Аймақтар • 24 Мамыр, 2022

СҚО-да егіс алқаптарына дән себу жұмыстары жүргізілуде

452 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысында биыл көктемде 4,1 млн га егіс алқабына дән себілуі керек болса, соның 1,7 млн гектарына немесе 42,3 %-ына дақылдар егілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

СҚО-да егіс алқаптарына дән себу жұмыстары жүргізілуде

СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде көктемгі егістің басталғанына бір апта өтті, осы аралықта 1,7 млн га алқапқа, соның ішінде 1 058,1 мың га дәнді дақыл, 563,2 мың га майлы дақыл, 25,5 мың га картоп, 3,8 мың га көкөніс, 66,4 мың га шөп егілген.

Биыл солтүстікқазақстандық диқандар егістікті 170 мың тонна минералды тыңайтқыштармен өңдемек. Бұл – дақылдардың шығымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Шаруалардың айтуынша, өңірде жауын-шашын аз болғандықтан танаптағы ылғал жеткіліксіз. Сондықтан өткен жылғы қуаңшылық қайталануы мүмкін. Қазіргі таңда диқандар қолайлы ауа райын пайдаланып, тәулік бойы егіс алқаптарында еңбек етіп жатыр.

«Жанармай 100 % жетеді. 71 мың тонна арзан бағамен берілді. Техника 100 % дайын, қазір егіс алқаптарында жұмыс істеп жатыр. Биыл да жауын-шашын аз, облыстың оңтүстік аудандарында ылғал жеткіліксіз. Қызылжар, Мамлют, Есіл және Аққайың аудандарында жаңбыр көп болғанымен, Тимирязев, Ақжар және Уәлиханов аудандарында құрғақшылық. Бұл шығымдылыққа әсер етуі мүмкін», дейді басқарма басшысы Мейрам Меңдібаев.

Биыл 2,7 млн га егіс алқабы 170 мың тонна тыңайтқышпен өңделмек. Осы күні 521 мың га аумаққа 35 мың тонна себілді. Арамшөптерге қарсы 3,3 млн га алқап дәріленеді. Көктемгі дала жұмыстарын мерзімінде атқару үшін жедел штаб құрылды, туындаған мәселелер осы жерде шешімін табады.