Аймақтар • 29 Мамыр, 2022

Батыс Қазақстандағы репрессия зардабы

1339 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Орал қаласында Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінде «Батыс Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін: тарих пен тағдыр: (ХХ ғасырдың 20-50 жылдары)» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша өңірлік комиссияның жұмыс нәтижелері жарияланды.

 

Батыс Қазақстандағы репрессия зардабы

Өңірлік комиссия төрағасы, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтың атап өткеніндей, өңірде соңғы бір жыл ішінде ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы саяси репрессияның себебі мен салдарын зерделеу бойынша кешенді жұмыс атқарылды. Бұған облыста өңірлік комиссияның жұмысын дұрыс ұйымдастыру, облыстық әкімдік тарапынан жақсы қолдау болғаны әсер еткені анық. Соның нәтижесінде өңірлік жұмыс тобы былтыр Алматы қаласы архивтеріне екіапталық іссапарға жіберіліп, жыл соңында екі жинақты жарыққа шығарды. Бұдан бөлек www.batysmura.kz сайты облыстық жұмыс тобының ай сайынғы жұмыс нәтижесін халыққа жария етіп, көпшілікпен қоян-қолтық қарым-қатынас жасап отыр. Жергілікті құқық қорғау органдары жанындағы арнайы архивтерде сақталған құпия құжаттарға сараптама жасалуда. Айта кетейік, Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің арнайы архивінде сақталған репрессия құжаттарын Алматы қаласына көшіру уақытша тоқтатылып, жергілікті зерттеушілердің жұмысына толық жағдай жасалуына да Бақытжан Хаберұлы көп үлес қосты.

Бүгінде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша комиссияның өңірлік жұмыс тобы бірнеше бағыт бойынша зерттеу-сараптау жүргізуде. Осы жылдың соңында түрлі бағытта 10 жинақты жарыққа шығару жоспарланған. Енді төменде осы бағыттардың бірқатарына тоқталып өтейік.

Ашаршылық ақиқаты

1920-1922 жылдардағы Орал, Бөкей губерналарындағы ашаршылық зардаптары туралы сөз қозғаған тарих ғылымдарының кандидаты, Махамбет университетінің доценті Бақтылы Боранбаева да тың мәліметтерді жария етті. «Азамат соғысы аяқталғаннан кейін кеңес халқын тағы бір зұлмат сынақ күтіп тұрды. 1921 жылғы қыста қардың, жазда жауынның болмауы әсіресе Еділ бойы аудандарын құрғақшылыққа ұшыратып, оның соңы ашаршылық нәубетіне әкелді. 1920-1922 жылдары Бөкей губерниясының халқы да ашаршылық қасіретін басынан өткізгенін Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архив қорында сақталған тарихи деректерден анық көреміз» дейді ғалым.

Мәселен, Бөкей губерниялық Кеңесі атқару комитетінің 1920 жылы 16 наурыз күні өткізген мәжілісінде Қамыс-Самар уезі, І Теңіз округі мен Нарын қисымындағы аштыққа ұшыраған халықтың ауыр жағдайы талқыланған. Өлкеде қалыптасқан аса ауыр жағдайды мәлімдеп, Бөкей губерниялық атқару комитетінің төрағасы Берғалиев пен хатшы Шынытаев Мәскеудегі қырғыз (қазақ) өкілдігі арқылы жеделхат жөнелтеді. Олар «ақгвардияшылардан азат етілген Бөкей даласындағы қалыптасқан аса ауыр жағдайға байланысты, Орталықтан 100 млн рубль ақша және азық-түлік сұраған.м

Ашаршылыққа ұшыраған халықтың ауыр жағдайын сол кезеңде Тарғын уездік Кеңесі атқару комитетінің төрағасы болған Х. Чурин: «1919-1921 жылдарда әсіресе Бөкей губерниясы мен оған шектес облыстарда бандалық күшейіп кетті. ... 1921 жыл өте ауыр болды. Волга және Бөкей губерниясында болған қуаңшылық салдарынан халық ашаршылыққа ұшырады. Аштықпен қабаттасып, сүзек, тырысқақ аурулары етек алды. Бөкей губерниясының құрғақ далалы Тарғын, Таловка, Жаңақала уездерінің халқы ашаршылықтан мықтап жапа шекті. 1921 жылдың аяқ кезінде көптеген семьялар әбден ашығып өле бастады. Жұт жеті ағайынды дегендей, осындайда жау жағадан алып, ақ гвардияшыл бандалар да жауыздықты өршітті. Олар онсыз да ашығып отырған халықтың ақтық астығын, малын тартып алып, талан таражыға түсірді» ,- деп баяндайды. Мәліметтерге сүйенсек, 1917 жылы Бөкей губерниясы тұрғындарының саны 251 мың болса, 1920 жылы 181 мың адам өмір сүрген, яғни 3 жыл ішінде тұрғындар саны 70 мың адамға азайған.

Зардабы зор кәнпеске

«ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы кәнпеске – адамзат тарихындағы аса ауыр қылмыстың бірі. Оны ақылға сыйымсыздығы, адам құқығының аяққа тапталуы, құрбандарының саны, салдарының ауырлығы жағынан – өзге де қудалау кампаниялары, соғыстармен, соның ішінде, тіпті, дүниежүзілік соғыстармен салыстыруға болады» - дейді өңірлік жұмыс тобының жетекшісі, «DANA» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жантас Сафуллин. Оның пікірінше, советтік кәнпеске – халықтың белгілі бір категориясының мал-мүлкін тәркілеу ғана емес; осы тәркілеуге дейін, қатар және кейін жүрген өзге де заңсыз шаралармен ұштасқан біртұтас кешен. Таратып айтсақ, кәнпеске нысанасы болғандар - тәркіленумен қатар, түрлі алым-салық,  азаматтық құқықтарының шектелуі, соның ішінде сайлау/сайлану құқығынан айрылуы, ел ішінде еркін жүріп-тұруының шектелуі, жер аударылу, түрлі жұмыстарға мәжбүрлі жегілу, жақын-жуық, бала-шағасын қуғындау, бас бостандығынан айыру сынды түрлі заңсыз жазаларға тартылды. Сондықтан, кәнпеске мәселесі – тек тәркілеу деп қабылданбай, кең ауқымда және кешенді түрде қарастырылуы, зерттелуі, бағалануы тиіс.

Қазақстанда кәнпеске науқаны ресми түрде 1928 жылы 27 тамызда басталды. Қазақ Советтік Социалистік Автономиялық Республикасы Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесі «Бай шаруашылықтарын кәнпескелеу туралы» қаулысын (декретін) жариялап, әр округ бойынша кәнпескеленетін байлардың санын көрсетті. Бұл «жоспар» бойынша Орал округінен бірінші категория бойынша 56 ірі бай және 15 «аса қауіпті элемент» - барлығы 71 адамның мал-мүлкі тәркіленіп, Жетісу округіне жер аударылатын болды. 

- 1928 жылы кәнпескеленген 71 байдың тізімі бойынша БҚО полиция департаментіне сұрау салып, тәркіленген 71 байдың 11-не қатысты қылмыстық іс бар екенін анықтадық, - дейді Жантас Сафуллин. Олар - Алғазиев Бектілеу, Қаратаев Арон, Құдайбергенов Нұрым, Жүсіпов Шынтай, Омаров Салық, Қосдәулетов Қуанай, Бөкейханов Махамбет, Омаров Соқыр-Латиф, Мұқатов Мұхамедияр, Аманов Құсайын, Жүнісов Кенжеғара. Осылардың ішінде Алғазиев Бектілеу, Аманов Құсайын, Бөкейханов Махамбет, Жүнісов Кенжеғара, Мұқатов Мұхамедияр, Омаров Соқыр-Латиф, Жүсіпов Шынтай ОГПУ алқасының арнайы хаттамасымен 1929 жылдың наурыз-сәуір айларында Мәскеу, Ленинград, Харьков, Киев, Одесса, Дондағы Ростов қалаларында және Орта Азия округтарында 3 жылға дейін тұруға тыйым салынып, Пенза қаласына жер аударылған.

Кәнпескеге байлар ғана емес, халық алдында беделі зор, совет өкіметінің саясатына қарсы не қолдамайтындарды да жатқызған. 1928 жылы Орал округінен кәнпескеленген 71 жанның 35-і байлар санатына жатпайтын. Олар шыққан тегі, саяси көзқарасы үшін мал-мүлкі тәркіленіп, туған жерден қуылды. Осы кәнпеске нәтижесінде 2779 жылқы, 17591 сиыр, 34043 қой, 1459 түйе тартып алынған.

«1926 жылғы РФССР қылмыстық Кодексінде бай, кулак болу – қылмыс емес. Сондықтан, адамдарды бай, кулак болғаны үшін ғана қудалау - сол кезеңнің заңнамаларына қайшы іс болды» дейді зерттеуші.

Халық көтерілістері

Батыс Қазақстан облысында 1928-1932 жылдардағы ұжымдастыруға қарсы халық наразылықтары туралы бұрын көп ақпарат болмайтын. Жергілікті тарихшылар Ғ.Қарабалин мен Т.Рысбековтың зерттеу жұмыстарынан оқырман Жаңақала көтерілісін ғана естіп білді.

- 1928-1932 жылдары ұжымдастыру саясатына қарсы халық наразылығы Батыс Қазақстан облысы аумағын түгелдей дерлік қамтыды, - дейді тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров. Бұл тұжырымға БҚО Полиция департаменті архивінен табылған құжаттық деректер дәлел. Мәселен, 1929 жылы Жымпиты ауданының көпшілік ауылдарында байлар мен атқамінерлердің Кеңестік билікке қарсы баскөтеруі, ал 1930 жылдың сәуірі мен 1931 жылдың көктемі аралығында Жаңақала және Ілбішін көтерілістері, 1931 жылдың желтоқсан айының басынан 1932 жылдың қыркүйегі аралығында Шыңғырлау ауданында ұжымдастыруға қарсылықтар, Орда, Азғыр аудандары байларының кәнпескелеуге қарсы наразылықтары болған.

«Egemen Qazaqstan» газетінің оқырмандары Жымпиты көтерілісінің тарихынан автордың осы аттас мақаласы арқылы жақсы таныс. https://egemen.kz/article/305705-zhympity-koterilisi

Ал Жаңақала және Ілбішін көтерілістері 1930 жылдың сәуірі мен 1931 жылдың көктемі аралығында Жаңақала және Ілбішін аудандарында ұжымдастыру саясатына қарсы өткен. Көтеріліске қатынасқан 360 адам тұтқындалып, тергеу барысында 160 адам қылмысы анықталмай босатылған. Ұзаққа созылған тергеу барысында 71 адам сот үкіміне жетпей қаза тапқан. 1932 жылы 25 ақпанда ОГПУ жанындағы үштіктің қаулысымен 130 адамның 110-ы әртүрлі мерзімге концлагерге айдалған. Олардың көбі сол кеткеннен келмеген.

Осындай халық наразылығы 1931 жылдың желтоқсан айының басынан 1932 жылдың қыркүйегі аралығында Шыңғырлау ауданында да болған. көтеріліске қатысушылардың көпшілігі бұрын кәнпескеленген байлар мен бұрынғы молдалардың ұрпақтары болса, арасында орташа мен кедейлер де кездеседі. Осы іс бойынша 1933 жылы 13 шілдеде Шыңғырлау ауданының №16 ауылы азаматтары Абдуллин Әлмұхамбет, Бисенғалиев Кенжеғали, Райысов Мұса – 8 жылға, Жүсіпов Нән, Абдрахманов Ғарифолла, Сұтанов Исмағұл – 6 жылға, Есенов Дәулетқазы, Саматов Зайнулла, Мендеев Төлеген, Ұзақбаев Әбдекер – 3 жыл мерзімге жабылған. Сейтмағамбетов Мұхаметқали, Иманғалиев Тайке, Салықов Әміржан, Ұзақбаев Мұхамеджан, Мұқашев Әжібайлар осы уақытқа дейінгі қамауда болғаны есепке алынып, қамаудан босатылған.

Осындай наразылықтар Орда, Азғыр аудандарында да болған. Әрине, бұл қозғалыстарға қатысқан адамдар қатаң жазаланып, советтік репрессияның барлық қысымын басынан өткерді.

Батыс Қазақстандағы лагерлер

Батыс Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін лагерлері мен НКВД кеңселері туралы зерттеген тарих ғылымдарының кандидаты, Махамбет университетінің кафедра меңгерушісі Әлфия Байболсынова облыс аумағында болған саяси тұтқындар лагерлері туралы мағлұмат табу өте қиын болғанын айтады.

«Бұл ақпарат аса құпия сақталған, құқық қорғау органдары оны барынша жасыруға тырысады, ал кейбір маңызды құжаттар әскери құпияға сәйкес жойылған. Соған қарамастан аталған бағытта барлық мүмкін болған деректерді  іздестіріп, зерттеу жүргізіп жатырмыз» деді Әлфия Сабырғалиқызы.

Зерттеулер Батыс Қазақстанда да жазалау лагерлерінің тізбегі болғанын көрсеткен. Мәселен, ГУЛАГ жүйесінде қызмет жасаған Орал өңіріндегі лагерлер желілері 3 бағытқа бөлінген. Оларда 2 мыңнан -5 мыңға дейін тұтқын ұсталған. Олар Каменлаг, Безымянлаг және Салават лагер, АЛЖИР-дің Оралдағы бөлімшесі.

Қазіргі Саратов облысымен шектес Тасқала ауданы аумағында орналасқан ең үлкені Каменлагта негізінен өзге өңірлерден жер ауып келгендер орналастырылған, оның ішінде еңбекпен түзету лагері және арнайы қоныстар (спец поселениелер) желісі жұмыс істеген. Лагердің орны қазіргі Тасқала ауданы орталығынан 25 шақырым жердегі Ешкітауда болса керек.

Батыс Қазақстан мен Самара облысы шектескен аумағында орналасқан Безымянлаг 1940 жылы құрылған. 1941 жылдан 1946 жылға дейін кәсіпорын «КСРО НКВД Безымянск лагерлерінің дирекциясы» атанған. Безымянлагта 1941 жылдың қаңтарында – 42 903 адам, 1941 жылы шілдеде-91 211 адам, 1942 жылдың қаңтарында – 81 278 адам, 1943 жылдың басында – 29 811 адам (оның ішінде 1475 әйел), 1944 жылдың қаңтарында – 5 990 адам, 1944 жылы шілдеде – 8 583 адам, 1945 жылдың қаңтарында – 7 122 адам, 1946 жылдың қаңтарында – 5 963 адам болған екен.

Салават лагерь немесе АЛЖИР жүйесінің Оралдағы бөлімшесі Орал қаласындағы орталық қалалық түрме жанында қызмет жасаған. Бұл лагерлер 1937 жылғы 15 тамыздағы КСРО-ның ІІХК-ның № 00486 бұйрығы Отанын сатқандардың отбасы мүшелеріне қарсы жаппай қуғын-сүргінді бастауға мұрындық болды. Оларға ең алдымен саяси айып тағылғандардың әйелдерінің кінәсін еш дәлелдемей-ақ қамауға алуға және лагерлерге жіберуге құқық берді.

- Бұлардан басқа да 2 үлкен маңызды лагер желісі – Түркістан лагері және Ортаазиялық лагер болған. Бірақ бұл бұрынғы орган қызметкерлерінің ауызша деректері ғана. Нақты құжаттар әлі табылған жоқ, дәлелді деректер қарастырылып жатыр, - дейді зерттеуші.

Батыс Қазақстан облысында НКВД айыптау және жазалау үкімі Орал қалалық түрменің жанында ағаш барактарда орындалса, оның далалық стандары Ветелки, Бортау және Плодоовощной ауылдарында болған. Сондай-ақ Қазталов ауданының Шильная Балька, Бәйтерек ауданының Дариян, Шапов, Янайкин поселкелерінде, Ақжайық ауданының Бударин, Кожехаров (қазіргі Жаңабұлақ) елдімекендерінде, Шыңғырлау ауданының Ащысай ауылында, Бөрлі ауданының Бөрлі поселкесінде, Бөкей орда ауданындағы Сайхын ауылында, Теректі ауданының орталығында жазалау үкімдері орындалғаны, Чапаев (қазіргі Ақжайық ауданы) ауданында Прорва лагерінің филиалы болғаны анықталды. Бүгінде комиссияның ұсынысымен Бөрлі ауылында археологиялық қазба жұмысы жүргізілсе, аталған орындарға ескерткіш белгі орнату туралы ұсыныс берілді.

 Депортация дәуірі

Советтік репрессиядан зардап шеккендерді бір тобы – ұлтына, әлеуметтік жағдайы мен саяси көзқарастарына байланысты әлеуметтік қауіпті элемент ретінде күштеп көшірілгендер. Батыс Қазақстан облысында бұл бағытты зерттеуді тарих магистрі Айболат Құрымбаев қолға алған болатын.

«Облыстың тиісті органдарында арнайы қоныс аударушыларға арналған 1437 есептік құжат, жер аударылғандар бойынша 703 есептік іс, бұрынғы арнайы қоныс аударушылардың 199 жеке ісі, жер аударылғандар мен қоныс аударушылардың 1243 жеке ісі – барлығын қоса есептегенде 3582 іс бар екен» дейді Айболат Шамұратұлы.

Қоныс аударылған ұлттар ішінде қазақ, неміс, қалмақ, грек, болгар, әзірбайжан, поляк, армян, белорус, грузин, еврей, молдаван, орыс, өзбек, украин, шешен, кәріс және т. б. ұлт өкілдері, қырым татарлары, ирандық, ассириялық, австриялық азаматтар болған. Оларға тыңшы, ақтар ұйымдарына қатысушы, уметтік қауіпті элемент, репрессияға ұшыраған троцкист отбасының мүшесі, неміс армиясында қызмет еткендер, власовшы т.б. айыптар тағылған.

Батыс Қазақстан облысына арнайы қоныс аударушылардың ішінде 974 неміс, 89 Қырым татары, 83 орыс, 78 грек, 74 қалмақ, 20 украин болған екен. Жалпы облыс аумағына 1931 жылы – 1 адам, 1932 жылы – 1 адам, 1936 жылы – 1 адам, 1939 жылы – 1 адам, 1940 жылы – 4 адам, 1941 жылы – 164 адам, 1942 жылы – 498 адам күштеп көшірілген.

Тұтқындар тартқан тауқымет

Екінші дүниежүзілік соғыстағы батысқазақстандық соғыс тұтқындарының талайлы тағдырын көп жылдан бері зерттеп жүрген өлкетанушы Ахмедияр Батырханов жергілікті полиция департаментінің архивінде 1939-1945 жылдары Фин және Ұлы Отан соғысында жау қолына түскен соғыс тұтқындарының 581 ісі сақтаулы тұрғанын айтады. Мұндағы бір істе бірнеше адамның мәліметі тіркелген. Зерттеуші қазірге дейін Батыс Қазақстан облысынан 2939 соғыс тұтқынының тізімін анықтаған.

- Архивте әскери тұтқындардың трофейлік карточкалары, дербес карточкалары, тұтқыннан босатылып келген соң істі болып сотталғандардың  жеке істері сақталған. Құжаттардың сақталуы жақсы. Соғыс жылдары түсірілген суреттер мен Түркістан легионына қызмет ету үшін медкомиссиядан өткенде түсірілген рентген пленкалары, жеке құжаттары – қызыл әскер кітапшалары, суреттері де бар, - дейді Ахмедияр Қуанұлы,

Ресей Қорғаныс министрлігі архивінің «Обд-мемориал» және «Память народа» сайттарындағы ашық мәліметтер де көп ақпарат береді. Мәселен Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданынан 31 адам жау қолына тұтқынға түсіп, соның 25-і тұтқында қайтыс болған. Жымпиты ауданынан – 68 тұтқынның 57-сі, Қазталов ауданынан - 44 тұтқынның 43-і, Тайпақ ауданынан - 64 адамның 49-ы, Теректі ауданынан – 35 адамның 32-сі, Чапаев ауданынан - 49 адамның 37-сі, Жаңақала ауданынан – 103 адамның 91-і, Фурманов ауданынан - 61 адамның 54-і сол жерде дәм-тұзы таусылған.

Ал Ұлы Отан соғысында тұтқында болып, кейін босатылған батысқазақстандық Қадыр Сариев – Италияда, Орал Халық – Түркияда, Қарыс Қанатбаев – Германияда, Дәулеткерей Тағыберли (Давлет Тагиберлин) – АҚШ-та өмір сүрген. Соғыста тұтқында болып, тұтқыннан қашып шығып, шетел қарсыласу қозғалысына қатысқан батысқазақстандық Өтеген Абдулов – Бельгияда, шыңғырлаулық Мұхамбетқали Мұқышев – Албанияда, қаратөбелік Батырғали Хабибуллин - Италияда, Өтеулі Бисенғалиев, чапаевтық Жұмағазы Қашықов, жаңақалалық Қаражұман Дәулетов (Дәулет Қаражумин) жымпитылық Нәби Өтешов, Бақытжан Едресов, фурмановтық Зұлқаш Аманғалиев, ордалық Қадем Жұманиязов – Францияда, Уәли Нұржанов – Черногорияда, Сидағали Хамзин – Югославияда партизандар қатарында соғысқан екен.

Соғыс жылдары «Түркістан легионы» мен «Ост мусулман СС» дивизия құрамында қызмет еткен 12 батысқазақстандық анықталған. Олар Италия мен Франция елдерінде партизан отрядтарына қарсы соғыстарға және жазалау жұмыстарына қатысып, елге оралған соң «отанын сатқан опасыз» атанып, 15-25 жылға сотталған.

Ұлы Отан соғысы жылдары жау қолына тұтқынға түсіп, кейін тұтқыннан босатылған Орал қаласы бойынша – 42 адам, Орда ауданынан – 122 адам, Жаңақала ауданынан – 58 адам, Бөрлі ауданынан – 23 адам, Жәнібек ауданынан – 52 адам, Жымпиты ауданынан – 47 адам, Зеленов ауданынан – 5 адам, Қазталов ауданынан – 32 адам, Қаратөбе ауданынан – 58 адам, Приуралье ауданынан – 13 адам, Тайпақ ауданынан – 32 адам, Теректі ауданынан – 21 адам, Шыңғырлау ауданынан – 29 адам, Фурманов ауданынан – 38 адам, барлығы 572 адам анықталды. «Бұл тізім алдағы уақытта толығады деген ойдамын. Іздестіру-зерттеу жұмысы жалғасуда» дейді Ахмедияр Батырханов.

 

Міне, Президенттің арнайы Жарлығынан соң құпиялылық құрсауы алынған құжаттардан советтік репрессияның зұлымдық зардабы енді ғана толық көлемде анықталып жатыр. Бұл құжаттарды жариялап, жазықсыз жапа шеккен тағдыр иелерінің есімдерін толық ақтау – Жаңа Қазақстанның алдында тұрған парыздың бірі.