17 Сәуір, 2014

Өзара тәжірибе алмасты

360 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Погодин атындағы орыс драма театрында аудан, ауылдық округ әкімдерінің, агроқұрылым, ведомоство басшыларының, инвесторлар мен фирма өкілдерінің және Ресеймен шекаралас аймақтағы Қорған, Омбы облыстары ғалымдарының қатысуымен көктемгі дала жұмыстарын ұйымшылдықпен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің семинар-кеңесі өтіп, өзара тәжірибе алмасты. Жиынға қатысушылар ауыл шаруашылығы көрмесін тамашалап, заманауи техникалар үлгілерімен танысты. Алқалы басқосуды аймақ басшысы Самат Ескен­діров ашып, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арнал­ған «Агробизнес-2020» бағдарламасын орындау жо­лын­дағы міндеттерге тоқталып, Үкімет тарапынан егін­шілерді қолдау дәйекті жалғастырылатынын жеткізді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров жерге дән сіңіру науқанын ұйымшылдықпен атқару шараларын баяндап берді. Биыл егістік алқабы 4,3 миллион гектарды құраса, 3,8 миллион гектарына дәнді дақылдар себу жоспарланған. 520 мың тонна тұқым дайындалған. Көктемгі егіске 14500 трактор, 16500 сеялка, 1100 себу кешені, 2 мыңға жуық автомобиль қатысатын болады. 71 мың тонна дизель отынының 11 мың тонна бензиннің, 3,2 мың тонна мотор майының үштен бірі жеңілдетілген бағамен босатылып, шаруашылықтарға жөнелтілген. Сібір ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Иван Хромцов, Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Владимир Мещетич, «Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының басшысы Жексенбай Қасқырбаев, Сібір тәжірибе стансасының жетекшісі Иван Лошкомойников, «Тайынша-Астық» ЖШС директоры Анатолий Рафальский, тағы басқалары дәнді, майлы, жемшөп дақылдарын егу ерекшеліктері, ресурс үнемдеу технологиясын жетілдіру жайлы ойларымен бөлісті.  Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.