Қазақстан • 26 Мамыр, 2022

Дүлдүлдің шабысындай «Дүние шіркін...»

335 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

О, ол бір биіктен шырқаған ән еді!
Ол бір жан-жүйеңді түгел тебірентер сөз еді.
Ол бір су ішінде, мұз астында өртеп жіберетін от еді,
Ол бір өліні тірілтер сиқыр еді.

Ғабит Мүсірепов

Дүлдүлдің шабысындай «Дүние шіркін...»

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Тумысынан да, тұлғасынан да өнерпаздық, суреткерлік, суретшілдік, ой мен сөзге, мөлдір, таза, нәзік сезімге ынтызарлық толық бой көрсеткен Илья аға Жақановтың ой-санасында, ми қазанында, көңіл сарайында Құдай жаратқан кеңістіктің мың сан бояу түстерге бөленген көріністері, сиқырлы, керім-кербез суреттері, әуезді, бейнелі, жанды дыбыстары, жалынды оттай жайнаған өмір тәжірибесінен, арман-қиял, мақтаның дәніндей көңіл дүниесінен жиған-терген даналық моншақтары бір мезетте алтын балық үйіріндей шо­ғыр­­ланып, нұры шалқыған тұтас бір сәулелі құбылысқа айналғандай. Айда аяқ, жылда жілік жоқтықтан ба екен, бейне бір сағым сияқты «Дүние шіркін» құбылып, құлпырған сәулетімен қызықтырып, өзгеше өзеуретіп, құлшындырып, соққан желдей лезде бұлдырлап-судырлап өте шығарын есті сезімпаз жан ерекше түйсінері, түсінері хақ. Қыдырдың қайнап шыққан бал бұлағы есіліп аққан, арғымағы көсіліп шапқан ғаламат Ұлы Да­ласы, Мәңгілікке қадам бас­қан Қасиетті Елі – Қазыналы Жері – Ілекеңнің берекелі ой-толғаныстарының негізгі қазығы. Ол табиғатпен шүйіркелеседі, рухани дүниесін байытады, сөйтіп, сұлулық, өмір-тіршілік әлеміне ой көзімен үңіледі, сезім тілімен сөйлетеді. Егер де ерке Есілдің жағасында Сарыарқаның жұпар ауасынан рахат тауып тұрып, ұлы дария Еділ-Жайығын үздіге сағынады. Неге екені белгісіз, сай-сүйегі Еділ-Жайық деп сырқыраса, жан тілегі сонау қарт Қаратау бойында құлын-тайдай тебісіп өскен балғын дәуреннің куәгері Мырзатай Жолдасбековтің:

Дәурен көшіп

барады қарайламай,

Құбылады күн сайын

 қалай-қалай! –

дейтін «Дүние шіркін» әнінің осы бір мейлінше келісті, сыпайы, сұлу лебізді жолдары жан ­жүйесін солқылдатып босатып, қайран, сол бір базарлы шақ­тың қайырылмас күндері елестеп, «таңғажайып ертегі дү­ниесіне қызыққандай», ежелгі ұлы мекеннің ұлағатты ұлы сарындарына, дабылды дүбірлеріне ден қойғандай хал кештім, телегей сырға кенелдім деп жомарт пейілді, мейірлі, берекелі Ілекең...

«Дүние шіркін!» Осы бір тіркес – адам өмірінің, жалған дү­ниенің қимас бір керемет сәті­нің затты сипаттамасы. Сол себеп­ті «арнаулы таусыншақ күнді» ел жүгін арқалаған ерлерше мағы­налы өткізу – парыз. Бір сөз бір сөздің қуғыншысы дегендей, Мырзатай Жолдасбековтің «Дүние шіркін» және Илья Жақановтың «Еділ-Жайық» әндерінің әсерінен ұлт перзенті, қазақ әдебиетінің классигі Сәкен Сейфуллиннің:

1) Ұзын аққан Еділ менен Жайығың!

Талай ерлер өрлей салған қайығын!

2) Бар адамзат тынбай жортқан құмырсқа,

Көрінсе де шіркін өмір тым қысқа! – дейтін философиялық ой-сілемдері көңіліме сап ете түсті.

