Пікір • 23 Мамыр, 2022

Шешілуі керек төрт түйткіл бар

276 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнестің өкілдерімен кездесті. Аталған кездесу арқылы Президент ел экономикасының маңызды секторына артылған сенім мен жауапкершіліктің зор екенін, сондай-ақ бизнесті қолдау мемлекеттің назарында екенін аңғартқандай болды. Бұл ретте біз аталған оқиғаға орай сарапшылардың айтқан пікірін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Шешілуі керек төрт түйткіл бар

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкіл­дерімен кездесуде кәсіп­кер­лер үшін өте өзекті болып отырған мәселелерді айтты. Соның ішінде аграр­лық проб­лемалар да қа­лыс қалған жоқ. Қазір ауыл шаруашылығы саласында жағдай біртін­деп жақса­рып келе жатыр. Деген­­мен шешілмей жатқан түйт­кілдер де баршылық. Біз оны Үкіметпен бірлесе оты­рып реттеуге дайынбыз.

Біріншіден, қаржылан­дыру­дың қолжетімсіз­ді­гі. Фер­мерлер ақшаға бір­ден қол жеткізе алмайды. Оған шаруалар кепіл мү­лігінің тө­мен бағалануы, несиелеудің ұзақ мерзімі және аграрлық саладағы қар­жыландыру ли­митінің бекітілуі. Мысалы, оң­түс­тік өңірлерде саман­нан және қамыстан салынған үй көп. Банктер ондай үйді кепілге алмайды. «Аграр­лық несие корпо­рациясы» жылжы­май­тын мүліктің нарықтағы құны­ның 30 па­йызын ғана бере­ді, ал ірі қара, ұсақ мал, жыл­қы сияқты биологиялық активтер өтімділігі төмен ке­піл қатарына жатады. Ауыл­­дардың алыс орналасуы да – күрделі проблема. Мәселен, шалғайдағы Нарынқол­дан фермерлер несие ресім­деу үшін облыс орталы­­ғы Талды­қорғанға бірнеше мәр­те баруға мәжбүр. Одан бөлек банк қызметкерлері тағы қосымша құжат сұ­райды. Оны әкелу үшін фермер тағы бірнеше рет қатынайды. Осындай түйт­кілді шешу үшін кепілді мүлікке қойы­латын талапты қайта қарап, процестерді максималды түрде автоматтандыру керек.

Екінші мәселе, ветери­нарияға қатысты. Ауыл­дық жерлерде мал дәрігері­нің жетіспеуі жағдайды қиын­датып тұр. Қазір салада 9 мың мал дәрігері жұмыс істейді. Ал шын мәнінде бұ­дан екі есе көп маман керек.

Үшінші мәселе, суар­малы су тапшылығы. Әсі­ресе, бұл оңтүстік диқандарының бас ауруына айналып тұр. Сарапшылардың бағалауынша, суару кезінде судың жо­ға­луы 40 пайыздан асады. Себе­бі, су ша­руашылығы инфра­құры­лымының (магистралдық және шаруа­шылық іші­лік каналдар, суландыру жүйе­лері, су қоймалары және т.б.) тозған. Республика­да­ғы суар­малы жерлердің 15 пайы­зында ғана су үнем­деуші тех­­нологиялар ор­на­­тылған. Оның өзі көп қара­жатты қа­­жет етеді. Мысалы, 1 гектар жерді там­шылатып суару үшін 700-800 мың теңге жұмсалады. Бұл қарапа­­йым фермер үшін әжептеуір қаражат.

Судың өнімділігін оң­тай­­ландыру және көр­ші­лес елдерден су жіберу­ден тәуелсіздікті қамта­ма­сыз ету, сондай-ақ ауыл ша­руа­­шылығы дақылдары­ның шы­ғымдылығын арттыру мақ­сатында мемлекет суару жүйелері мен су қой­мала­рын салу мен қай­та құруды кү­шейтіп, орын­далуын ерекше бақы­лап, суды үнемдейтін тех­но­логияларды енгізуге арналған қаражат бөліп, ­шаруа­ларды ұзақмерзімді және арзан сумен қамтама­­сыз ету қажет.

Төртіншіден, саладағы техникалардың 80 пайыз­ға жуығы ескіріп тұр. Көп ша­руа тіпті отандық ауыл­шаруашылық техникасын да ала алмайды. Ал сырттан келген техникаларға утиль алымның енгізілуі ахуалды одан әрі күрделендіріп жіберді. Қазір шаруалар өндірістік қуаты жоғары техникаларды алып келген жағдайда утиль алымды қос­қанда 7 млн теңгедей тө­лейді. Сондай-ақ 12 па­йыз көлемінде төленетін қо­­сымша құн салығы тағы бар. Мұның бәрі ауыл­ша­руа­шылық техникаларын ­қол­жетімсіз етіп тұр. Осы проб­лемалардың барлы­ғын шешуге, Үкіметпен тізе қосып жұмыс істеп, жедел түрде тиімді орта қалып­тастыруға дайынбыз.

 

Ербол ЕСЕНЕЕВ,

«Атамекен» ҰКП басқарушы директоры