Қоғам • 19 Мамыр, 2022

«Музей түні» бағдарламасымен балаларды қуантты

609 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстанның ірі мәдени орталығы саналатын Алматы қаласында 27 мемлекеттік және жекеменшік музей бар. Тарихи-рухани сұраныс себебімен ашылған осы музейлердің әрқайсының өз тарихы, өз жәдігерлерінің жинағы бар. Халықаралық музейлер күні кәсіби мерекесіне орай өткізілетін «Музей түні» мерекелік іс-шарасына қатысу таңдауының қиынға соғатыны да сондықтан. Бір түнде отызға тарта музейдің бәрін аралап, арнайы әзірленген мерекелік бағдарламасымен танысып шығу әсте мүмкін емес. Әйтсе де, бұл мерекеде Мемлекеттік орталық музейді, Ә.Қастеев атындағы Өнер музейін және Н.Тілендиев атындағы мемориалды музейді аралап шығуды жөн көрдік.

«Музей түні» бағдарламасымен балаларды қуантты

«Музей түні» – қала тұрғындары мен қонақтарына музей артефактілерімен, мәдени-білім беру бағдарламаларымен танысуға және еліміздің тарихы мен мәдениетінің жаңа беттерін ашуға мүм­кіндік беретін ірі халықаралық әлеуметтік мәдени-білім беру жобасы. Ел Президенті 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауына байланыс­ты Мемлекеттік орталық музей мен Өнер музейі биылғы «Музей түні-2022» дәстүрлі акциясы талантты балалардың бастамалары мен жаңашыл идеяларын қолдауға бағытталған. Іргелі мәдени шараға қатысқан Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет коми­тетінің төрағасы Роза Кәрібжанова: «Музей орталықтары шығармашылық тұрғыдан  өркендеуімен қатар, дарынды балалардың жұмысын насихаттай отырып, жас ұрпақты, ұлттық құндылықтарымызды дәстүріміз бен мәдениетімізді тануға үйретіп келеді.

Тағы бір мақсат, республикалық жә­­не халықаралық олимпиадалар мен бай­қау­ларда жоғары жетістіктерге жет­кен оқушылардың білім, өнер, музыка, спорт саласында бағындырған шың­дарын насихаттай отырып, олардың арасында достық қарым-қатынас орнауына жол ашу. Бүгінгі фестивальге қатысуға ниет білдірген барша балдырғандарымызға және олардың ата-аналарына алғысымызды білдіреміз», деді.

Сондай-ақ Мәдениет және спорт ми­нистрлігінің тапсырысы бойынша «Қы­рым аралдары» лабораториясында консервациядан және реставрациядан өткен археологиялық құндылықтар алғаш рет халық назарына ұсынылып, Қырым Ал­тын­бековтің жүздеген жыл тарихы бар көне жәдігерлерден топ­тастырылған «Қайта жарқыраған жау­һарлар Аралы» көрмесі көпшіліктің назарын аударды.

«Музей түні» акциясының негізгі бөлігі «Талантты балалар шеруі» респуб­ликалық балалар фестиваліне арналды. Республиканың әр өңірінен келген талантты балаларға 16 номина­ция бойынша жүлде мен марапат берілді. Сыйлық пен марапаттарды Қа­зақ­станның халық әртістері Нұрғали Нүсіп­жанов, Роза Рымбаева, Жазушылар одағы басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет және өзге де елге белгілі өнер саңлақтары табыстады.

Мемлекеттік орталық музейде өткен акцияның тағы бір маңызды оқиғасы – «Коворкинг балалар орталығының» ашылуы. Орталықтың жұмысы балаларды музей әлемімен, ондағы тари­хи құндылықтармен таныстыруға, сон­­­дай-ақ шығармашылық бастамалар мен балалардың мүмкіндіктерін ұш­тау­­ды ұйымдастыруға бағытталған. Яғни балалардың бос уақытын тиімді ұйым­дастыру, мультипликациялық фильм­дер көру, кітап оқу, қазақтың ұлт­тық ойындары және дәстүрлі музыкалық аспаптарда ойнауды үйретеді. «Ко­вор­кинг балалар орталығының» тұ­сауын кес­кен жазушы Мереке Құл­ке­нов балдыр­ғандардың қуанышына ортақтасып, жылы лебізін білдірді. «Коворкинг балалар орталығының» бас демеушісі – KMF Микро­қаржы ұйымы және «KMF-Демеу» корпоративтік қоры. «Біздің компания өзінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Мемлекеттік орталық музейінде балалар оқыту орта­лығының ашылуын қаржы­ландыра отырып, Алматының және бүкіл Қазақ­станның мәдени өміріне елеулі үлес қосқанына мақтанады. Бұл біздің тарихымыз бен мәдениетімізді жақсы білгісі келген өскелең ұрпаққа берілген сыйлық. Жобаны іске асыру құны 3 млн теңгеден асты» деп атап өтті Бас­қарма төрағасы Шалқар Жүсіпов. «Ко­воркинг» орталығының аясында «Жас экскурсовод», «Өлкетанушы» және «Бірге сурет салайық» бейнелеу үйірмелері ашы­лып, музей күніне кел­ген балалар те­гін қатысып, алдағы уақыт­та үйірме жұ­мы­сына қатысуға ықы­ласты екенін көрсетті.