Илья Жақановтың «Дүние шіркін...» дейтін эссе-элегия­сын оқи бастағанда-ақ адам қиялын сегіз қиыр шартарапқа шарықтатады, қисапсыз әсерлер, орасан суреттер, символикалық ассоциациялар туындатады. Қас шебер оймақ таңдамас. Өз ісінің, ойының шебері Ілекең: «Соңғы кездерде Мырзатайдың осы әні есімнен шықпайтын болды. Үйде отырсам да, Жайықты жағалап жүрсем де, ұзын жолда тербеліп сапар шегіп келе жатсам да, иә, кейде дуылдасқан көңілді топтың ортасына кез болып қалсам да ешбір ду-дуды елемей, жүрек пернем бұл әнді тамылжытып шертеді де жүреді, мені дүние шуы­нан бөлектеп», деп тебіренеді. Нелік­тен? Не себептен? Табиғат көктемде жаңғырып-жаңарып, көріктеніп, тамылжып, бүр жарып, гүлденетіні сияқты, адам баласы уыздай уылжыған балауса шағында өмір, тіршілік, дүние құбылыстарын тап-таза күйінде қабылдап, санасында тайға таңба басқандай, дұғалы сөз өшпес із қалдыратынынан да болса керек-ті. Расында, қанды көйлек ішіктің ішкі бауындай айнымас досы, мұраттасы Мырзекеңнің сол бір кездегі болмыс-бітімі, көзқарасы, ынта-зейіні, іс-әрекеттері көз алдында. Ол – мектептегі қабыр­ға газетінің редакторы. Жас нау­­ша поэзия мен музыкаға сон­­ша­лықты құштар еді. 6-сынып­та гармонда ойнаған. Гете, Пуш­кин, Лермонтов, Абай жырларына мейірленіп, жатқа соққан. Өзінің ой-пікірін ақынша толғап, өрнектеп-мәнерлеп шабытты жет­кізген. Ән-күйге деген таным-пайымы да өзгеше болған. Әсершілдігін айтсаңызшы! За­дын­да ақылдың, ойдың, қиял­дың, дүниетанымның гүлденіп көр­кеюіне әсершілдіктің жойқын ық­пал жасайтыны даусыз.

Ізгілігі мен білімділігі жарасым тапқан математик, фарабитанушы Ауданбек Көбесов, орыс тілі мен әдебиетінің майталманы Әлкен Жылқыайдаров пен Шынар Сарыбасова, тәрбиеші Владимир Степанович Пушкарев («Играй...играй! У тебя слух хоро­ший...молодец!» дейді екен) сияқты ұстаздарынан тәлім ал­ған, даналығына, кісілігіне қанған.

Қайраткер, ұстаз, түркіта­нушы, елші Мырзатай Жолдас­бековтің, яғни Илья Жақановша айтқанда, «ірі тұлғаға айналған ғұламаның» өмір жолын, шығар­машылық өнернамасын, әсіресе композиторлық ерекше қабілет-қарымын байсалдылықпен баян­­­дайды. Жас жайнақ Мыр­затай Жолдасбеков бойындағы зерделілік, жетелілік, қабілет­тілік, рухани сұлулық, әсершіл­дік киелі топырақтан, жақсы ортадан, тамыр-тектен бұйырған қасиет екенін, яғни «көңіл сан­ды­ғында бір баға жетпес дүр­дің (інжу, иман)» қалайша кемел­денгенін, көсіле самғағанын жарқын айғақ-дәлелдермен жү­зікке қас қондырғандай етіп сөйлетеді. Себебі куәгердің байламы – ақиқаттың айғағы.

Ән мен күй – «халықтың бет-бейнесі, мінез-құлқы, бітім-болмысы, жаны мен жүрегі, ойы мен сезімі»! Атырау шаһарында, драма театры сахнасында «Му­зарт» тобының мұзбалағы, жігіттің жампозы Мейрамбек Беспаев «Дүние шіркінді» бабымен балбыратып шырқағанда, Ілекеңнің көңіліне қайтып оралмас алтын дәурен, өткен күннің сәулелі, шұғылалы елестері көлбеңдейді.

