Өңірде референдумға дайындық жүргізу және ұйымдастыру шаралары облыстық сайлау комиссиясына жүктелген. Комиссия өкілдерінің мәліметінше, референдум күні тұрғындар ерікті түрде сайлау учаскелеріне келіп, Ата Заңға өзгерістер енгізу немесе енгізбеу туралы қалауларын жасырын дауыс беру арқылы білдіре алады.
Екі аптадан кейін өтетін маңызды саяси науқанға облыстық партиялық емес бақылау орталығының бір жарым мыңдай байқаушысы қатысады. Яғни әрбір сайлау учаскесінде осы орталықтың екі өкілі отыратын болады. Сондай-ақ референдум кезінде облыстың барлық аумағында мобилді бақылаушылар жұмыс істейді.
«Қостанай облысында референдумға дайындық аясындағы оқу-үйрету семинарларының бәрі аяқталды. Біздің байқаушыларымыз бұған дейін де бірнеше саяси науқанға атсалысып, мол тәжірибе жинақтаған. Қазір халықпен кездесіп, болашақта Конституцияға енуі мүмкін өзгерістер мен толықтырулар төңірегінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мұның сыртында байқаушылар блокноттарын көбейтіп, басып шығару сияқты толып жатқан ұсақ-түйек жұмыстармен айналысып жатыр. Орталық байқаушылары 5 маусым күні өтетін референдумда өздеріне жүктелген міндетті ойдағыдай атқарып шығатынына сенемін», деді Бейпартиялық бақылау орталығы облыстық филиалының төрағасы Болат Қалиев.
Қостанай облысы