17 Сәуір, 2014

«Өнерімнің арқасында кемдік көргенім жоқ» – дейді Нұрғали Пірназаров

335 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
10002 «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады». Елбасымыздың халыққа арнаған биылғы Жолдауындағы осы жолдарды оқып отырғанда көз алдыма ауылда күнде өзім көріп жүрген бір жігіт ағасының кескін-келбеті келе қалды. Осы бір азаматты күн сайын аудандық мәдениет үйінен көремін. Қолтығынан демей ұстаған қосағы Розаға әлденелерді айтып, оқта-текте күлдіріп қоятыны да бар. Бұл туа бітті қос жанарынан айырылған, бірінші топтағы мүгедек жан Нұрғали болатын. Нұрғали –  өте ұстамды, сабырлы азамат. Күйгелек емес. Ішқұсалықтан да аулақ жан. Пендешілікке салынып «А, құдай, маған көрсетейін дегенің осы ма еді?» деп Алла тағаланың басқа салған тауқыметіне шек келтіріп көрмеген. Бұл енді оның иман мен сабырлығының молдығынан болса керек. Нұрғалидың бойындағы осындай бір ерекше ұстамдылықтың сырына мен онымен еркін отырып әңгімелескеннен соң ғана көзім жетті. «Мен осы бір кемтарлығым үшін еш уақытта Алла тағалаға налыған жан емеспін, керісінше шүкіршілік етіп, тәубе деймін. Құдайдың бойыма өнер да­рыт­қанына қуанамын. Өнерім – өмірім, бұл маған үлкен медеу. Көзім соқыр болса, есесіне көкірегім ояу», деді ол жадыраңқы көңілмен, қаяусыз сөйлеп. Әңгіме арасында Президентіміздің әлгіндей кемтар азаматтарға байланысты айтқан сөзін кірістіре бастап едім ол менің алдымды орап ала жөнелді. «Рас, елімізде қаншама мүгедек жан бар, оның бәрі әрине, бір Алланың ісі. Ал, осындай жандарға көмек беруді бірінші кезекке қойып отырған Елбасына рахмет. Бес саусақ бірдей емес, мемлекет көмегіне қол жеткізе алмай отырған кемтар азаматтар қаншама. Сонымен бірге, «басқа салды, көнемін» деп ешбір ұмтылыссыз, қам-қа­ракетсіз отырған жандар да бар­шылық. Ал, мен болсам мүгедек екенмін деп, мемлекетке міндет артқым келмейді. Қолымнан не келеді, соны істеп, титтей де болса мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесімді қосуды өзімнің азаматтық парызым деп санаймын. Маған осындай мүгедектігім үшін жәрдемақы төлеп отырған мемлекетіме мен де енді өз үлесімді қосуым керек емес пе?», деп өте бір ұтымды пікір айтқан Нұрғали өз өмір жолын електен өткізді. Нұрғалидың бойына өмірге деген, өнерге деген құштарлық сезім сонау бала кезінен бастап-ақ орнығыпты. Орта білімді Алматы облысына қарасты Қаскелең қаласындағы зағиптарға арналған мектеп-интернатта алған. Оқуға деген ерекше алғырлығымен көзге түскен Нұрғалиды ондағылар үш бағытта: математика, тарих пен философия және ҚазҰМУ-дің заң факультетіне лайықты деген дәрежеде дайындап шығар­ғанымен, бірақ Нұрғали өз таңдауы бойынша өнер саласына қарай бет бұрған. Неге? – Мен орта мектептің  2-сыныбында оқып жүріп музыка мектебінің үрмелі аспаптар бөліміне қатыстым. Сөйтіп жүріп, көрші бөлмедегі саз сырнайдың үніне ғашық болдым. Өзім әлгі айтқан үрмелі аспаптың бір емес, бірнеше түрін меңгеріп алғаннан соң, енді баян сыныбына келіп, онда сабақ беретін ағайға ойымды айтып едім, ол жан-жақты тексеріп көрді де «Балақай ренжіме, сенен ешқандайда баян тартатын өнерпаз шықпайды, тіптен әуре болма», деп шығарып салды. Ағайдың бұл сөзі тура өңменіме оқша қа­далып, қатты әсер етті. Бүкіл бойымды намыс кернеді. «Қалайда мен осы баян сыныбында оқуым керек» деген берік тұжырымға келдім. Сөйтіп жүргенде, әлгі мұғалім ауы­сып, орнына Иванов (аты есімнен шығып қалыпты) деген кісі келді. Мен сол