Референдум-2022 • 22 Мамыр, 2022

Жастар қалауы – жарқын келешек

762 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ел Конституциясына енгізілетін өзгерістер жастарды да қызықтырып отыр. Өйткені елдің ертеңіне елеңдеп, адал қызмет етуді мақсат еткен отаншыл жастардың қалауы – жарқын келешек.

Жастар қалауы – жарқын келешек

Атырауда елді өркендетуге енжар қарамайтын жастардың бір тобы Абай орталығында бас қосып, референдумға ұсынылған өзгерістердің маңызын талқыға салды. Мәселен, республикалық референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі өңірлік штаб мүшесі Дәурен Сейітқалиевтің пікірін­ше, Конституцияға енгізіл­ген бұ­рынғы өзгерістерді Парла­мент­тің қос палатасының депутаттары ғана талқылады. Бұрын мұн­дай өз­герістерді енгізуді мақұл­дау бұ­қараның араласуын­сыз шешімін тапты. Ал бұл жолы өзгеше қадам жасалып отыр. Бұл – халықтың талқысына ұсынылып, референдум арқылы таңдау жасау.

– Қазір ауылдардың әкімін жергілікті тұрғындар сайлайды. Алайда халық сенім артқан əкімдердің қолында ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағ­дайын жақсартатындай тетік жоқ. Ауыл әкімдері тек салық жинау, сенбілік ұйымдастыру секілді шаруалармен айналысып жүр. Ықпалы жоқ әкім аудандық, қалалық, облыстық əкім­дікке жалтақтап қарайды. Қар­жылық мəселелерді шешу үшін өздігінен шешім қабылдауы қиын. Енді референдумнан ке­йін тек ауылдық округтің емес, аудан, қала, облыс əкімін халық сай­лайтын болса, тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық ахуа­лын жақсарту бағытында оң өзгеріс болатынына үміт бар. Сол әкім сайлауына үміткер ретінде іскер, танымал, халықпен етене араласып жүрген азаматтар түсуге мүмкіндік алады, – дейді Дәурен Сейітқалиев.

Оның айтуынша, мұны демо­кра­тиялық тұрғыдан өте тиімді қадам деуге болады. Былтыр дәл осындай батыл тәсіл ауылдық округ әкімдерінің сайлауы кезінде тə­жірибе ретінде бастау алды. Бү­гін­гі қазақ қоғамы осы үрдістің тә­жі­рибе күйінде қалмағанын, ал­да­ғы уақытта аудан, қала әкімдері де тікелей сайланғанын қалап отыр.

Отаншылдық, патриоттық сезімі бар жастар елдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне оң ықпалын тигізер өзгерістерді қолдайды. Соның дәлеліндей, өңірдегі жас белсен­ділер әлеуметтік желілерде ре­фе­рендумға қолдау білдіру мақ­сатында челлендж акциясын бас­тады. Онда белсенділер бұқа­ра­ны референдумға қатысуға шақырған жазбалары мен видеоларын бөлісіп жатыр.

– Біз – Атырау жоғары меди­ци­налық колледжінің студент­тері Жаңа, Әділетті Қазақстан­ды құруға үлесімізді қосқы­мыз келеді. Әрине, біз әлі студент­піз, жұмысқа орналаса қойған жоқпыз. Бірақ еліміздің келешегі жарқын болуы үшін қоғам­дағы өзгерістерді жатсынбауы­мыз керек. Сол себептен, бүгінгі қоғам­ның бір мүшесі ретінде заман­дастарымыз алдағы рефе­рен­думға қатысуы қажет деп есеп­тейміз. Өйткені біз Қазақ­стан­ның өркендеу жолы, басқару тетігі жаңарғанын, сол мақсат­­қа жеткізер өзгерістер Консти­ту­цияға енгізілгенін қалаймыз, – дей­ді медициналық колледждің сту­денті Раушан Айтпаева.

Ал Атырау қалалық мәсли­хатының депутаты Азамат Асыл­бековтің пікіріне сүйенсек, референдум өткізу бейжай қарайтын мәселе емес. Мұның бірнеше себебі бар.

– Біріншіден, Президенттің мұндай бастамасын жаһан­дық сын-қатерлерге толы қазіргі ке­зеңде елдің саяси жүйесін жедел жаң­ғыртуға жасалған батыл қадам деуге болады. Демек референдум – әрбір азамат­қа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік беретін маңызды демократия­лық тетік. Екіншіден, Ата Заң­ның бір­неше бабына енгізілетін түзету­лерді зерделейтін болсақ, демо­кратиялық дамуға, Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған тың мемлекеттік модельді бай­қай­­мыз. Суперпрезиденттік бас­қару­­дан бас тарту арқылы саяси жү­йенің орнықтылығы үшін тепе-тең­дік жүйесін құру көзделіп отыр. Үшіншіден, Президенттің, Ор­та­лық сайлау комиссиясы төр­аға­сы мен құқық қорғау органдары басшыларының партияға мү­ше болуына тыйым салу да маңыз­ды өзгерістің бірі екені дау­сыз. Мұн­дай өзгеріс партиялар арасын­дағы бәсекелестік күрестің негізін қалайды, – дейді Азамат Асылбеков.

 

Атырау облысы