Қазақстан • 29 Мамыр, 2022

Сервистік модель полиция жұмысына серпін бере ме?

925 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Сервистік полиция дегеніміз не? Мұндай полицияның моделі қандай болуы керек? Халық пен тәртіп сақшыларының арасында тығыз қарым-қатынас орнатудың оңтайлы әдістері қандай? Бұл жөнінде әлемдік тәжірибелер не дейді? Нұр-Сұлтанда алғаш рет ұйымдастырылған құқықтық форумда осы сұрақтар төңірегінде қызу пікірталас өтті.

Сервистік модель полиция жұмысына серпін бере ме?

«Полиция жұмысының қазақстан­дық сервистік моделі: перспективалары және даму стратегиясы». ІІМ БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі бас­қармасы және «Құқықтық саясатты зерт­теу орталығы» қоғамдық қорының мұ­рындық болуымен өткен құқықтық форум осылай аталды.

Полиция жұмысының сервистік моделін ілгерілету мәселелері талқы­ланған форум жұмысына Президент Әкім­шілігі Басшысының орынбасары Ержан Жиенбаев, Бас прокурор Берік Асылов, Еуропалық Одақтың Қазақ­стан­дағы Елшісі Янкаускас Кестутис мырза, сондай-ақ мемлекеттік органдар, дипломатиялық миссиялар, заң жә­не ғылыми қоғамдастықтар, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары мен жауапты өкілдері қатысты. Үлкен диалог алаңында полиция жұмысын сапалы қай­та бағдарлау, жүйені бюрократиядан арылту, мықты аналитика негізінде проб­лемалық-бағдарланған тәсіл­ді қол­дану, сондай-ақ қоғамның поли­цияға деген сенімін арттыруға қатысты нақты ұсыныстар айтылды. Осыған орай ха­лық­аралық жиында сөз алып, тұ­жы­рымды ойларын білдірген бірнеше сарап­­шының пікірін топтастырып беруді жөн көрдік.

Марат АХМЕТЖАНОВ,

Ішкі істер министрі:

– Биылғы Жолдауында Президент ел дамуының жаңа мақсат-талаптарын бел­гілеп берді. Маңызды құжатта Жаңа, Әділетті Қазақстанның негізгі қағи­дат­тары да айтылды. Қазір осы қағи­даттарды іске асырудың қолайлы уақы­ты. Саяси ерік-жігер мен қоғамның өзгеруі сәйкес келгенде «мүмкіндіктер терезесі» ашылды. Бұл ретте полиция шетте қалмауы тиіс. Өйткені полиция қызметкерлері күн сайын халықпен бай­ланыста. Бұл тек әкімшілік және қыл­мыстық заңнамаға қатысты емес. Мұнда халыққа кеңес беру, қызмет көрсету жә­не көмектесудің басқа да сұрақтары бар. Сондықтан қоғаммен байланысты жақсартып, халықпен серіктестік қаты­настарды дамыту қажет. Бұл жұмыс сер­вис­тік модельге ауысудың аясында басталды.

Біріншіден, сервистік полицияның мәні – полицияға жүгінген әрбір адам­ға заңды, уақтылы, жан-жақты ақпа­раттандырылған, сыпайы әрі сапалы қызмет көрсетудің кепілі деген сөз. Екіншіден, бұл проблемалық бағдар­ланған тәсілді енгізу. Әр ауданның және жергілікті қоғамдастықтың тұрғындары қауіпсіздік мәселелерін жергілікті полиция органдарымен бірге шешетініне сенімді болуы керек. Үшіншіден, полиция қызметкерлері өз миссиясын Қазақстан халқына қызмет ету және оны қорғау үшін барлық жағдайға да­йын әрі жан-жақты болуға тиіс. Тәртіп сақшыларының жұмысына қарапайым халықтың берер бағасы полицияның маңызды ұйымдастырушылық крите­рийіне айналуы керек. Бұл тәсілдерді енгізу үшін полиция цифрландыру мүм­кіндіктерін пайдалануға тиіс. Бұл қабылданатын шешімдердің ашықты­ғын, тиімділігі мен сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Біз қазір қоғамның полициядан үлкен үміт күтетінін мойындаймыз. Сон­дай-ақ сынға ашық болуымыз керек еке­нін түсінеміз. Кез келген сала өз ішкі мәселелері мен қателіктерін мойындамай, дами алмайды. Қателікті мойындау да батылдық. Ал біздің салада проб­лемалар бар. Біз оларды жасырмаймыз және оларды жүйелі түрде шешеміз. Бұл жұмыс жан-жақты талдау мен ғылыми көзқарасты қажет етеді. Ол үшін жаңа процестер, механизмдер, жұмыс істеу алгоритмін құру керек. Біз қоғаммен серіктестікте қоғамдық қауіпсіздікті қам­тамасыз ету тұжырымдамасын әзір­леудің ашық процесін бастауды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыста біз ортақ мақ­сат – Қазақстанның өркендеуіне қол жеткізу үшін барлық мүдделі тараптармен ынтымақтасуға дайынбыз.

Берік АСЫЛОВ,

Бас прокурор:

– «Қасіретті қаңтар» оқиғасы полиция саласына реформа жүргізудің қа­жет екенін айқын көрсетті. Жалпы бұл қазіргі уақыттың да талабы. Форум жұмы­сында полицияның жаңа моделін құру, стратегияның өзін және ІІМ құ­рылымының қызметін өзгерту туралы айтып отырмыз. Ал мұның барлығы азамат­тарға сапалы қызмет көрсетуге, олардың проблемаларын дер кезінде шешіп, қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруіне бағытталған.

Полицияның ең басты міндеті – құ­қық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, билік органдарының азаматтарға қолжетімділігі. Прокуратура басқа мем­ле­кеттік органдармен бірлесіп «Цифр­лы Қазақстан» бағдарламасы аясында 2017 жылдан бастап әкімшілік жә­не қылмыстық істерді цифрландыруды бас­тады. Бүгінде полициядағы әкімшілік хаттамалардың 80 пайызы электронды форматта рәсімделеді.

ІІМ-мен бірлесіп, біз 2020 жылы тұ­­ты­нушы басымдығы бар модельді ен­гі­зуге кірістік, бұл тергеу, прокуратура және сот органдары арасындағы жауап­кершілік аймағын нақты айқындап берді. Егер полиция қылмысты анықтап, тір­­кесе, прокурор дәлелдемелерге баға береді, істі сотқа жібереді. Сот ба­қы­­лауды жүзеге асырады және үкім шы­ға­рады, жазаны белгілейді. Енгізу­дің бірінші кезеңінде прокурорлар тергеушінің барлық негізгі шешімдерін келісе бастады. Адамды күдікті деп тану, оның әрекетін саралау, істі тоқтата тұру және тоқтату туралы барлық шешімдер прокуратурамен келісіледі. Яғни қылмыстық процесс бойынша барлық құқықтық іс-әрекеттер прокурор арқылы өтеді. Бұл, әрине, азаматтардың құқықтарын қорғау бо­йынша оң нәтиже береді.

Алексей КАЛАЙЧИДИ,

Президент Әкімшілігі Қауіпсіздік және құқықтық тәртіп бөлімінің меңгерушісі:

– Халықаралық форумда Латвия, Нидерландтан келген әріптестеріміздің баян­дамаларын тыңдадық. Олар өз елде­рінде сервистік модельді енгізуді ең алдымен қауіпсіздік офицерлерінен бастағанын айтып отыр. Мұның себебі неде?! Себебі күн тәртібінде тұрған екі мәселеде. Бұл – мемлекеттік орган­дар арасындағы және мемлекеттік орган­дар мен азаматтар арасындағы ком­муникацияның нашарлығы. Екіншісі – қызмет көрсету сапасы. Ал бұл мәселе елімізде әлі күнге ақсап тұр.

Қоғамда халықпен тығыз қарым-қаты­наста жұмыс істейтін полиция өкі­лі кім? Жұртпен жиі байланысып, түр­лі дау-дамай мен кикілжіңнің ортасын­да қалатындар кім? Әрине, олар – учаскелік полиция инспекторлары. Сол себепті де қоғам мүшелеріне нақты мәселелерді шешу және өмір сапасын жақсарту үшін қолдау мен ресурстарды жұмылдыруға бағытталған бұл жоба ең бірінші учаскелік инспекторлардан басталды. Мемлекет басшысы сервиске бағдарланған полиция моделін жергілікті полиция қызметінен бастау керек екенін айтты, онда бас­ты рөл учаскелік полиция қызметіне жүктеледі. Алайда бұл сервистің осымен аяқталатынын білдірмейді.

Алексей МИЛЮК,

ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:

– Тәжірибелі полиция қызметкерлері, ғалымдар мен саясаткерлер полиция жұмысында жергілікті қоғамдастықтың қарым-қатынасын күшейту жөнінде жиі айтып жүр. Өйткені полицияда әлеу­меттік мәселелер мен қылмыстың негізгі себептерін жоятын ресурстар жоқ. Сондықтан басқа мемлекеттік органдардың, атап айтқанда, азаматтық қоғамның қолдауына мұқтаж екенін мойындауымыз қажет. Ал азаматтардың үні естіліп, мұң-мұқтаждары тиісті жерге жетуі үшін ең алдымен тиісті жағдай мен алаңдар жасау қажет. Бұл тәсіл Мемлекет басшысы атап өткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына толық сәйкес келеді.

Халықаралық тәжірибеде бұл мә­се­лелер талдамалық проблемалық-бағ­­дар­ланған тәсіл арқылы шешіліп ке­ле­ді. Көптеген шет мемлекетте по­лицияның басқа мемлекеттік орган­дармен бірге етене жұмыс істеуіне қолай­лы әрі қауіпсіз жағдай жасалған. Әри­не, сер­вистік модель барлық елдер үшін әмбе­бап болып табылмайды. Олар ең алдымен нақты жергілікті жағ­дай­­ларға, ұлттық мәдениетке, менталитет­ке, заңнамаға және ресурстық мүм­кіндіктерге бейімделеді. Мәселен, Ұлы­британия, Канада және ЭЫДҰ-ның басқа елдерінде полициямен өзара іс-қимылдың тиімді нысандары нәтижелі жұмыс істеп келеді. Оны өздері «қылмыс пен тәртіпсіздіктің алдын алу жөніндегі серіктестік» деп атайды. Мұндағы серік­тестік дегеніміз – түрлі мемлекеттік орган­дардың өкілдері мен белсенді қо­ғам­нан тұратын аналитикалық орта­лық. Бір ғана Ұлыбританияда осындай 350-ден астам серіктестік бар. Олардың мін­деттері белгілі бір аумақтың проблемала­рына байланысты өзгеріп отырады. Соң­ғы 20 жылда бұл серіктестіктер жергі­лік­ті мәселелерді шешуде, ресурстар­ды ұтым­ды пайдалануда өздерінің тиім­ді­лігін көрсетті. Бұл қызметтің нәти­же­сі халықтың мемлекеттік аппарат жұ­мы­­сына артқан сенімінен-ақ айқын көрінеді.

Өздеріңізге белгілі, ІІМ халықаралық тәжірибені, олардың қателіктері мен жетістіктерін, сондай-ақ қолда бар ұлттық әлеуетті зерделеп, ЕҚЫҰ-мен бірлесіп, Қарағанды қаласында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сервистік моделінің бірлескен қанатқақты жобасын іске қосты. Осыған орай облыс әкімі Жеңіс Қасымбекке ерекше ризашылығымды білдіргім келеді. Себебі шыны керек, алғашында бұл жобаның нәтижелілігіне көпшілік сене қойған жоқ. Оның үстіне мемлекеттік органдардың дені өздеріне жайлы аймақтан шығуға құлықсыз болатын. Дәл осындай кедергілерге тап болатынымызды халықаралық сарапшылар әу баста ескерткен еді.

Нақты жобаға тоқталар болсақ, әкім­­дік жанынан құрылған қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ету жөніндегі ве­дом­ствоаралық топ әлі күнге дейін жұмыстарын жалғастырып келеді. Бұл топтың құрамына полиция, прокуратура, денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау органдары, полиция академиясы, әкімдік, сондай-ақ жұртшылықтың сарапшылары кірді. Халықтың қауіпсіздік саласындағы проб­лемалары мен қажеттіліктерін анықтау, құқық бұзушылық туралы ресми статистиканы қоса алғанда, барлық қажетті деректерді жинау, азаматтар мен полицейлерге әлеуметтік зерттеулер және сауалдамалар жүргізу, сондай-ақ барлық алынған деректерді тек полиция қызметі призмасы арқылы емес, басқа мемлекеттік органдардың сарапшылары тұрғысынан талдау – міне, ведомствоаралық топтың алдына қойылған басты талаптар осылар.

Анықталған проблемаларды шешу бойынша оңтайлы ұсыныстар әзірле­ніп, оларды іске асыру үшін әкімге ұсы­нылады. Бұл тұрғыда мемлекеттік құрылымдардың шешімдерді орындау мониторингі жүргізіліп, көрсеткіштерге қол жеткізу тиімділігінің индикаторлары белгіленіп отыратынын айта кеткен жөн. Жинақталған тәжірибе бойынша деректер базасы тұрақты түрде жаңартылып отырады. Топты қаржыландыру толық әкімдік пен полицияға жүктелген.

Биыл бұл тәжірибені барлық аудан мен қалада дамыту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, әр ауылға тән өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, полиция, мемлекеттік органдар мен халықтың өзара іс-қимыл практикасын қалыптастыруға ерекше мән берілуде.

Әрине, жобаны жүзеге асыруда қиындықтар болды. Ең бірінші, аймақтардағы жекелеген басшылардың сенімсіздігі көп кедергі келтірді. Өйткені өңір басшыларының скептицизмі қауіп­сіздікті қамтамасыз етудің сервистік тәсілдерін кеңінен енгізу процесін едәуір кешіктірді. Ал жергілікті билік жобаға қызығушылық танытқан өңірлерде ол қазірдің өзінде оң нәтиже беруде. Жалпы Қарағанды жобасы өзінің өміршеңдігін дәлелдеді, ең бастысы, мүдделі органдар мен серіктестердің бірлескен күш-жігерінің арқасында құнды тәжірибе жинақталып, белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілді.

Марат ҚОЖАЕВ,

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары:

– Халықаралық тәжірибеге сәйкес, сервистік полиция – бұл полиция қызметіне деген жаңа көзқарас, он­да полицияның идеологиясы мен ұйым­дастырушылық стратегиясы азаматтарға сапалы полиция қызметін көрсетуге және қоғаммен серіктестікте қауіпсіздік проблемаларын шешуге бағытталған. Әлемде сервистік полицияның бірыңғай моделі жоқ, бірақ ортақ қағидаттар бар. Олар – танымалдық, қолжетімділік, тілектестік, ашықтық және есептілік.

Полицияның дәстүрлі жұмысында басты мақсат қылмысқа қарсы күреске бағытталған. Сондықтан «құқық бұзу­шы­лықтарға жауап беру» деген жедел жұмыс стилі пайда болады.

Жапония, Корея, Сингапур секілді дамыған елдердің тәжірибесінде қалалардың неғұрлым криминогенді учаскелерінде ішкі істер органдарының модульдік бекеттері орнатылған. Бұл бекеттерде қызмет атқару және азаматтарды тәулік бойы қабылдау үшін қажетті жағдайлар жасалған.

Елімізде өткен жылы 91 заманауи учаскелік пункт және 61 модульді полиция бекеті пайдалануға берілді. Қоғамдық орындарда және автомагис­тральдарда 40-қа жуық «SOS батырмасы» орнатылды. Сондай-ақ полиция қызметкерлеріне бейне қоңырау арқылы онлайн форматта азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюға мүмкіндік беретін 102 мобильді қосымшасы жұмыс істейді. Бүгінде қанатқақты жоба еліміздің 18 өңірінде іске қосылды, ал Қарағанды облысында бұл жоба соңғы төрт жылдың көлемінде моноқалалар мен аудандарда кеңейтілуде. Біздің бұл жобадан күтеріміз өте көп.

Басты мақсат – мемлекеттік билік органдары, кәсіби полиция мен ықылас­ты қоғамдастық арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алудың бір­тұтас жүйесін құру. Ал жоба осы жүйе­нің іргетасы болуға тиіс. Бұл жүйеде басшылық құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның төрағасы – әкімге беріледі. Қанатқақты жобаның қорытындысы бойынша полиция жұмысының қазақ­стандық сервистік моделіне көшудің ұлттық стратегиясы әзірленеді.

Кестутис ЯНКАУСКАС,

Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі:

– Қазіргі таңда Еуропалық Одаққа 27 мемлекет мүше. Бұл дегеніңіз 450 миллион адамнан тұратын өте ауқымды блок. Бұл елдердің әрқайсысында түрлі модельдер бар. Әр модельдің өзіндік мол тәжірибесі жинақталған. Жаңа Қазақстанды құруда біз осы үдерістердің бір бөлігі болғанымызға және Еуропалық Одақ пен бізге мүше елдердің озық тәжірибелерімен бөліскенімізге қуаныштымыз. Соңғы уақытта Қазақстан полициясы мен заң жүйесі билік моделінен бас тартып, қызмет көрсету үлгісіне көшуге тырысуда. Бұл, ең алдымен, сапаны бағалауға қатысты.

Назгүл ЕРҒАЛИЕВА,

«Құқықтық саясатты зерттеу орталығы» қоғамдық қорының бөлім меңгерушісі:

– Жоба шеңберінде сервистік полиция қағидаттарына сәйкес ең бірінші жергілікті полиция қызметінің жүйесі жетілдірілу көзделді. Осыған орай жер­гілікті полиция жұмысының жаңа тетіктері қарастырылып, құралдары мен әдістері енгізілді. Тәуелсіз сарап­шы­лардың кешенді талдауы және процестерді оңтайландыру негізінде «тиімді учаскелік» моделі құрылды.

Қанатқақты жобаның негізгі элементі – Қазақстан полициясы. Сол себепті осы саланың қызметіне «сервистік полицияны» жаппай енгізу үшін алдымен оның халықаралық моделіне бейімдеу қажет болды. Бүгінгі таңда қызмет көрсету сапасы және азаматтардың сұра­ныстарына тиімді жауап беру жеке поли­ция қызметкерінің де, жалпы полиция жұмысының да негізгі көрсеткіші болып табылады. Бұл тұрғыда алдымен учаскелік полиция инспекторларын ақпараттық тұрғыдан жан-жақты қам­тамасыз ету өте маңызды. Өйткені қара­пайым халықпен тікелей жұмыс істейтін учаскелік инспекторлар арыз-өтінішпен келген кез келген азаматқа дұрыс бағыт сілтеп, қажетті кеңес беруі керек.

Біз полиция мен халық арасындағы сенім туралы көп айтамыз. Ал полицияға деген сенімді арттыратын негізгі факторлар қандай? Ол – ең бірінші ресми байланыстардың саны мен сапасы, полиция жұмысы туралы ақпараттың қолжетімділігі мен ашықтығы. Яғни жұртшылықпен кері байланыс орна­тудың маңыздылығын түсінген жөн. Өтінішпен келген, қандай да бір құқық бұзушылықтың құрбаны болған адам ең алдымен тиімді коммуникацияны қалайды. Стратегия сервистік модельді дамытудың төрт векторына бағытталған, олар – құқық бұзушылықтарға жедел ден қою үшін полицияның қадамдық қолжетімділігі, полиция жұмысының сапасын арттыру, қылмыстың алдын алу және жергілікті қоғамдастықпен әріптестік.

Жобаны енгізу барысында айтылған барлық ұсыныстың барлығы тәжірибеде сынақтан өткенін айта кеткім келеді. Форум барысында келтірілген деректер де сапалы аналитикаға негізделген.

ТҮЙІН. Елімізде полиция жұмысына сервистік тәсілдерді енгізу жобасы 2018 жылдан бері жүргізіліп келеді. Алғашқы тәжірибе алаңы ретінде Нұр-Сұлтан мен Қарағанды қалалары таңдалып алынған болатын. Сервистік полиция – құқық қорғау органдары жүйесін жаңғыртудың маңызды құрамдас бөлігі. Ал оның бас­ты қағидаты «ішкі істер органдары – жергілікті атқарушы билік – халық» деп аталатын үштіктің өзара серіктестігін күшейтуді көздейді.