«Сандарды сөйлететін болсақ, жол-көлік оқиғалары салдарынан балалардың айтарлықтай зардап шегетінін көруге болады. Мәселен, жыл сайын 200-ге жуық жасөспірім жол үстінде бақилық болып, 3 мыңнан астамы түрлі дәрежедегі дене жарақатын алып жатады. Белгілі себептермен өткен жылдан бастап мектеп оқушыларына жолдағы қауіпсіздік туралы сабақтар өткізілген жоқ. Бұл бағыттағы басқа іс-шаралар саны да азайып кетті. Сол себепті де статистика оңалмай тұр», деді Ж.Мұратәлиев.
Осы жылдағы есепті мерзімнің өзінде жол-көлік оқиғалары салдарынан жарақат алған жасөспірімдердің саны аз емес. Көп жағдайда балалардың өздері ереже сақтамайтын кездер жиі ұшырасады.
«Осы жылдың төрт айында кәмелет жасына толмаған жасөспірімдердің кінәсінен 35 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 4 жасөспірім жол апатынан қайтыс болып, 70 жеткіншек түрлі дәрежеде жарақат алды. Есепті кезеңде республика жолдарында жасөспірімдердің қатысуымен жалпы саны 796 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жол-көлік апатынан 42 жасөспірім өмірімен қош айтысса, 957-сі жарақат алған. Зардап шеккен балалардың жартысынан астамы жолаушылар болса, қалғаны – жаяу жүргіншілер», дейді министрлік өкілі.
ІІМ өкілінің мәлімдеуінше, балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары кезінде ересектер де жиі қателіктер жасайды. Әсіресе, олар автокөлікпен тасымалдау ережелерін жиі бұзады екен. Балаларға арналған арнайы құрал-жабдықтарды (авто кресло, бустерлер, адаптерлер) қолданбайды немесе жасөспірімге қауіпсіздік белдігін тақпайды.
«Жыл басынан бері елімізде 97 кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кету дерегі тіркелді. Соның салдарынан 5 бала мерт болып, 97 жасөспірім жарақат алды», дейді министрлік өкілі. Сонымен қатар ол өз сөзінде полиция органдарының қызметкерлері бұл бағыттағы олқылықтарды болдырмау жолында түрлі іс-шаралар өткізуді қолға алғанын, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар сәтімен жалғасатынын атап өтті. Брифингте Ж.Мұратәлиев жаяу жүргіншілердің кінәсінен болатын жол-көлік оқиғаларының да азаймай тұрғанын да атап өтті.
«Жаяу жүргіншілердің кінәсінен болатын жол-көлік оқиғалары да жеткілікті. Жолды жүру бөлігі белгіленбеген жерден кесіп өту, жақындап қалған көліктің алдынан жүгіріп шығу, бағдаршамға қарамай өте шығу секілді ереже бұзушылықтың салдарынан да қайғылы оқиғалар орын алып жатады. Үлкендер жағы осы мәселеге айрықша назар аударса екен», деді Жандос Мұратәлиев өз ойын түйіндеп.