Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.Ақсақалов бұл міндетті біршама орындап, көптеген ауылдық елді мекендерде тұрғындармен кездесулер өткізді. Соңғы кездері ғана әкім Қызылжар ауданының Шаховской, М.Жұмабаев ауданының Возвышенка, Шал ақын ауданының Жаңажол ауылдарында болды. Кездесу екі жаққа да тиімді болғаны анық. Халық әкімнің аузынан облыс көлемінде істелініп жатқан жұмыстармен тікелей танысты, ал әкім алыс ауылдар тұрғындарының көптеген мәселесін ауыл, аудан әкімдерінің есептерінен емес, тікелей халық аузынан естіді. Әрине, мәселе көп. Президенттің тапсырмасымен министрлер де облыстарға ат басын жиі бұратын болды. Жуырда ғана солтүстікке Энергетика, Денсаулық, Білім және ғылым министрлері арнайы ат басын бұрды.
Мәжіліс отырысындағы сөзінде Президент Қ.Тоқаев елімізде жаппай бюрократияның орын алып отырғанына назар аударып, бұл мәселені шешуге талпынуды тапсырған. «Тағы бір үлкен проблема – тоталдық бюрократия. Бюрократия азаматтардың бойына мемлекеттік аппарат жайбасар, енжар машина деген түсінік қалыптастырмауы мүмкін емес. Бюрократия – барлық реформалардың сапасыз болып іске асуының басты себебі», деген еді.
Ал енді осы бюрократиямен күресте қозғалыс бар ма, әлде Президенттің сөзі орындалмай қалды ма деген ой туады. Бәлки орталықтарда бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар бар-ақ шығар, ал өңірлерде бұл бұрынғыдан да тереңдеп бара жатқанын күнделікті өмірде көріп жүрміз.
Бюрократияның өзегінде безбүйректік жатқанымен түбі надандықтан бастау алады. Барлық демократиялық қоғамның үшбұрыштық иерархиясын қарастырсақ, ең биік сатыда адам тұрады. Одан кейінгі баспалдақты қоғам алады. Ал билік, яғни мемлекеттік аппарат ең төменінде болуы керек. Бұл – барлық іс-әрекет, жақсылық пен жасампаздық ең алдымен адам үшін жасалады деген сөз. Содан кейін ғана қоғам үшін қимылдаймыз. Ал жақсылық жасауды ұйымдастырып, қызмет жасайтын билік. Ол тұтынушы емес, халық пен қоғамға қызмет етуші.
Ал бізде түбірімен керісінше. Әрине, халыққа қызмет ету керек деген ойлар, ұсыныстар мен пікірлер айтылады, бірақ сол орындалмайды. Бізде үшбұрыштық иерархияның төбесінде билік жеке-дара орналасқан. Бәрі де соған қызмет етіп, айтқаны болса бұлжытпай орындау керек дегенді шенеуніктер жүректеріне бекем түйіп алған.
Қарапайым мысал айтайық. Жуырда Солтүстік Қазақстан облысының М.Жұмабаев ауданының бір ауылында белгілі азамат қайтыс болып, соның дұғалық асын беруге орын табылмады. Мектеп шенеуніктерден қорқып жолатпайды, мешітке округ әкімі рұқсат бермей қойған. Басқа үлкен орын болмағандықтан жаназаға келген халықты анда-мұнда сабылтып, бірнеше үйге бөліп түсірді.
Бұдан нені көруге болады? Бұдан мектеп те, мешіт те адам үшін емес, билік үшін тұрғызылғанын көруге болады. Анау билікте отырған бюрократ басын шайқаса болды, халықты ешкім керек қылмайды. Оның ойынша құрылыстың бәрі халықтікі емес, биліктікі, қаласа игілігін сол ғана көруі керек. Егер сол мектеп пен мешіттің бірінде құран оқылып, ас берілсе, одан сол жерге бірдеңе жұғып қала ма? Қазір халықтың көзі ашылған, Құраннан қорқатын заман емес қой. Бірақ өзінің атына сөз келіп қала ма деген бюрократ бастық ештеңеге қарамайды, халықтың қиналғанына, орын таппай сандалғанына оның басы ауырмайды. Оған халық керек емес, астындағы орынтақтың шайқалмағаны ғана керек. Осындай мысал жалғыз солтүстік емес, еліміздің барлық түкпірінде бары анық.
Ал енді осының түбіне қарасаңыз надандықтың иісі мүңкіп тұр. Бюрократ өзінің надандығының кесірінен негізгі міндеті – халыққа қызмет ету, халықтың көңілін табу екенін ешқашан ойлап көрмеген. Екінші бір қарапайым мысалды алайық. Қазір мемлекеттік немесе азаматтық деп аталатын бір жерге қызметке кіретін адам жиырма шақты қағазға қол қояды. Олары несі дейсіз ғой.
Олар толып жатқан сыбайлас жемқорлық жөніндегі прокуратураның, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің, полицияның, әкімдіктің қаулылары, оған қарсы күресетін заңдар мен тәртіптер, қызметтік нұсқаулар, міндеттер, ескертулер, т.т. Осыларды оқып шығудың өзіне кем дегенде бір күн кетер еді, бірақ оны ешкім де оқымайды, қол қоя салады. Бұрқыраған қағаз бір үстелден екінші үстелге ауып, көшіп-қонып сапырылысып жатады...
Сосын нашақор, психопат, ішкіш, дені сау, сотталмаған адам екенің туралы бөлек-бөлек, толып жатқан анықтамалар әкелуің керек. Жүйкеңіз мықты болып, осының бәрін жинасаңыз енді флюрографияға түскеніңіз туралы анықтама әкелуіңіз керек деп шығады... Қызметке алып, өздерінің ортасында күнде көріп жүретін емес, құдды бір ғарышқа ұшырайын деп жатқан адам сияқты боласыз. Жаңа жер қызметке кіретін адамның барлық тұрпатына күдік, күмән келтірумен қарсы алады.
Осының бәрі алдымен адамға деген сенімнің жоқтығы, алдыңызда тұрған адамға емес, әкелген анықтамасына ғана сену деген қатып қалған қағиданың орнағанын көрсетеді. Жұрттың бәріне ауру, нашақор, қылмыскер деген күдік келтіру – адамның қадір-қасиетіне шәк келтіру емес пе? Оны ешкім ойлап жатқан жоқ. Осының бәрін өмірбаянында көрсетуді сұраса, егер ондағы көрсеткені артынан жалған болып шықса, міне сол кезде ғана адамға күмән келтіруге болады.
Өркениетті елдерде адамға осынша сауал жүктеудің өзі оның ар-намысын аяққа басу деп саналар еді. Ешқашан есірткінің, ішімдіктің маңына жоламаған адамды нашақор, алкоголик, психопат емес екені жөнінде анықтама әкел деп нарко немесе психодиспансерге қуса, әрине, намыстанады.
Ал адамды тұлға деп емес, биліктің бір винті деп қана ұғатын біздің бюрократиялық қоғам осының бәрін дұрыс деп санайды. Осы талаптарды туғызып, адамдарды сансыратып қойғандар кім деп ойлайсыздар ғой. Олар біздің бірін-бірі қайталап, бірінің өкшесін бірі басып, сапырылысып жатқан, қаптап кеткен бюрократиялық шенеуніктер, яғни мемлекеттік аппараттың қызметкерлері. Олар қызмет орындарына адамдарға тек сенімсіздік көрсетуді басшылыққа алған осындай талаптарды жүктеп қойған, ал алда-жалда бір қағазы кем болса, мұндай адамды жұмысқа неге алдыңдар деп айыппұл салуға аласұрады... Президент айтқан «тоталдық бюрократия» деген – осы.
Оның үстіне біздің адамдарға деген құрметіміз де су түбіне кетіп бара жатыр. Үлкенді құдайындай құрметтеп, қолдан келген көмегін жасауға әзір тұратын бұрынғы жастар қазір жоқ. Осындай тамаша ұлттық қасиетімізді де «тоталдық бюрократия» жоқ қылған.
Мәселен, әкімдіктің немесе министрліктің есігінде отыратын полиция қызметкеріне сен жассың ба, әлде ата сақалы аузына түскен ақсақалсың ба, бәрібір, тұра қалып тергеп, құжаттарыңды, телефоныңды – бәрін қопартып, тексеріске салады. Рас, қазіргі заманда қауіпсіздік үшін тексеріп кіргізу керек-ақ шығар. Бірақ қалжырап тұрған қартты да террорист деп күдіктенуге бола ма? Керісінше ондай жанды еш кедергісіз, жылы шыраймен кіргізіп жіберу керек қой. Қайдағы... Ондай кісілік есікте отырғанның татпаған дәмі ғой, оның басты міндеті барлық адамға тек күдікпен қарау.
Егер біз өз қоғамымызды сауықтандырып, Жаңа Қазақстанға қадам басайық десек, ең алдымен адамды сыйламайтын, ар-намысын аяққа басатын топастық пен надандықтан «нәр алатын» осы бюрократтық кедергілермен күресуіміз керек. Соны еңсерсек қана бізде реформалар да дұрыс іске асатын болады.
Солтүстік Қазақстан облысы