Батыр рухына тағзым
Рухани іс-шара барысында Хиуаз Қайырқызының ерлік, еңбек жолы туралы естеліктер айтылып, ұшқыштың саналы ғұмыры бүгінгі ұрпаққа тағылым боларына сенім білдірді.
– Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әйгілі М.Раскованың қыздардан құрылған авиаполкінде 17 мен 22 жас аралығындағы өрімдей жас қыздар жиналды. Солардың ішінде біздің Хиуаз апамыз да бар еді. Кейін гвардиялық полкке айналған батыр қыздарды немістер «түнгі мыстандар» деп атап, қорқатын болған. ПО-2 деп аталатын тақтай ұшақпен 300-ден астам түнгі шабуылға шыққан Хиуаз Доспанова шын мәніндегі ержүрек жауынгер еді. Ол бейбіт күнде де білімділік пен еңбекқорлықтың үлгісі болды. Алматы қаласында лауазымды қызметтерде болып, халық жасампаз да жарқын бастамалар көтерді, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ Ерболат Әміров анасы туралы естеліктер айтып, өңір басшылығына алғысын білдірді.
Айта кетейік, 2019 жылы Атырау халықаралық әуежайына Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімі берілді. Өзі туған Құрманғазы ауданының Дәшін ауылы да қазір ұшқыш атымен аталады. Одан бөлек облыс орталығында бір мектепке және тоғыз көшеге батыр есімі берілген.
Ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайындағы салтанатты жиынға ұласты. Облыстық филармонияның үрлемелі аспаптар оркестрі майдан әндерімен қарсы алып, Хиуаз Доспанованың өміріне арналған бейнефильм көрсетілді.
Мерейлі жиынның алғашқы сөзін алған облыс әкімі Серік Шәпкенов батыр тұлғаның соғыстан кейін де ел мүддесі жолында аянбай еңбек еткенін атап өтті.
– Даңқты жерлесіміздің асқан ерлігі, елімізге сіңірген ерен еңбегі, көрнекті қайраткерлік қызметі көзі тірісінде кең түрде жеткілікті насихатталмады. Ол шын мәнінде асылдардың сынығы, тал бойына таудай өрлік пен өжеттікті, қайсарлық пен қаталдықты, ақылдылық пен айбындылықты сыйдыра білген сирек кездесетін сындарлы тұлға еді. Еліміз егемендік алғаннан кейін ғана «Халық Қаһарманы» деген құрметті атақ берілді. Бүгінде туған жері Атырау – қаһарман қызының есімін ардақ тұтады. Мұның бәрі – ерлікке тағзым. Бүгінгі апамыздың 100 жылдығына орай өтіп жатқан іс-шаралар да жас ұрпақтың, Жаңа қазақстандықтардың бойына патриоттық сезім, намыс пен жауапкершілік тәрбиесін егуге арналады, – деді облыс әкімі.
Ал Хиуаздың інісінің ұлы Бақытжан Доспанов батыр-ананың өмірлік ұстанымы жөнінде айтты.
«Жаңа Қазақстан» идеясы бастау алып, өзгерістер мен жаңаруларға бет бұрған дәл қазіргі сындарлы уақытта апамызды ұлықтап жатқан облысқа алғысым шексіз. Бала кезімде көп уақытым кітапханада өтетін. Әлі есімде, төрт томдық балалар энциклопедиясы болатын. Сол кітап маған өмірде ең бастысы ар-намыс екенін үйретті. 1951 жылы Хиуаз апамыз Қазақстан ЛКСМ Орталық комитеттің хатшысы кезінде үш бөлмелі үй алды. Сол үйде өздерінен бөлек бірнеше отбасы тұрды. Дәл осы үйден 2008 жылы Хиуаз Доспанованы мәңгілік сапарға шығарып салдық. Ол өмір бойы сол үйде тұрып, ешкімнен ештеңе сұраған жоқ. Батырлығын алдына салып, біреуден бірдеңе сұрағанды ар көретін. Біз, Доспановтар, қарапайым жандармыз. Соған қарамай апамыздың ғасырлық тойын атап өтіп, туған-туысын шақырып жатқан туған жеріне ризамын», деді.