Илья Жақановтың сипаттауынша, «жанға жайлы лебізі­мен», «жұмсақ сөйлейтін әдеті­мен» Мырзекең біздер оқы­ған кітаптарымыз, ұлы тұлғала­рымыздың қадір-қасиетін баппен талғап, өзінен-өзі жүйесін тауып, әңгіменің бір тұсында Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 1-курста «Қазақ халқының ауыз әдебиеті», 2-ші курста «Абай­тану және «Манастану» дейтін арнаулы курстары, 3-курста «КСРО халықтары әдебиеті» пәні бо­йынша тереңнен қопарып, тамыл­жыта оқыған лекцияларында ғұлама дария Әуезов қазақ халқының эпикалық мұрасы, ертегілері, аңыз әңгімелері, тарихи һәм тұрмыс-салт жырларынан бастап, Шығыстың, Батыстың және орыс халқының эпосы мен фольклоры, әлемдік мифология, алғашқы қауымдық мәдениет, этнография, антика әдебиеті, Грекия тарихы, Гомер шығармашылығы, Шыңғысхан мен Әмір Темір туралы аңыздар жайында, сонымен қатар атақты оқымыстылар, А.Н.Афанасьев, В.В.Буслаев, Орест Миллер, Ю.Соколов, А.Н.Веселовский, Э.Б.Тайлор, Дж.Дж. Фрейзер, А.Н.Пыпин, Г.Н.Потанин, И.Троц­кий, Крау­зе, Стасов, Гуд­зий, В.М.Жир­мунс­кий, В. Шкловский, Пропп сын­ды білімпаздардың тео­рия­лық ой қисындарын, тол­ғам-бай­лам­дарын, әсіресе «Абай­тану» бойынша тебірене оқы­ған дәрістерінің таңғажайып тарихи-көркем сырлары, «Абай жолы» эпопеясының тұтастай бел омыртқасына айналған және де оған енбеген қым-қиғаш қисапсыз оқиғаларды, көл-көсір, сел-сел тарихи айғақтарды нақ-нағымен бажайлап түсіндіруі не деген шеберлік, тапқырлық десеңізші!

ХХІ ғасырдың мұнарасынан ой көзімен, сағынышты көңілмен барлағанда, 1955-1960 жылдар­да КазГУ-дің қабырғасында білім бұлағынан сусындап жүр­ген шақтарда көсемдер тобы­ның бірегейі, ақыл-ойдың теле­гейі, ұлтымыздың данагөйі М.Әуе­зовтің шамшырақ тұл­ға­сы, қазақ театры өнері тарлан­дарының сом бейнелері, шын мәнісінде, олар «ғарыштағы жұл­дыздардай биіктеп, құді­рет­теніп» барады екен-ау! Уни­вер­ситетте драма үйірмесі ұйымдастырылған. 1956 жылы Мырзатай Жолдасбеков бастаған курстастар М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» спектаклін сахналаған.

Режиссер Сапарғали Шәріпов Илья Жақанов пен Еркінбай Әкімқұловты М.Әуезовтің қа­ра шаңырағына жұмсап, 1934 жылдан бері театр сахнасын­да қойылмаған «Айман-Шол­пан» пьесасын алдырған. Әлі­­бек рөлінде – академик Өмірзақ Айтбаев, Жанақ ақын­ды Илья Жақанов, Айман рө­лін­де – Мыр­зекеңнің жары Мә­рия ой­наған. Мәрия тәтеміз М.Әуе­зовтің «Қаракөз» пьесасын­да Маржанды, «Абай» тра­ге­дия­сында – Ажарды, Б.Май­линнің «Шұғаның белгісінде» – Шұғаны сомдаған. Өнерге құрмет деген осы. Нағыз сап таза ұлттық-ру­ха­ни құндылықтар, «ішкі жан дүниесі бай интеллигенттің ин­тел­лектісі кең тынысты, терең әрі биік болған сайын қоғамның да бағы жанады», дейді. Ол Мыр­затай Жолдасбеков жайында теңізше тебіренген, көк нөсердей селдеткен. Мырзатай досының тартқан күйіне ден қойған Ілекең: «Бұл қандай күй?» дегенінде: «Сарын ғой...әйтеуір, осылай шертем» деп, бойын жасырған тұлпардай жұмбақ күйде отырады екен. Бұл да сайыпқыранға лайық салиқалы мінез-ау!

Жүрегі сырға, жырға толы Мыр­зекең өнері кең өріс та­уып, асыл жұртына мәлім болып, елдің нұр назары оған ай­рықша ауды. Бұның үстіне ел­шіл­дік, мемлекетшілдік істе­рімен, VII-VIII ғасырлардағы Орхон ескерткіштерін, яғни ұлт әдебиетінің түп-негізін түбегейлі зерделеуімен, ұстаздық еңбегімен елдің төрінде, ғылым-білім, өнер көгінде алтын емендей тамырын тереңге бойлатып асқақтатады.

Ұлт руханиятының шы­рақ­­­шысы Илья Жақанов «Дү­ние шіркін» атты еңбегін Мыр­затай Жолдасбековтің тұ­­тас­­тай композиторлық-импро­визаторлық шығармашылығына арнап, әрбір әніне, әрбір күйіне, тұқым-жұрағатына, өніп-өскен ортасына, үлгі-өнеге алған үз­дік дәстүрлері мен мектебіне, қайырлы-құтты қадамдарына әділ сипаттама беріп отырады.

Алдымен алтын көңілінен, жалынды жүрегінен дүр төгіл­ген күмбір күміс көмейлі, жез таңдай анасы Қалдыкүл Ырыс­құлқызының «Әй-угай, армандамын Жаратқанға», «Бедел-ай, Бөпем-ай», «Сырләу – ләйлім, лиләйім» дейтін халықтық-фоль­клорлық негізде туған әндері, яғни сыр дестесі ХХІ ғасырға ұяда көргенін қияға табиғи, мін­сіз қалпымен жеткізген Мыр­зекеңнен айналдық! Естілікпен, құмарлықпен тыңдап, көңілге тоқып толғандық! «Мырзатайдың халық музыкасына қанық жүре­гі... халық әндерінің жанға жайлы сөздеріндей тебіреністі өлең шумақтарын сырлы сезіммен үйлестіре жазыпты» деп тебіре­неді ән-күй өнерінің білгірі – Ілекең.

Мырзекеңнің тұйғындай тү­леп ұшқан елі – ән қонған, күй қонған, береке-бірлік салтанат құрған, би-шешендер, білгірлер, дүлдүлдер кемеңгерлік кеңес ұйымдастырған жұмақ төріндей өлке.

Қойнауы Қаратаудың

қарағайлы, әй-угай,

Қалың ел Қаратауды

паналайды.

Әй, угай,

армандамын Жаратқанға.

Сахараның жайнаған өзгеше бір қырмызысы Қалдыкүл ана­сының осынау лебізінде аталы-баталы атамекен келбеті бар. Өнерлі жұртының тұнып тұрған сыры мен тарихы бар.

Ілекең өз кітабында ой-толға­ныстарының «қазығы болатын бас пікір» ретінде Мырзатай Жол­­дасбековтің: «... Қаратау­дың те­ріскей жағындағы Қанатты Қызыл, Бәзіл, Үшбұлақ – бәрі де ескі тарихтың куәсі... Бөріқазған, Тәңірқазған қорғандары адам баласы тарихында сонау ескі дәуірден бізге жеткен құдіреттер. Көкталдың бойы Қапшағай – қалың таңбалар, жазу-сызулар, суреттер еді» деген шынайы жазбаларына жүгінеді.

Расында, Талас, Тараз топы­ра­ғы – дүниенің азан-қазан алапат оқиғалары дүркіреп-күр­кіреп өткен қастерлі аймақ. Мұ­ны айтып отырған себебіміз, М.Жолдасбеков 1969 жылы «Кө­не түркі ескерткіштерінің қа­зақ әдебиетіне қатысы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған-ды. Осы сүбелі еңбегінде Түркі қағанатының қаһармандары: Бұмын, Естеми, Тоныкөк, Күлтегін, Білге қаған, жырау, саясаткер, ойшыл Иол­лығ-Тегін турасында билерше толғанған-ды. Солардың ішіндегі жоғары білімді Естеми Қара Ертіс пен Іле, Шу, Талас, Тараз аралығында 552-575 жылдары билік құрған-ды. Ұлы билеуші Естемидің жазғы резиденция­сы Талас өзенінің бойында орна­ласқан-ды. Ол Византиямен одақ­тасып, византиялық елші­лер Земархты, Евтиханы, Вален­тинаны, Херодиананы, Павел Киликийскийді қабыл­даған. Көреген Естеми Талас өзені бойындағы ордасында Персия арқылы Қытай мен Византия арасында еркін жібек саудасын жасауды ұйымдастырды. Бұл рет­те айтайын дегенім, Естеми рухының бір ұшқыны Талас то­пырағында қайта тіріліп, жан­данып, М.Жолдасбеков еңбе­гі арқасында гүлдеп, өркен жай­ғандай, кең өріс тапқандай.

XVIII ғасырдың ішінде Мыр­затай Жолдасбековтің бесінші атасы «елдікті, тектілікті терең­нен толғайтын» Темір бидің көші Сыр бойынан ақ патшаның тегеурінді басқыншылығынан оңтүстікке ығысып, Таластың жаға­сындағы Үшаралға жетуі соншалықты мағыналы сапар. Сондай-ақ Саңырық батыр мен Ұлбике ақын туралы мәліметтер де оқырманды қызықтырады. Иіні келгенде, Мырзатай Жол­дас­бековтің «Күндерімнің куәсі» (Астана, «Күлтегін», 2012. V-том, 1-2 кітап) кітаптарындағы әдеби-тарихи, мәдени деректерді сөйлетіп отырады. «Бала болыс» атанған, қара үзіп шық­қан қатардан, көпті көрген, көкірегіне түйген, жиған-тергені де өлшеусіз М.Жолдасбековтің: «Мен Сүгірді екі рет көрдім. Сү­гір күйші қаршығадай ғана қа­ғылез, реңі ақсары, жүзі жұм­сақ, жұқа кісі болатын. Көп сөйлемейтін тұйық кісі еді» –деген пікірін тілге тиек, ойға жиек ете отырып, Әйтпенбет, Шәмшілда, Мәді, Боранқұл күйшілер хақында ой толғайды. М.Жолдасбековтің рухани кел­беті ел өнерпаздарының ұлт­тық бет-бейнесімен тамыр­лас-тағдырлас. Талапты, талант­ты ер халықтық-поэзиялық озық дәстүрлерінің рухында қанат­танған, өнердің шырқау биігіне қадам басқан. Ол жастайынан өмірге, өнерге маздау үшін кел­генін бек түсінген, соған тәуе­келдеп бел буған.

«Ән – жүректен туады, күй – көңілден туады» деп афо­ристік ой жүйесімен тол­ға­­ған М.Жолдасбековтің «То­ты­құс», «Дүние шіркін», «Қыз дәурен – Ақбота», «Бәйтерек», «Атанғаным Мырзатай ел арқа­сы», «Сен болмасаң» дейтін әндерінің жазылу тарихы, гар­мо­ниялық ішкі үйлесімі, архитектоникасы, формасы, шы­ға­рымпаздық зертханасы, поэ­зиялық қадір-қасиеттері, симво­ликалық, полифониялық сипаттары, философиялық қырлары салиқалылықпен терең талданады. Мейлінше ұғынықты, жатық, табиғи. Танымдық, тағлымдық мәні айрықша.

Көңілі жүйрік Илья Жақанов жүз ойланып, мың толғанып жазған еңбегінде «Қосбасар» күйінің сыры мен сымбатын, ішкі құпия ағыс-толқындарын, көркемдік мәні мен мәнісін, дәстүрлілік пен жаңашылдық қырларын білгірлікпен талдайды. Бұл күйде көне тарихқа деген тамаша көзқарас бар. Дүние, заман, мезгіл жайлы ой-сарындары бар. Ол ойын былайша сабақтайды: «Қосбасар» – ұшы-қиыры жоқ толғаныс. Мырзатайдың ғылыми еңбегін оқығандықтан ба, ерекше таңғалғаным – бұл күй мені Монғолдың боз мұнар тауларына... оның етегіндегі кең аңғар – Орхон өзенінің жағасына алып барады». Және де күй та­би­ғатының ерекшеліктері мен шеберлік қолтаңбасын да ба­тыл айқындайды, «нағыз им­­п­ро­визацияның айшықты үлгі­лері» екенін, сонымен бірге өнер зерттеушісі аспаптық музыка тарихындағы «Қырық буын Қосбасар» жайына, атап айтқанда, Арқа елінде шертпе күйдің пірі Тәттімбет бастаған Тоқа, Аққыз, Қыздарбек, Әбди, Сембектердің күйшілік өнері, сондай-ақ Қаратау бойындағы даңқты Сүгір қалыптастырған мектептің өкілдері Мәди Шәу­тиев, Жаппас Қаламбаев, Төле­ген Момбеков, Боранқұл Көш­мағамбетов, Генерал Асқаров­тардың дамыта толғап, келістіре орындағанын мейлінше нәзік иірімдер мен оралымдармен байытқанын айғақ-дәйектермен бажайлап түсіндіреді.

Илья Жақановтың көрсе­туінше, «Қосбасардай» күй жауһарын сыйлаған М.Жол­дасбековтің «ғажайып толғау галереясына» қосылған «Ойтол­ғаудың» өзіндік мәнері, өзіндік өрнегі, өзіндік философиялық айтары, өзіндік композиторлық жаңалығы бар. Күйші Жанғали Жүзбаевтың пайымдауларына қарағанда, циклдық күйлердің тобында қобызшы Ықыластың «Кертолғау», «Қоңыр», «Ер­ден» сияқты күйлерімен желі­лес, байырғы толғаулардың дәстүрлік қуатын полифониялық тұрғысынан байыта түскен дейді. Демек «Қосбасар» – сырлы тол­ға­ныстар әлемі. Мазмұндық арқауы – болмыс, уақыт, дәуір. Ол «Қосбасар» күйінің ішкі қасиеттерін тамыршыдай таниды. Сондықтан да осы бір жауһар шығармалар «Шертпе күйдің төрт мектебі», «Ұстаздың педагогикалық репертуары» дейтін хрестоматияларға енген.

Мырзатай Жолдасбековтің шығарымпаздық өнерін жан-жақты, толық, түгелдей дерлік тексеру барысында Ілекең ой еркіндігіне, қиял самғауына, салыстырмалы сипаттауларға, көркемдік ассоциация тудыратын құбылыстарға жүгініп отырады. Бұл орайда ол Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Кенен секілді ақын-композиторлардың мұрасына, немесе көне түркі мифтеріне, оғыз аңыздарына, карель-фин эпосы «Калевалаға» қатысты жанды ой-пікірлер өрбітеді. Әрине, бұл жайттар М.Жолдасбековтің әндері мен күйлері терең тамырлы құбылыс, ұлттық игілік екендіктен, әрі осылайша ой тербеу оның әндері мен күйлерінің ішкі құрылымынан, мелодиясынан, мәтін табиғатынан өрістеп-өрбіп жатады. Екіншіден, музы­калық құбылыстар әлеміне барлау жасауда, белгілі бір түйінді тұжырымдар жасау мақсатында әлемнің әйгілі композиторлары мен ақын-жазушылардың Людвиг Ван Бетховен, Вольфганг Амадей, Моцарт, Йозеф Гайдн, Иоганнес Р.Бехер, Ян Френкель, Фредерик Шопен пікірлеріне ортақтастырады. Себебін, негізгі ойын тұздықтап, шынайылықпен көркейтіп беру үшін. Үшіншіден, Илья Жақановтың «Дүние шір­кін» кітабында өрен тұлға М.Жол­дасбековтің күйлері мен әндерін құмарпаздықпен, шеберлікпен орындаушылар Мейрамбек Беспаев, Гүлмира Сарина, Жан­ғали Жүзбаев, Гүлзира Бөкей­хан, Клара Төленбаева өнері ыж­дағатты әңгімеленеді. Әсіресе шығармашылық зертханасы, суреткерлік қолтаңбасы.

«Дүние шіркін» О, дариға, қайран әзіз өмір! «Сенің алтын сәулеңе не жетеді». Көзді ашып-жұмғанша, яки кірпік қақ­қанша өтіп кетер шекер дү­ниенің қызығына кім тояр дейсің! «Таразы да, қазы да өз бойыңда» деп Абай айтқандай, әдепті, ірі болғанға, тірі болғанға, бір кеменің ішінде сапар шеккенге не жетсін! Жалған дүние кірпік қаққанша өтіп кететін бір раушан сәт. «Барлық тірі жанның өмірі – күн сипатты. Жігіттердің күні – шығыста, қарттардың күні – батыста. Жас болсаң да өлім қаупінен хабарсыз болма» (Кабуснама). Қазақтың байырғы дүниетанымында «Дүние-ай, ойлап тұрсаң – шекер дүние!», «Дегенде дүние шіркін өтер-кетер, Түбіне сұм дүниенің кім­дер жетер!», «Дүние ойлап тұр­саң түпсіз дария, Батпайтын да­рияға кеме керек!». Немесе: «Дү­ние ойлап тұрсаң қос қуыс­тай!» дейтін халықтық ұғым­дар, түсініктер, көзқарастар Мыр­затай Жолдасбековтің сағым дүниенің салтанатын тұң­ғиық сезім тілімен, шынайы мөл­дірлікпен, сап тазалықпен сөй­леткен «Дүние шіркін» әнінде сұлу жарасым тауып, көркемдік-философиялық мазмұнға ие болған.

 

Серік НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

филология ғылымдарының докторы, профессор