Референдум • 24 Мамыр, 2022

Халық пен биліктің үйлесімі

324 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде Конституциялық өзгерістерді түсіндіруге арналған «Екінші Республиканың Ата Заңы» деген тақырыпта кездесу өтті. Басқосуға 1993 жылы алғашқы қабылданған Қонститу­циядағы жұмыс тобының мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Төлеш Қаудыров пен Парламент Сенатының депутаты Дана Нұржігіт қатысты.

Халық пен биліктің үйлесімі

Кездесуде Ата Заңымызға енгі­зі­­летін өзгерістер мен толық­тыру­лар және 5 маусым­да өтетін рес­пуб­ликалық рефе­рендумның маңызы туралы мазмұнды сөз қозғалды.

«1993 жылы Президент әкім­ші­лігінде қызмет істедім. Оған дейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінде оқытушы, декан орынбасары болдым. Алғашқы қабылданған Ата Заңымыздың жұмыс тобына аталған жоғары оқу орны заң факультетінің оқы­ту­шы-ғалымдары көбірек тарты­лып, алдымен біз көпшілікке, атқарушы билік органдарына сол жылдары енді ғана қолға алынған нарықтық қатынас экономикасы, жекешелендіру реформа­сы, референдум туралы түсін­діру жұмыстарын жүргіздік», деп тарихқа сәл шегініс жасап бастады сөзін профессор Төлеш Ерден­­ұлы. Сондай-ақ ол тұң­ғыш Конс­­титуцияның ерекше­ліктеріне тоқ­та­лып, онда пар­ламенттік билік­тің басым болғандығын айтты.

«Алғашқы Конституция қиын кезеңде қабылданса да, кейбір мамандардың пікірін­ше, онда билік тармақтары­ның тепе-теңдігі сақталды. Сол Конституцияның жақсы жақ­тарын әлі де пайдалануға болады деп санаймын. Одан бері де біраз уақыт өтті. Бірақ мемлекеттің дамуында, саясатта шалт қимыл жасауға болмайды. Тәуелсіздік деген ең асыл құндылығы­мыз­­ды бағалай білуіміз керек. Сон­дықтан бір қадамнан бір қадам алға жүрсек, ұтарымыз көп. Мем­лекет басшысы Қ.Тоқаев өз сөзінде суперпрезиденттіктен прези­денттікке көшеміз деді. Суперпрезиденттік – бір адамның қолындағы билік деген сөз. Негізі олай болмауы керек. Билік біреу, соның атқарушы билік, заң шығару және сот жүйесі деген үш тармағы бар. Осы үшеуінде сәйкестік болуы қажет. Қазір Президент Ата Заңымыздағы құзы­реттілігін Парламентпен бөлі­сіп жатыр. Сондай-ақ ауыл, аудан, қала әкімдерін халық өзі сай­ламақ. Тағы да басқа жағымды жаңалықтар көп. Бұл – дұрыс процесс. Конституцияға енгізілетін өзгерістер – елдегі рефор­малар­дың бастауы. Референдум – демо­кратияның жоғары сатысы. Ол халық пен биліктің нақты сөй­лесуі», деді белгілі ғалым.

Ал Парламент Сенатының депутаты Дана Нұржігіт Ата Заңымызға енгізілетін өзгеріс­тер мен толықтыруларды «бір әулеттегі үлкен атамыз балаларына еншісін беріп, құзыретін бөліп бергенімен бірдей» деген қазақы образбен бейнеледі.

«Суперпрезиденттіктен пре­­зи­денттікке көшу Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауал­ды тұжы­рым­дамасында бар дүние. Президентіміз сол айтылған реформаларды кезең-кезеңімен іске асыруда. Енді Парла­мент­тің ықпалдылығы артып, пар­тиялар саны көбейеді. Мемле­кет басшысы бұған дейін Аmаnаt партиясының төрағасы болды, енді Президент ешқан­дай партияға мүше болмай­ды. Дербес, сырттан ғана ба­қы­лайды. Тағы бір жаңалық, халық қалаған кандидат Парла­ментке партиялық тізіммен неме­се бір кандидатқа дауыс беру арқылы сайлана ала­ды. Егер Парламенттегі депутат­тың жұмысы елдің көңілі­нен шықпаса, оның мандатын сай­лаушылар қайтарып алуға құқығы бар. Үкімет те істе­­ген жұмыстарына халық ал­­дында есебін береді. Енді ха­лық Үкіметке де, заң шыға­рып отырған депутаттарға да тала­бын қояды. Қысқасы, адам­ның құқығы мен талабы бірін­ші орын­да тұрады. Конс­ти­ту­ция­лық сотқа кез келген азамат өтініш білдіріп, соның көме­гіне жүгінеді. Сон­дық­тан барлығымыз еліміздің жарқын болашағы үшін жауап­кершілікпен референдумға қатысып, дауыс берейік», деді Сенат депутаты.

Кездесу кезінде спикерлерге университет оқытушылары мен студенттер тақырыпқа қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасты.