Аймақтар • 20 Мамыр, 2022

Өрендер шықты сайысқа

457 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Петропавлда республикалық Абай-Мағжан оқуларының облыс­тық кезеңі аяқталды. Оған облыс мектептерінен 3-11 сынып оқу­шы­лары арасындағы 150-ден астам шәкірт қатысты. 11 номи­нация бойынша сайысқан балалардың жүзі бал-бұл жа­нып, жүлделі орындар алуға деген ынталары зор болды. Бұл номи­на­циялардан басқа «Абай жаққан бір шырақ» атты бастауыш сынып оқушыларына арналған бір номинация да болды. Онда 1-4 сынып­тың балдырғандары Абай өлеңдерін жатқа айтудан жарысты.

Өрендер шықты сайысқа

Биылғы Барыс жылын Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп ата­ғаны мәлім. Аталған іс-шара осы жыл­да жас өрендердің сана­сы­на қазақ даналығы мен өне­рі­нің көркемдігін сіңіру, ақыл-ойын дарыту мақсатында ұйым­дастырылған екен. Сондықтан іс-шара облыстың барлық түкпі­рін­дегі мектепті қамтып, сахна­ға барлық ауыл-қала мектебі­нің өнерпаз ұландарын шығарып отыр. Мәдени іс-шараға құттық­тау сөзін айтқан облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков бүгінгі өрендердің ұлт­тық әдебиет пен өнерге жа­қындай түсуіне Абай мен Мағ­жанның ақыл-ойы кемел, көр­кем­дігі келіскен, танымы терең поэ­зиясы мен қарасөздерінің орны бөлек екенін атап айтты.

Осыдан әрі көркем күй ойнап тұрған сахнаға сайысқа қатысу­шыларды өнерлерімен құт­­тықтаған бірнеше әнші-күйші шықты. Соның ішінде Абай атын­дағы ма­­ман­дандырылған мектеп-гим­назия­сының мұғалімі Майра Удашке­қызы мен оның шәкірті Зарина Шораева Мағжанның «Сүйемін» өлеңіне жазылған әнді орындады. Ал 1-2 сыныптардың төрт балдырғаны Абайдың жыл мез­гілдеріне арнаған төрт өлеңін оқыды.

Сайысқа шығарылған номи­на­ция атаулары да ерекше. Олар екі ақын поэзиясының бі­раз қырын қамтыған. Атаула­рын айтар болсақ, «Өлең сөздің пат­шасы, сөз сарасы», «Көңі­лім әнді ұғады», «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда», «Абай қара­сөздерінің даналығы», «Ұлылар әлемі», «Жасынан оқу оқып, өнер қуған», «Өлмейтұғын арты­на сөз қалдырған» және т.б. М.Қозыбаев атындағы СҚУ Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы­ның меңгерушісі, профессор Жанбай Қадыров бастаған қазылар ал­қа­сына жеңімпаздарды анықтау оңай болған жоқ. Жекелеген номинациялар бойынша «Дарын­ды балаларға арналған «Білім-инно­вация» лицей-интернаты­ның 10-сынып оқушысы Нұрлан Әді­лет, Есіл ауданындағы Бұлақ мектебінен Әйгерім Төлебай, Ә.Дос­мұхамбетов атындағы гим­на­зия-интернатынан Алтынай Ере­жепова, №25 орта мектептен Диана Жоламан, М.Айтхожин атын­­дағы №1 орта мектептен Анге­лина Аракелова, Абай атын­дағы мектеп-гимназиядан Бекзат Бағ­дат, Бексейіт орта мектебінен Әспет Тұрсынбаевалар жеңімпаз деп танылды.

Ал аталарының өлеңдерін жат­­қа оқу бойынша 1-4 сынып бал­дырғандары арасынан Жас­мина Ахметова, Елнұр Оңда­сын, Ердәулет Кәрібай, Аружан Қа­жымұрат үздік шықты. Облыстық кезеңде үздік шыққандар енді республикалық кезеңге дайындалатын болады.

 

Петропавл