Руханият • 24 Мамыр, 2022

«Әуезов, Алаш және Күншығыс елі» атты халықаралық конференция өтті

391 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Халықаралық Түркі академиясы Қазақстанның Жапониядағы елшілігімен бірлесіп, Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл және заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың туғанына 125 жыл толуына орай «Әуезов, Алаш және Күншығыс елі» атты халықаралық ғылыми конференция өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Академияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Әуезов, Алаш және Күншығыс елі» атты халықаралық конференция өтті

Онлайн форматта өткен конференцияға Халықаралық Түркі  академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, Жапонияның Хоккайдо университеті жанындағы славян-еуразиялық зерттеу орталығының директоры Уяма Томохико, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры белгілі ғалым, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Нұрлан Дулатбеков, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы, ҚР Жапониядағы елшілігінің Кеңесші-уәкілі Батырхан Құрмансейіт қатысып, М. Әуезов, Алаш және Жапония сабақтастығын жөнінде ғылыми ой-пікірлерімен бөлісті.

Алқалы жиынға модераторлық еткен Академия басшысы Д. Қыдырәлі Алаш қайраткерлері мен Жапония арасындағы байланыстар туралы баяндап,  бүгінгі шараның Түркі әлемі үшін маңыздылығына тоқталды.

«Дамыған Жапониямен Алаш көсемдері ғана емес, сонымен бірге түркі зиялылары да ынтымақтастық орнатып, нәтижелі істер атқарды. Мәселен, татардың жәдитшіл қайраткері Абдурашид Ибрагимов Ақмола облысына қарасты Атбасарда медресе ашып, кейіннен Жапонияға қоныс аударып, ағартушылық қызметін жалғастырған. Абдурашид Ибрагимов, Ғаяз Исхаки, Мұхаммед Құрбанғалиев сынды татар, башқұрт зиялылары тарапынан 1924 жылы Токиода «Исламия» махалласы» ұйымы құрылып, 1927 жылы алғашқы медресе ашылды. Осы бағытта қызмет еткен зиялылардың түркі халықтарының Жапония туралы таным-түсінігінің кеңи түсуіне  әсері болғаны анық. Сондықтан, Алаш қайраткерлеріне арналған бүгінгі шарамыздың бір арнасы Жапония бағытына байланысты өрбіп отыр», деді Академия басшысы.

Өз кезегінде, конференцияға Жапониядан арнайы қатысқан Хоккайдо университеті жанындағы славян-еуразиялық зерттеу орталығының директоры Уяма Томохико архив материалдары негізінде Алаш қайраткері Райымжан Марсековтың Жапония Үкіметіне  жазған хаты туралы тың ақпаратпен бөлісті.

Ал Қазақстанның Жапониядағы елшілігінің Кеңесші-уәкілі Батырхан Құрмансейіт жапон жазушыларының М. Әуезов жөніндегі ескеліктері туралы баяндама жасады.

Сонымен қатар, алқалы жиынға тарихшы ғалымдар, танымал  зерттеушілер қатысып тыңдарман болды.

Айта кетсек, Түркі  академиясы ғылыми ынтымақтастықты арттыру мақсатында Жапониядағы түркология мен шығыстану саласы бірқатар ғылыми орталықтармен байланыс орнатқан.