Қазақстан • 19 Мамыр, 2022

Қаһарман ұшқыш – құм перзенті

354 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Атырауда аты аңызға айналған қазақтың қанатты қызы, штурман-ұшқыш, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың 100 жылдық мерейтойы атап өтілді. Халықаралық әуежайдағы батыр ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталған алқалы жиынға облыс әкімі Серік Шәпкенов, Х.Доспанованың ұлы Ерболат Әміров, інісінің ұлы Бақытжан Доспанов, зиялы қауым өкілдері мен қоғам және мемлекет қайраткерлері, сондай-ақ Ұлттық ұлан 5546 әскери бөлімінің сарбаздары, батыс өңірлік қолбасшылығы қатысты.

Қаһарман ұшқыш – құм перзенті

Батыр рухына тағзым

Рухани іс-шара барысында Хиуаз Қайырқызының ерлік, еңбек жолы туралы естеліктер айтылып, ұшқыш­тың саналы ғұмыры бүгінгі ұрпаққа тағылым боларына сенім білдірді.

– Екінші дүниежүзілік соғыс ке­зін­де әйгілі М.Раскованың қыздардан құрылған авиаполкінде 17 мен 22 жас аралығындағы өрімдей жас қыз­дар жиналды. Солардың ішінде біз­дің Хиуаз апамыз да бар еді. Кейін гвар­диялық полкке айналған батыр қыз­дарды немістер «түнгі мыстандар» деп атап, қорқатын болған. ПО-2 деп аталатын тақтай ұшақпен 300-ден астам түнгі шабуылға шыққан Хиуаз Доспанова шын мәніндегі ержү­рек жауынгер еді. Ол бейбіт күнде де білім­­­ділік пен еңбекқорлықтың үлгісі бол­ды. Алматы қаласында лауазым­ды қызметтерде болып, халық жасампаз да жарқын бас­тамалар көтерді, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ Ерболат Әміров анасы туралы естеліктер айтып, өңір бас­шылығына алғысын білдірді.

Айта кетейік, 2019 жылы Атырау халықаралық әуежайына Халық қаһар­­маны Хиуаз Доспанованың есі­мі берілді. Өзі туған Құрманғазы ауда­нының Дәшін ауылы да қазір ұш­қыш атымен аталады. Одан бөлек облыс орталығында бір мектепке және тоғыз көшеге батыр есімі берілген.

Ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі Құрманғазы атындағы Мәде­ниет сарайындағы салтанатты жиынға ұласты. Облыстық филармония­ның үрлемелі аспаптар оркестрі майдан әндерімен қарсы алып, Хиуаз Доспа­нованың өміріне арналған бейнефильм көрсетілді.

Мерейлі жиынның алғашқы сөзін алған облыс әкімі Серік Шәпкенов батыр тұлғаның соғыстан кейін де ел мүддесі жолында аянбай еңбек етке­нін атап өтті.

– Даңқты жерлесіміздің асқан ер­­лігі, елімізге сіңірген ерен еңбегі, көрнекті қайраткерлік қызметі көзі тірісінде кең түрде жеткілікті насихат­­тал­мады. Ол шын мәнінде асыл­дар­дың сынығы, тал бойына таудай өрлік пен өжеттікті, қайсарлық пен қатал­дықты, ақылдылық пен айбын­дылықты сыйдыра білген сирек кез­­­десетін сындарлы тұлға еді. Елі­міз еге­­мендік алғаннан кейін ғана «Ха­­лық Қаһарманы» деген құр­метті атақ берілді. Бүгінде туған жері Аты­­рау – қаһарман қызының есі­мін ар­дақ тұтады. Мұның бәрі – ерлік­ке тағ­зым. Бүгінгі апамыздың 100 жыл­ды­ғына орай өтіп жатқан іс-шаралар да жас ұрпақтың, Жаңа қазақ­стан­дықтардың бойына патриоттық сезім, намыс пен жауапкершілік тәрбие­сін егуге арналады, – деді облыс әкімі.

Ал Хиуаздың інісінің ұлы Бақыт­жан Доспанов батыр-ананың өмірлік ұстанымы жөнінде айтты.