кезден бастап баян сыныбына барып, ең соңғы жаққа отырып аламын да, оқушыларға үйретіп жатқан шығармаларды мұқият тыңдауға кірісемін. Өнер адамдарының болмысы қызық келеді ғой, әлгі оқытушы маған «Сен кімсің-ау, нағып жүрсің?» деп те сұрамады. Мен күн сайын осылай екі-үш сағат қатысып отырамын да, орындалып жатқан әрбір шығарманың желісін зерделеймін. Арада бір-екі ай өткеннен кейін әлгі оқытушының алдына кіріп, осы баян сыныбында оқығым келетінін айтып едім, ол кісі маған күдіктене қарап, қолыма жанында тұрған музыкалық аспапты ұстатып, «не білесің, соны орында» деді. Мен де тартынбас­тан баяғы кіріп-шығып жүріп тыңдаған 20-шақты шығарманың 10-нан астамын орындап бергенім сол «Болды, болды, тоқтат», деді де, менің орындаушылық шеберлігімді мақтап ала жөнелді. Нұрғалидың осы әңгімесінен оның бірбеткейлігі мен алған бетінен қайтпайтын қайсар­лы­лығын тануға болады. Мектепті үздік бағамен бітірген Нұрғалидың жоғары оқу орнына түсуіне толық мүмкіндігі болған. Бірақ, оның өзі о бастағы жүрек қалауына ерік беріп, сонау Ресейдің Курск қа­ласына барып, сондағы арнайы музыкалық училищеге түседі. Сол училищеде 4 жыл оқып шығып, музыка мектебінің мұғалімі, ұлттық ан­самбльдің көркемдік жетекшісі және филармония солисті деген ма­мандықтар бойынша диплом алады. Нұрғали сол жылдары сонау Мәскеуге, одан соң әрі қарай тағы да 500 шақырым жол жүрген кездерінде қасына ешкімді ертпестен бір өзі барып-келе береді екен. Бірақ, алдында әрең-әрең жүрер аяқ жолын ажыратып жүрген Нұрғалидың екі жанары 1973 жылы тіптен семіп, ештеңе көрмей қалады. Алайда, ол тағдырдың бұл соққысына еш мойымай, әрбір күнін, әрбір сағатын тынымсыз еңбекпен, ізденіспен, үлкен үмітпен өткізеді. Тіптен бас-аяғы 14 үйірмеге қатысып, қалайда бір қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан көрінуге өте құштар болады. Содан болар өмірдегі өз ұстанымына берік қарайтын Нұрғали  Пірназаров алғашқы еңбек жолын 1983 жылы Шаян саз мектебінде баян сыныбына сабақ беруден бастаса, араға жыл салып барып аудандық мәдениет үйіне қызмет ауыстырды. Өмірін өнермен терең ұштастырған ол бірнеше өнер фестивальдарына қатысып, лауреат атанды. Марапат пен мақтау қағаздары да жеткілікті. Өмірлік жұбайы Роза екеуі екі қыз, бір ұл өсіріп отырған өнегелі отбасы. – Өнерімнің арқасында осы күнге дейін мені жұмыс бабында кәсібімнен шеттеткен ешкім болған емес. Өзім де мүгедектігімді ешкімге міндет еткен емеспін. Бар мақсатым – ауылдың мәдениет саласын көтеру, халыққа барынша қызмет етіп, өз үлесімді қосу. Әйтеуір ел аман, жұрт тыныш болсыншы, дейді Нұрғали. – Сен жұмыс орныңа өзің кіріп-шығасың, қасыңда жетектеп жүрген ешкім көрінбейді, қолыңда таяғың да жоқ. Сүйемелдеусіз жүру саған қиын емес пе? – деп едім, ол: – Алла тағала бір жағынан кем қылып жаратса, ал, екінші жағынан қарасатын сияқты ғой, мен өте сезімталмын. Бір жүріп өткен жерімді, бір сөйлескен кісіні даусынан жазбай танимын. Оның үстіне бұл мекемеде істеп жатқаныма міне, биыл 30 жыл болыпты, бұл жердің ой-шұқыры көкейіме әбден жатталып қалған. Қи­налмаймын, – деп күле жауап берді. Нұрғалидың тағы бір ерек­шелігі ол спорттың тоғызқұмалақ түрінен спорт шебері. 2006 жылы Қазақстанда спорттың осы түрінен өткізілген жарыста чемпион атан­ған. Ал, шахматтан спорт шебер­лігіне кандидат. Міне, рухы биік, еңбекқор, ерік-жігері күшті Нұрғали Пірназа­ровтың өмір жолы осылай өріліп келеді. Серікбай ТҰРЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы.