«Рахат» АҚ және «LOTTE Confectionery» компаниясы Наурыз мерекесіне орай Алматы облыстық №1 балалар үйінде қайырымдылық шарасын өткізіп, игілікті іс атқарды.
Қазақстандық белгілі бренд «Рахат» АҚ пен аталған балалар үйі арасында ізгі ниетке толы қарым-қатынас орнағанына жиырма жылдан астам уақыт болыпты. Осы кезең ішінде компания балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тәтті сыйлықтар тарту етіп, Жаңа жыл, Балаларды қорғау күні, мектеп бітіру кеші сияқты басқа да мерекелерде балалардың қуанышын еселей түсті. Еліміздің кемел гимнімен қоса «Армандастар» әні шырқалғанда балалардың қолындағы «көпті көрген» көне аспаптар даусы тыңдаушыларды тәнті етті. Бұдан кейін экскурсия жүргізіліп, балалар мен тәрбиешілер мұндағы тәрбиеленушілердің тұрмыс-тіршілігімен таныстырды, ойын бөлмелерін, компьютер сыныптарын, теледидар қойылған кең фойелерді көрсетті.
Дегенмен, балалардың басты байлығы – дарындылығы. Мұнда әр бала жаны қалайтын, қабілетіне сай істі табуға тырысады, олар үшін сүйікті іс – кескіндемемен қоса сан алуан технология бойынша қолөнер туындыларын жасау, музыка мен би. Үш жасар бүлдіршіндер шеберлігі жағынан он алты жастағы жеткіншектерден қалыспайтын би тобының алмайтын қамалы жоқ сияқты, қазақ биінің нәзіктігін, лезгинканың мәнерлілігін, гопактың жалынды жастығын, орыс биінің ырғақтылығын, қара жорғаның өзіндік ерекшелігін де балдырғандар нақышына келтіре орындады.
Балалар республикамыздағы көптеген ұлыстың ұлттық билерінің бояуын барынша аша түсті. Қос Володяның домбыраны асқақтата тартуына, 12 жастағы Самат Андреевтің дауысының әуезділігіне қалай сүйсінбессің! Саматты құрбылары «жұлдыз» деп атайды. Ол – көркемсөз оқу байқауының жеңімпазы. Алматы қаласының басты мәдени орындарында концерт жүргізеді. Бишілер де марапаттан кенде емес, жақында олар халықаралық би байқауында украин халқының шабытты биін орындағаны үшін бас жүлдеге ие болыпты. Мұның бәрі – жеткіншектердің еңбектенуі мен олардың тәрбиешілері, ұстаздары мен хореографтардың жұмыла тер төгуінің нәтижесі.
Еліміздегі халықтар достығын қастерлеу Наурыз мерекесінің негізгі тақырыбының арқауына айналыпты. Балалар көптеген ұлттардың шығармашылығын көрсетуге тырысты.
– Жас әртістер шоқжұлдызының шынайылығы мен дарындылығына тәнтімін, – дейді мерекенің мәресінде «Рахат» АҚ басқарма төрағасы Александр Зенков. – Балалардың барлығын «Рахаттың» тәттілерінен сыйлық жасап, қуанту – біз үшін мәртебе.
Қайырымдылық дәстүрінің жалғаса беретінін «Рахат» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Сон Джонг Сик мырза да атап өтті. Қоғам алдағы уақытта да балаларға берілетін көмек көлемін ұлғайтып, қазақстандық брендтің басқа да дәстүрлерін жалғастыруды жоспарлауда. Өнім сапасы да өзгермейді, оның түр-түрі көбейіп, таратылу аймағы да кеңейеді.
– Шымкентте жаңа өндіріс алаңымыз бар, – дейді Сон мырза. – Қазіргі кезде маркетингтік зерттеулер жүргізілуде. Соның негізінде «Рахат» және «LOTTE» өнімдерінің ассортиментін арттырумен компанияның алдағы қызметі айқындалады.
Соңғы бірнеше онжылдықтар бойы «LOTTE Confectionery» Оңтүстік Кореяның кондитерлік нарығында №1 ойыншының ұстанымында. Кәсіпорын сонымен бірге, Азиядағы нөмірі бірінші кондитерлік компанияға айналу үшін өзінің стратегиялық мақсатына сәйкес Оңтүстік Кореядан шет аймақтарда жаңа нарықты игеруде.
Қайырымдылық көмек көрсету – компанияның Қазақстандағы жалпы әлеуметтік саяси маңызды бағытының бірі болып қала береді.
«Рахат» көп жылдардан бері «Спешиал Олимпикс Қазақстан» Алматы филиалына, «Жанұя» мамандандырылған кешеніне, № 7 мектеп-интернатқа, «SOS Балалар ауылына» және тағы басқаларға көмек қолын созып жүр. Компания мүмкіндігі шектеулі балаларға, жетімдер мен тұрмысы нашар отбасылардың балаларына арналған түрлі спорттық, мәдени, мерекелік шаралардың өткізілуіне де қолдау көрсетіп, соғыс және еңбек ардагерлерін, мүгедектерді, зейнеткерлер мен интернационалист-жауынгерлерді, тамақ өнеркәсібі саласының ардагерлерін де назардан тыс қалдырмайды.
«Рахат» АҚ экономикалық қиындықтарға қарамастан, келешекке нық сеніммен аяқ басуда. Қазіргі заманғы технологиялық жабдықтармен жарақтанып, жоғары білікті мамандардан құралған кәсіпорын сапасы жоғары өнім шығарып, түрін көбейтуге ұмтылып, қаптау-орау әдістерін жаңаша түрде өндіріске енгізуде. Осыншама күш-жігер қазақстандықтардың дастарқанынан «Рахат» кәмпиттерінің үзілмеуіне негізделеді.
Марат АҚҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.