Кеш барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген азаматтар – «АТМА – Атырау әуежайы және тасымалдау» акционерлік қоғамының директоры Кемал Акван, Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ономастика бөлімінің басшысы Жеміс Дияшева, таэквондодан жастар арасында Атырау облысының аға жаттықтырушысы Ерлан Алагөзов, Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының басшысы Берік Жәменов және басқалары Хиуаз Доспанова атындағы медальмен марапатталды.
Жиында сөз алған қоғам қайраткері Ирак Елекеев батырдың мемлекеттік қызметтегі еңбегіне тоқтала келе: «Хиуаз Доспанова майданнан келгеннен кейін де өте жауапты қызметтерді атқарды. Өмір жолына қарасаңыз, таңғаласыз. Оның болмысы мақтануға, ғұмыры ұлықтауға әбден лайық. Алматы қаласында Әлия мен Мәншүктің ескерткіші бар. Биылғы мерейтой аясында соның жанына Хиуаз апамыздың ескерткішін қойса деген ұсынысым бар», деді.
Қанатты қаһарман қыздың ғасыр жасы аясында өңірде бірқатар мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылған еді. Атап айтсақ, таэквондодан 2008-2010 жылы туған жасөспірім қыздар арасындағы батыс аймақтық ашық турнирі, облыстық жас ақындар мүшәйрасы және әлеуметтік желілердегі челлендждер Х.Қайырқызының есімін ұлықтау мақсатында өткізілді.
Сондай-ақ Атырау облысы әкімдігі, Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен, облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының ұйымдастыруымен өткен облыстық патриоттық ән байқауы да мерейтой қарсаңында қорытындыланды. Айта кетейік, өнер додасына сазгер Болат Қохаманов, Д.Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің әншісі Аманжан Басығариев, Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының бас режиссері Ақмарал Машимова, Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының көркемдік жетекшісі Венера Машкалиева, сазгер Бақытбек Сартбаев қазылық етті. Екі кезең бойынша өткен байқауға облыстың түкпір-түкпірінен 30 өнерпаз қатысып, бақ сынасты. Нәтижесінде, бас жүлде Айгерім Нығметоваға (Атырау қаласы), I орын Айдана Бақытоваға (Исатай ауданы), II орын Асан Дастанға (Қызылқоға ауданы), III орын Айбек Ғасырбеков (Атырау қаласы) пен Сағынғали Ерболатқа (Құрманғазы ауданы) бұйырды. Бұдан бөлек арнайы жүлделер де табысталды.
Салтанатты жиында аталған ән байқауы мен таеквондодан Батыс аймақтық ашық турнирінің, облыстық жас ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары Хиуаз Доспанова атындағы төсбелгімен марапатталды. Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясы әртістерінің мерекелік концертімен жалғасқан мәдени іс-шарада облыстық тарихи-өлкетану музейі ұсынған Кеңес Одағының Батырларына арналған көрме ұйымдастырылды.
Журналист Тұрсын Қалимованың айтуынша, мерейтойға орай Хиуаздың өміріне арналған деректі фильм түсіру жоспарланып отыр. «Фильмге апамыздың көзін көргендер ғана емес, Мәскеуде тұратын майдандасы Галина Павловна да түсіріледі. Ол М.Раскованың құрған полкіндегі көзі тірі жалғыз майдангер. Жасы тоқсан жетіде. Деректі фильм барысында сол кісінің Раскова, Доспанова, басқа да ұшқыш қыздар туралы әңгімесін жазып алғымыз келеді. Ең бастысы, кино сапалы түсірілсе дейміз. Ал қаржылық қолдау жағы әлі белгісіз. Облыс әкіміне ұсыныс хат берілді. Енді жауап күтіп отырмыз», дейді ол.
