банк төрағасы Қ.Келімбетов атап өткендей, үстіміздегі жылдың бірінші жарты жылдығында тиісті заңнама қабылдануы тиіс. Одан кейін халық арасында түсіндіру жұмыстары қолға алынады. Ал екінші жарты жылдықта капиталды заңдастыру науқанының өзі басталады. Жоспар бойынша аталған акция келесі жылы аяқталады. Ал 2017 жылы 1 қаңтардан Қазақстан табыс көздерін жалпыға бірдей жариялауға көшеді. Одан кейін ондай шара шығыс көздеріне де қолданылады.
«Демек, сол кезден бастап әрбір азаматтың табысы мен шығысына қатысты қатаң талаптар болады. Біле-білсек, жақында ондай шаралар дамыған елдерде енгізілді. Олар да соның алдында халыққа ақша мен мүлікті заңдастырып алуға мүмкіндік берді», - деді Қ.Келімбетов.
Әрине, қазір ел аумағынан қанша ақшаның кеткені және қай жерге құйылғаны туралы нақты ақпарат жоқ. Алайда оны қаржыгерлер шамамен есептеп көріпті. Яғни бәрін дұрыс түсіндіріп, жеткізе алатын болса, ақшаны заңдастыратын азаматтарға кепілдік беріп, халықты сендіре алса, шындығына келгенде, жұмысты дұрыс жүргізе алса ғана жоғарыда аталған миллиардтаған доллар есепке түспек.
Брифинг барысында Қ.Келімбетов 2025 жылы Еуразиялық экономикалық одақтың қаржылық нарығын реттеу бойынша мемлекетүсті орган құрылатынын да айтып өтті. Оған дейін қаржы нарығы саласында заңнаманы үйлестіру жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, бұл орган бірыңғай орталық банк болмайды. Ол реттеуші қызметін атқарып, Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдердің қаржылық секторлары жұмыстарын үйлестіру үшін ережелерді шығаратын болады. Айтпақшы, Қ.Келімбетовтің сөзіне құлақ түрсек, еуразиялық ықпалдастық аясында бірыңғай валютаны енгізу мәселесі талқыға салынбаған.
Ұлттық банк басшысы сөз арасында Үкіметпен бірлесіп, қаржы секторын 2030 жылға дейінгі дамыту тұжырымдамасын әзірлеп жатқандығына да тоқталды. Бұл құжаттың негізі 2008-2010 жылдардағы қаржылық дағдарыстың салдарын жою болып табылады. Сондай-ақ, Салық кодексі толықтырылып жатыр, ол нашар несиелерді есептен шығарған жағдайда банктерді салық төлеуден босатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Ұлттық банк басшысы проблемалы кредиттер қоры құрылатынын, оған шамамен 250 млрд. теңге бөлу жоспарланып отырғанын айтты. Қ.Келімбетов алдарына 2016 жылдың 1 қаңтарына қарай жұмыс істемейтін несиелер деңгейі жалпы жүйе бойынша 10 пайыздан аспау керек деген міндет қойып отырғанын, оның үстіне, сол уақыттан бастап бұл проденциалдық норматив болатынын тілге тиек етті. Ұлттық банк сондай-ақ, жаңа тұжырымдамалық ақша-несие саясатын ойластыруды дайындау үстінде екен.
«Бұл несиелендіру мен экономиканы ынталандыруға арналған теңгенің өтімділігін көрсетуді қарастыратын жаңа тұжырымдамалық ақша-несие саясатын ойластыру», деді Қ.Келімбетов. Сондай-ақ, ол ақша-несие саясатының негізгі мақсаты баға тұрақтылығы екенін атап өтті.
Брифингте айтылған тағы бір мәлімет, бүгінде Қазақстанның алтын-валюта қоры 100 млрд. долларға дейін жетіп қалыпты. Биылғы қаңтар-наурызда Ұлттық банктің алтын-валюта қоры 7,5 пайызға артып, 26,5 млрд. долларды құрап отыр. 2013 жылы Ұлттық банктің алтын-валюта активтерінің көлемі 12,7 пайызға дейін, яғни 24,7 млрд. долларға төмендеген. Бұған теңге бағамын қолдауға валютаны шығындау себеп болып отыр. Өткен жылы Ұлттық қордың активтері шетелдік валютада 20 пайыздан астам көрсеткішке артып, 70,5 миллиард долларға дейін жеткен. 2014 жылдың қаңтар-наурызында тағы үш пайызға өсім болып, 72,8 миллиард долларға дейін артқан.
Динара Бітікова.
Дереккөз: egemen.kz.