Осы ауқымды шаралардың барлығы Қазақстан өнеріндегі танымал әртістердің концертімен сүйемелденді. Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжі, «Камерата Казахстан» және В.Боровикованың жетекшілігіндегі скрип­кашылар ансамблі, О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжі мен Т.Жүргенов атында­ғы Қазақ ұлттық өнер академиясы студенттерінің сәндік топтамасының көрсетілімі және Қазақстан-Жапония ор­талығынан оригами, каллиграфия, фурошики өнері бойынша шеберлік сабақтары өтті. Бір қызығы, арнайы тамашалаған адамдар болмаса, музей ішін жаңғыртқан музыка үнін, әуелеген ән, төгілген күйді елең қылмастан, көне жәдігерлерді қызықтап жүргендердің рухани қажеті мен сұранысы басымырақ түскені анық аңғарылды. «Қаңтар қасіретінде» зардап шексе де, көзінің қарашығындай сақтап отырған жәдігерлерін бар қажыр-қайратымен қорғап қалған Орта Азия­да­ғы ең ірі музейлердің бірі саналатын мемлекеттік Орталық музейге лек-легімен келген қонақтардың саны бұл түні шамамен 20 000-ға жуықтады.

Тартымды әрі таным көкжиегін кеңей­тетін бай бағдарламасымен танысуға шақырған рухани орталық­тардың бірі – Ә.Қастеев атындағы өнер музейі. Мәдени мұраның мол қоры мен таңғажайып өнер туындылары жинақталған музей де биылғы акциясын «Балалар жылы» тақырыбына арнаған. Мемлекеттік өнер музейі әртүрлі жастағы аудитория үшін ұйымдастырған өрнектеп киіз басу, мүсіндік фигуралар, сазбалшықтан бұйым­дар жасау шеберлік сабақтары және шеберлер жәрмеңкесін тамашалаған халықтың қарасы қалың болды. Әсіресе музей қызметкерлерінің Акварель залына орналастырылған «Көктем нұры» атты көрмесі ұлттық бейнелеу өнерінің бүгінгі қарымын танытқандай. Бір мәрте музей есігін ашып көрмегендердің қоғамда қалыптастырған «Музей – іш пыстырып, зеріктіретін орын» деген қиямпұрыс пікірін мұндағы «Дала таңбасы» көрмесі теріске шығарады. Көрме залдарына экскурсия жасаған қала қонақтары әдемі картиналардың адам психикасына оң әсер ететін қасиетін сезініп, классикалық өнердің ой салатын қуатына тамсанды.

Музей мерекесін тойлауға келген­дерді «Отырар сазы» оркестрінің құ­лақ­қа да, санаға да сіңген, жүректі тер­бейтін сазды әуенімен қарсы алатын Нұрғиса Тілендиевтің мемориалды музейі жылдағы дәстүрінен жаңылған жоқ. Мүлгіген қараңғы түнде Алматының көшесінен төгілген самаладай жарығының астында «Отырар сазы» оркестрі «Құстар» әні мен «Ата толғауы» күйін күмбірлетіп, алыста кетіп бара жатқан адамдардың өзін қол бұлғап шақырғандай, қонақтар қатарын үстемелей берді.

«Алматы қаласы музейлер бірлестігі биылғы «Музей түнінің» тақырыбын «Алмалыдан Алматыға дейін» деп атады. Осы бірлестікке кіретін біздің мәдени кешеніміздегі ең үлкен жаңалық – Нұрғиса ағамыз алғаш өзі іргетасын қалаған оркестр құрамын ортамызға арнайы шақырып, талғамы биік кәсіби өнер шеберінің көңілінен шыққан сол өнерпаз аға-апаларымызбен сұхбаттасып, әңгіме-дүкен құруды жөн деп шештік. Нұрағамыздың өз қара шаңырағының алдында концерт ұйымдастырып, сәні мен салтанаты келіскен, әрін де, нәрін де жоғалтпаған ұлы шығармаларын халыққа қайыра бір орындап беруді мұрат тұттық. Себебі «Отырар сазы» оркестрінің құрылғанына биыл 40 жыл толып отыр. Сондай-ақ музей қоры да күн өткен сайын жаңа жәдігерлермен толығып жатыр. Жақында композитор Алтынбек Қоразбаев пен әнші Нұрғали Нүсіпжанов Нұрағаңмен түскен суреттерін, басқа да қымбат бұйымдарын әкеліп табыстады. Осындай жұмыс алдағы уақытта да жалғасын таба береді» дейді Нұрғиса Тілендиев атындағы мемориалды музей-кешенінің директоры Ернат Ысқақ.

Қала қонақтарын бір түн тегін қа­былдаған барлық музейдің қызмет­кер­лері әрбір адамды қуана қарсы алып, экскурсиялар мен тақырыптық дәріс­тер өткізуге дайын екенін жеткізді. Ұлы тұлғалар тұтынған заттарды, көне­ден жеткен баға жетпес қымбат қазы­наны көзбен көрудің әсері, расында да, бөлек. Жылына бір рет тегін акция ұйымдастырып, музейге қонақ тартудың игі дәстүрін қалыптастырған «Музей түні» акциясы көпшілікке сол үшін керек.

 

АЛМАТЫ