Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының жас актрисасы Лидия Кәден алғаш халыққа «Тамаша» ойын-сауық отауындағы өнері арқылы танымал болды. Құдайберген Сұлтанбаев пен Тұңғышбай Жаманқұлов секілді сахнадағы серіктестерімен бірге қоғамның келеңсіздігін күлкіге орап жеткізіп, елге танылғанымен, драма әртісі ретіндегі дарыны көмескі тартып көпке дейін көрінбей жүрді. Бір күні Алматы халқы дүр сілкінді. Жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» спектаклінде басты рөлде ойнайтын Лидия Кәденнің өнеріне екі адамның бірі тамсанып, аңыз етіп айта бастады. Лидияның таланты мен драмалық әл-қуаты мықты актриса екенін айшықтаған сол «Ең әдемі келіншек» спектаклі он жеті жыл бойы тек аншлагпен жүрді. Сүйгеніне қосыла алмаған Гүлбаршынның мұңлы тарихы туралы бірінен-бірі естіген көрермен жауын мен қарға қарамай, сол күні лек-легімен театрға ағылатын. Бұл спектакль Лидияның бағын, жалпы, ел ішінде «ТЮЗ» аталып кеткен жастар театрының жолын ашқан ақжолтай қойылым болды. Ғашығына қосыла алмаған әйелдің тағдырына толқымайтын, жыламайтын жан баласы болмайтын. Сонау 1985 жылы сахналанған спектакльдің тоқсаныншы жылдардағы көз алдымызда құлдырап, құрдымға тартқан руханият пен өнердің толықтай тоз-тозы шықпауына бір иығын төсеп, демеу болған спектакльдердің қатарында осы «Ең әдемі келіншек» те бар еді. Ел сүйіп тамашалаған екпіні қатты қойылым репертуарға ұзақ уақыт қызмет етіп, 2000 жылдың ортасына қарай әрең дегенде ентігін басты. Бұл – театр тарихында көп бола бермейтін құбылыс.
Құдай оны ең толымды образдармен жарылқады. Лидия сахнада 17 жастағы арудан бастап, 70-тегі кейуанаға дейінгі барлық қазақ әйелінің образын сомдап шықты. Жай ғана ойнап шыққан жоқ, терең қатпарлы қазақ әйелінің жанының қаншалықты күрделі, қайшылықты екенін көрсетті. Сахнада Шекспирдің Офелиясы болып сыр шертіп, А.Чеховтың «Шағаласында» Маша болып толғанған, Т.Ахтановтың «Күшік күйеуінде» Биғайшаның бейнесімен образ жасап, С.Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда» қойылымында Гауһар рөлімен ел есінде қалған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Лидия Кәден күні кеше Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында 70 жас мерейтойына арналған бенефис кешін өткізді. Кеш актрисаның орыс тілінде оқыған «Актриса» монологымен ашылды. Бенефистің басқа тілде басталғанына тіксініп қалған көрермен бірте-бірте актрисаның не себепті дәл осы монологты таңдағанын түсіне бастайды.
Қараңғы сахнада себезгілене түсірілген тілдей жарықтың астынан кең жиекті шляпа киген әйелдің әлдекім емес, актриса екенін көрермен түйсігімен сезеді. Әдемі әйелге өнерде лайықты өмір сүру қиын ба? Актриса – ақтарылу. Жарқ-жұрқ етіп қайнаған театр тіршілігінің сыртында қандай өмір болып жатыр? Біле ме, сезе ме соны жұрт? Сахнада жан алып, жан беріп ойнап, буырқанған ойынына тамсанған көрерменнің шартылдата шапалақ соғып шығарып салғаннан кейінгі өмір... Жалғыздық. Жабырқау. Жалғаннан безіп кеткісі келіп көз жасын ішіне жұтып, егілу. Содан соң бойды билеген бір сәттік әлсіздік бірте-бірте бәсеңдейді, әдемі ажарын айғыздаған жас құрғайды, ал шырмаған ойдан шынығып алған актриса ертеңінде езуіне үйреншікті күлкісін үйіріп алып, түк болмағандай, театрдағы тынымсыз жұмысына қайта жегіледі. Осының бәрі не үшін, кім үшін? Әрине, өнер үшін! Құрбандықты қажет ететін құдіретті өнердің жолында өзін де, өзгені де ұмытып, тағы да алға ұмтылу.
Міне, актриса өмірінің мұраты. Тыпыр етпей тыңдаған көрермен барлық өнер адамының тағдырындағы жұмбақ сыр мен мұңды құлақ құрышын қандыра шебер жеткізген Лидияны жақыннан тағы да тани түскендей болды. Лидияның ішінен лапылдап от жанып жатқандай осы шындығына бүкіл көрерменді ұмсындырып, лезде отына жылындырып қойды. Шын әртіс сахнасыз өмір сүре алмайды. Тек сахнаға шыққанда ғана өзін толық адам ретінде сезінеді. Осы кеште ол өзінің нағыз халық сүйген актриса екенін көрсетті.
Бенефисте бұдан басқа Лидия сүйіп ойнайтын «Баянсыз бақ» спектаклінен үзінді орындалды. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сағызбай Қарабалин мен Лидия Кәденнің Барклей мен Люси Куперлерді ойнаған рөлдері ел есінде мәңгі қалары анық. Әсіресе жарты ғасыр бірге ғұмыр кешіп, үйінен айырылып, бірі қызының, бірі қарттар үйінде тұруға мәжбүр болып, екі айырылғалы тұрған қос бейбақтың жастық шағын еске алу үшін соңғы рет бірге қол ұстасып мейрамханаға келетін сәтін тебіренбей, толқымай тамашалау мүмкін емес. Люси–Лидия – ойлы, мұңлы. Бірақ ішіндегі күйзелісін, жан қайғысын сүйіктісінің алдында нәзік күлкісімен жасырып әлек. Өмір бойы бірін-бірі аялап, сыйласқан қос қарияның шын қимастығын көрген көрерменнің көзіне еріксіз жас үйірілді. Лидия мұнда да өз ісінің кәсіби шебері екенін көрсетті. «Баянсыз бақты» актриса бекер таңдамаған болуы керек, себебі бұл спектакльде актер мен актрисаның сезімін, мұңын ашып көрсететін мағыналы диалог, сұлу қозғалыс бар. Қазақ сахнасына еңбегі сіңген әртіс осы рөлі арқылы әлі де шығармашылық бабында екенін, ең үздік рөлдерінің әлі де алда екенін меңзегендей болды. Кәденованың күш-қуаты бәріне жетеді: бұл кеште актриса төгілтіп жыр оқыды, ән де шырқады, жастармен бірге жұлқынып би де биледі. Көрерменді бұрқ-сарқ қайнаған шығармашылығымен қуандырып, қызықтырып келе жатқан актриса өзіне, кәсібіне адал екеніне көрерменін сендіре түсті. Лидияның өнерін қызықтап отырып, 70 дегеннің жай ғана сан екенін түсінесің. Ширақтығына, жігеріне, құлшынысына қарап, қазақ сахна өнерінің падишасы екеніне шек келтіре алмайсың. Кеш соңында актрисаның өнердегі ағалары мен үзеңгілес әріптестері ақжарма тілегін ақтарып, құттықтау-лебіздерін білдірді.
Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі: «Лидия Кәден – үлкен актриса. Алғаш Құдайберген Сұлтанбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Лидия Кәден бастаған «Тамаша» үлкен өнер болып қалыптасып еді. Көзкөрген халық сол «Тамашаны» осы уақытқа дейін ұмытпайды. Әзіл-сықақ арқылы қоғамның күрделі мәселелерін шешетін. Өйткені бұлар келістіріп көрсете алатын нағыз шеберлер болатын. Ең бастысы, жақсы актер дегеніміз – жақсы адам. Таза адам. Сахна шындыққа, әділдікке үйретеді. Лидия біздің сондай адам. Көп қыздар Лидиядан үлгі алып, үйренсе, жақсы болар еді».
Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақстанның халық әртісі: «Лидия – ерекше адам. Ерекше өнер қайраткері. Өнер – білектің емес, жүректің ісі. Асекең айтқандай, осы сахнада біздің де теріміз тамды. Сахнада Серағаңдардың қамшысын алып беріп, қасында жүрдік. Жастық шағымыз осында өтті. Ақыл-есіміз, көңіліміз осы театрдың залында болды. Залдағы көрерменмен бірге қуандық, мұңайдық, шерлендік. Бұл ат басындай алтынға да айырбасталмайтын керемет кезең, ғажайып уақыт еді. Қазақстан Театр қайраткерлері одағына 60-қа тарта театр қарайды. Оның 3 000-ға таяу мүшесі бар. Одақ биылдан бастап жылына бір театрдың әртісіне ерекше еңбегі үшін «Дара» деген медалін беруге шешім қабылдаған болатын. Ұлттық театр өнеріне сіңірген еңбегі үшін «Дара» медалімен Лидия Кәден марапатталады».
Еркін Жуасбек, М.Әуезов атындағы Ұлттық театрдың директоры: «Ұзақ жылдардан бері театр өнерін зерттеп, «бұл өзі не өнер?» деген мәселені тереңінен қазып, қызыға қадағалап келе жатқан адаммын. Расында да, біздің соңғы буын «актердің энергетикасы», «актердің қуаты» деген мәселенің бетін ашып, жіліктеп айта алмай жүрген жайымыз бар. Дәл осы сұраққа келгенде, өз басым Лидия Кәденді үлгі етіп айтамын. Ол сахнаға шыққанда үндемей тұрса да, отырғандарды толқытып жіберетін дара актерлердің бірі. Режиссер М.Ахманов сахналаған «Желтоқсан» спектаклінде Лидия апам орыс әйелінің рөлінде ойнайды. Басы ауырып, көршісінің үйіне келетін шағын сахна бар. Желтоқсанда қазақтың ендігі тағдыры қалай болары белгісіз болған абыр-сабыр түнде жаны бар, жүрегі бар орыс әйелі қазақ көршісінің намысын жанып, сілкіп, қайрап жібереді. Сол спектакльді көріп отырғанда мен Лидия апамның сол әрекетіне сенемін. Өйткені ол сахнада өтірік айтатындарды, өмірде жалған сөйлейтіндерді, жақынын сататындарды, жалпы, ізгілікке жат іс қылатын нашар адамдарды көзқарасымен-ақ орнына қойып жүретін адам. Тіпті театр басшыларының өзі оның алдында өтірік айтудан именіп тұрады. Себебі адам адамнан қорықпайды. Адам шындықтан қорқады. Меніңше, апамның алдында өтірік айту мүмкін емес. Дархан көңіліңіз, таза жүрегіңіз, әдемі ажарыңыз, дара талантыңыз жасай берсін, апай!».
Кеш соңында балалар мен жастар театрының жас, орта, аға буын әртістері тұтас сахнаға шықты. Мұның да мағынасы тереңде жатыр. Бүгінде театр анасына айналған талантты актрисаның ізін басқан жас буын осы шеберліктен үлгі алып, сахнаны толтырып, өнерді жаңа сапамен өрістете бермек.
АЛМАТЫ