Сахнада – кейіпкер-Хиуаз
Өрімдей қыздың майдан даласына аттанып, ұшағымен жауды бомбалаған ерлігінде қаншама батылдық, қаншама тәуекел жатыр. Ал сол соғыстан тірі қайтып, отбасын құрып, басшылық қызметте елдің игілігі үшін еңбек еткені тіптен таңғалдырады. Осынау қилы ғұмырда жап-жас Доспанованың үмітін жалғап, жүректегі отын сөндірмеген не екен дейсің. Бөлек болмыс па, қайрат па, әлде әділет пе... Иә, Әлихан айтқандай, «ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден». Бала кезінен қай істе де белсенді болған Хиуаз Доспанованың әуеде оқ пен оттың ортасында қаймықпай, қажымай, өз міндетін орындап келіп, бейбіт күнде де партия жұмыстарына араласып, Алматының дамып, гүлденуіне үлес қосуы, ең алдымен, мінезінен болар. Әлқисса.
Біз сахнадан көрген Хиуаз қабағы қатулы, тік мінез, мысы басым, өмірге адал, сөзге әділ еді. Қартайса да жанарында сәулесі мен мұңы бар-тын. Қысқа ғұмырда соншама трагедияны бастан өткерген жанның адамға көзқарасы да біртүрлі терең болады екен. Дәл бір тұңғиықтан қарап тұрғандай. Өңмеңнен өтер сол көзқарас тарихи оқиғалардың куәсіндей, сұм соғыстан қалған сары қағаздай сөйлейді.
Хиуаз Доспанованың туған күніне орайластырылған мерейтойы Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өткен Әлия Дәулетбаеваның «Хиуаз» драмасымен жалғасты. Тұсаукесер туындының режиссері – Мұқанғали Томанов, суретшісі – Темірбек Мұхтаров. Ұшқыштың жас кездегі бейнесін Нұргүл Шманова, қария шағын Сәуле Байменова сомдады. Спектакль камералық форматта қойылған, яғни көрермендер актерлармен бірге отырып көреді. Ең қызығы, премьераға жиналған қауымға белгіленген орын жетпей, біразы тұрып көрсе, балалар жерге отырып-ақ тамашалады.
Қойылым авторы Әлия Дәулетбаева шығарма мен режиссерлік жұмыстың қалай үйлесім тапқанын атап өтті.
– Қаһарман ұшқыш – құм перзенті… Табиғаты тосын, бірбеткей… Тағдыры тауқыметті. Темір жүйе тұншықтырмақ болған тік мінез. Омыртқасыздар жайлаған ортаға бейімделе алмаған рәсуа ғұмыр… Туған жері оның рухына құрмет көрсетті. Бірнеше күнге созылған іс-шаралар «Хиуаз» драмасымен қорытындыланды. Режиссер Мұқанғали Томанов жасаған дүниелердің жүрегі соғып тұрады ғой. Сезім мен мықты динамика. Суретшінің шеберлігі мен талантты актрисалар… Оқ пен оттың арасында жоғалмаған тазалық, аңқаулық пен албырттық. Қыз күлкісі… Театр сахнасында майдан психологиясын берудің қиындығын көзі қарақты көрермен білуі керек. Батыр апамыздың рухы шат болсын! – деді ол.
Айта кетейік, театр репертуарына енген спектакль атаулы күнге орай жұртшылыққа тегін көрсетілді.
Ақиқатында, тарих өз жолындағы жұлдыздай жарқыраған батыр, талантты тұлғаларын ұмытпайды. Адамзаттың игілігіне, бейбіт өміріне, тыныштығына үлес қосқан әр жүректі жанның есімі өз халқымен жасай бермек. Хиуаз Доспанованың биылғы мерейтойы қарсаңындағы іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады.
НҰР-СҰЛТАН – АТЫРАУ – НҰР-СҰЛТАН