«Жаңа Қазақстан» идеясы бастау алып, өзгерістер мен жаңаруларға бет бұрған дәл қазіргі сындарлы уақытта апамызды ұлықтап жатқан облыс­қа алғысым шексіз. Бала кезімде көп уақытым кітапханада өтетін. Әлі есім­­де, төрт томдық балалар энцикло­пе­­­дия­сы болатын. Сол кітап маған өмір­де ең бастысы ар-намыс екенін үйретті. 1951 жылы Хиуаз апамыз Қа­зақ­стан ЛКСМ Орталық комитеттің хат­шысы кезінде үш бөлмелі үй алды. Сол үйде өздерінен бөлек бірнеше отбасы тұрды. Дәл осы үйден 2008 жылы Хиуаз Доспанованы мәңгілік сапар­ға шығарып салдық. Ол өмір бойы сол үйде тұрып, ешкімнен ештеңе сұраған жоқ. Батырлығын алдына салып, біреуден бірдеңе сұрағанды ар көретін. Біз, Доспановтар, қарапайым жандармыз. Соған қарамай апамыздың ғасырлық тойын атап өтіп, туған-туысын шақырып жатқан туған жеріне ризамын», деді.

Кеш барысында өңірдің әлеу­мет­тік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген азаматтар – «АТМА – Атырау әуежайы және тасымалдау» акционерлік қоғамының дирек­торы Кемал Акван, Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ономас­ти­ка бөлімінің басшысы Жеміс Дия­шева, таэквондодан жастар арасын­да Атырау облысының аға жаттық­тырушысы Ерлан Алагөзов, Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының басшысы Берік Жәменов және басқалары Хиуаз Доспанова атындағы медальмен марапатталды.

Жиында сөз алған қоғам қайрат­кері Ирак Елекеев батырдың мем­ле­кет­тік қызметтегі еңбегіне тоқтала келе: «Хиуаз Доспанова майданнан кел­ген­нен кейін де өте жауапты қыз­мет­терді атқарды. Өмір жолына қара­саңыз, таңғаласыз. Оның болмысы мақтануға, ғұмыры ұлықтауға әбден лайық. Алматы қаласында Әлия мен Мәншүктің ескерткіші бар. Биылғы мерейтой аясында соның жанына Хиуаз апамыздың ескерткішін қойса деген ұсынысым бар», деді.

Қанатты қаһарман қыздың ға­сыр жасы аясында өңірде бірқа­тар мәдени-көпшілік іс-шара ұйым­дас­тырылған еді. Атап айтсақ, таэквон­­додан 2008-2010 жылы туған жас­өспірім қыздар арасындағы батыс аймақтық ашық турнирі, облыстық жас ақындар мүшәйрасы және әлеу­меттік желілердегі челлендждер Х.Қа­йыр­қызының есімін ұлықтау мақ­са­тында өткізілді.

Сондай-ақ Атырау облысы әкім­дігі, Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қол­да­уы­мен, облыстық ғылыми-әдіс­те­мелік халық шығармашылығы мен мә­дени демалыс қызметтерін ұйым­дастыру орталығының ұйым­дас­­тыруымен өткен облыстық пат­риот­тық ән байқауы да мерейтой қарсаңында қорытындыланды. Айта кетейік, өнер додасына сазгер Болат Қохаманов, Д.Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің әншісі Аманжан Басығариев, Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының бас режиссері Ақмарал Машимова, Н.Жантөрин атындағы Атырау об­лыстық филармониясының көркемдік жетекшісі Венера Машкалиева, сазгер Бақытбек Сартбаев қазылық етті. Екі кезең бойынша өткен байқауға облыстың түкпір-түкпірінен 30 өнер­паз қатысып, бақ сынасты. Нәти­жесінде, бас жүлде Айгерім Нығ­метоваға (Атырау қаласы), I орын Айдана Бақытоваға (Исатай ауданы), II орын Асан Дастанға (Қызылқоға ауданы), III орын Айбек Ғасырбеков (Атырау қаласы) пен Сағынғали Ер­болатқа (Құрманғазы ауданы) бұйыр­ды. Бұдан бөлек арнайы жүлделер де табысталды.

Салтанатты жиында аталған ән бай­қауы мен таеквондодан Батыс аймақ­­­тық ашық турнирінің, облыстық жас ақындар мүшәйрасының жеңім­паздары Хиуаз Доспанова атын­да­­ғы төсбелгімен марапатталды. Н.Жан­төрин атындағы Атырау облыстық филармониясы әртістерінің мерекелік концертімен жалғасқан мәдени іс-шарада облыстық тарихи-өлкетану му­зейі ұсынған Кеңес Одағының Батыр­­ларына арналған көрме ұйым­дас­тырылды.

Журналист Тұрсын Қалимованың айтуынша, мерейтойға орай Хиуаз­дың өміріне арналған деректі фильм түсіру жоспарланып отыр. «Фильм­ге апамыздың көзін көргендер ғана емес, Мәскеуде тұратын майдандасы Галина Павловна да түсіріледі. Ол М.Раскованың құрған полкіндегі көзі тірі жалғыз майдангер. Жасы тоқсан жетіде. Деректі фильм барысында сол кісінің Раскова, Доспанова, басқа да ұшқыш қыздар туралы әңгімесін жазып алғымыз келеді. Ең бастысы, кино сапалы түсірілсе дейміз. Ал қаржы­лық қолдау жағы әлі белгісіз. Облыс әкіміне ұсыныс хат берілді. Енді жауап күтіп отырмыз», дейді ол.

Сахнада – кейіпкер-Хиуаз

Өрімдей қыздың майдан дала­сына аттанып, ұшағымен жауды бом­балаған ерлігінде қаншама батыл­дық, қаншама тәуекел жатыр. Ал сол соғыстан тірі қайтып, отбасын құ­рып, басшылық қызметте елдің игі­лігі үшін еңбек еткені тіптен таң­ғалдырады. Осынау қилы ғұмырда жап-жас Доспанованың үмітін жал­ғап, жүректегі отын сөндірмеген не екен дейсің. Бөлек болмыс па, қайрат па, әлде әділет пе... Иә, Әлихан айт­қандай, «ұлтқа қызмет ету – білім­нен емес, мінезден». Бала кезінен қай істе де белсенді болған Хиуаз Дос­па­нованың әуеде оқ пен оттың ортасында қаймықпай, қажымай, өз міндетін орындап келіп, бейбіт күнде де партия жұмыстарына араласып, Алматының дамып, гүлденуіне үлес қосуы, ең алдымен, мінезінен болар. Әлқисса.

Біз сахнадан көрген Хиуаз қабағы қатулы, тік мінез, мысы басым, өмір­ге адал, сөзге әділ еді. Қартайса да жа­на­рында сәулесі мен мұңы бар-тын. Қысқа ғұмырда соншама тра­ге­дияны бастан өткерген жанның адам­­ға көзқарасы да біртүрлі терең болады екен. Дәл бір тұңғиықтан қарап тұрғандай. Өңмеңнен өтер сол көзқарас тарихи оқиғалардың куә­сіндей, сұм соғыстан қалған сары қағаздай сөйлейді.

Хиуаз Доспанованың туған күні­не орайластырылған мерейтойы Ма­хам­бет атындағы академиялық қазақ драма театрында өткен Әлия Дәу­летбаеваның «Хиуаз» драмасымен жалғасты. Тұсаукесер туындының ре­жиссері – Мұқанғали Томанов, су­ретшісі – Темірбек Мұхтаров. Ұш­­қыштың жас кездегі бейнесін Нұр­гүл Шманова, қария шағын Сәуле Байменова сомдады. Спектакль каме­ралық форматта қойылған, яғни кө­рер­мендер актерлармен бірге отырып көреді. Ең қызығы, премьераға жиналған қауымға белгіленген орын жетпей, біразы тұрып көрсе, балалар жерге отырып-ақ тамашалады.

Қойылым авторы Әлия Дәулетбаева шығарма мен режиссерлік жұмыс­тың қалай үйлесім тапқанын атап өтті.

– Қаһарман ұшқыш – құм перзен­ті… Табиғаты тосын, бірбеткей… Тағ­дыры тауқыметті. Темір жүйе тұн­шық­тырмақ болған тік мінез. Омырт­қасыздар жайлаған ортаға бейімделе алмаған рәсуа ғұмыр… Туған жері оның рухына құрмет көрсетті. Бірне­ше күнге созылған іс-шаралар «Хиуаз» драмасымен қорытындыланды. Ре­жиссер Мұқанғали Томанов жасаған дүниелердің жүрегі соғып тұрады ғой. Сезім мен мықты динамика. Сурет­шінің шеберлігі мен талантты актри­салар… Оқ пен оттың арасында жо­ғалмаған тазалық, аңқаулық пен албырт­тық. Қыз күлкісі… Театр сахнасында майдан психологиясын берудің қиындығын көзі қарақты көрермен білуі керек. Батыр апамыздың рухы шат болсын! – деді ол.

Айта кетейік, театр репертуарына енген спектакль атаулы күнге орай жұртшылыққа тегін көрсетілді.

Ақиқатында, тарих өз жолында­ғы жұлдыздай жарқыраған батыр, талантты тұлғаларын ұмытпайды. Адам­заттың игілігіне, бейбіт өміріне, тыныштығына үлес қосқан әр жүректі жанның есімі өз халқымен жасай бермек. Хиуаз Доспанованың биылғы мерей­тойы қарсаңындағы іс-шаралар ал­дағы уақытта да жалғасады.

р

 

НҰР-СҰЛТАН – АТЫРАУ – НҰР-СҰЛТАН