Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Жылдар бойы жаңалықтарына жанашыр жан таппаған өнертапқыш таяуда «Egemen Qazaqstan» басылымының редакциясына арнайы ат арытып келген екен. Ол өз сөзінде ондаған жыл бұрын ойлап тапқан жаңалықтары билік басындағы азаматтар тарапынан қолдау таппағанына күйінетінін жеткізді. Осы мәселе бас басылым арқылы шенеуніктердің құлағына жетсе деген тілегін де жасырып қалмаған еді.
«Мен жалпы ғылымның әр саласына байланысты 25 жаңалық ойлап тапқан адаммын. Олардың қатарында жарылыстың алдын алатын, коронавирус, құс тұмауы дертіне тосқауыл болатын жобаларым да баршылық. Бүгінде белгісіз аурулардың салдарынан төрт түліктің өлімі көбейіп кетті. Онымен күресу мәселесі де назарымнан тыс қалған емес. Сондай-ақ өртті болдырмау үшін де білгенімді, көкейге түйгенімді қорытып, жаһандық деңгейде жаңалық ашқан болатынмын. Енді осы жаңалықтарды жүзеге асырсақ, ресурсы кемшін саналатын көптеген елді басып озатын едік. Мұның бәрі өнертапқыштардың арқасында мүмкін болмақ. Мен «Өнертапқышты өлтіру немесе заң кемшіліктері», деген кітап та жаздым. Оған тапқан жаңалықтарымның бәрін енгіздім. Бір сөзбен айтқанда, жобаларымның жұртқа керек екенін дәлелдеумен келемін. Басқасын айтпағанда, өртке қарсы жеті жаңалық ойлап тапқан болатынмын. Оларды іске асырсақ, елімізде мүлде өрт болмайды. Жанармай қоймаларында қаншама адам мерт болып жатқанын білетін шығарсыздар. Қаншама млрд қаржы желге ұшты десеңізші. Осындай олқылықтардың барлығының алдын алатын боламыз. Менің жаңалықтарымның бәрі физика мен химияның, биология мен математиканың, өмірдің заңдылықтарына негізделген. Мәселен, инертті газ дегеніміз жанбайды ғой. Оның ішінде ауадан ауыр газдар болады. Айталық, көмірқышқыл газы бір жарым есе ауыр болса, аргон екі есе, криптон төрт есе, ксенон бес есе ауыр. Сол инертті газды пайдалану арқылы өртті жоюға мүмкіндік бар. Осыны қаперден шығармаған жөн», дейді әулиеаталық азамат.
Өрт сөндіру машинасы тәулік бойы жұмыс істейді
Ол өзі ойлап тапқан жаңалықтарын мамандарға апарып, оның тиімділігін дәлелдеп те берген екен. Алайда М.Аюбаевтың ойын түсінген шенеуніктер жоқтың қасы. Осылайша жамбылдық өнертапқыштың жаңалығы жыл өткен сайын шаң басқан архивтің «сәніне» айналып бара жатқандай көрінеді. Жанашыр жан табылмаса, мәселенің жабулы күйінде қала беретіні де күмән тудырмайды.
«Тілсіз жау туралы сөз еткенде өрт техникаларына тоқталмау мүмкін емес. Жер жүзінде мен ойлап тапқандай техника жоқ екеніне бек сенімдімін. Әлемдегі техниканың дені бір дегенде жарты сағат ғана жұмыс істейтінін жақсы білеміз. Олардың барлығы дерлік негізінен өртті сумен өшіреді. Ал мен ойлап тапқан өрт сөндіру машинасы бір қуаттаған кезде 24 сағат дамылсыз жұмыс істей алады. Онда жеті түрлі тәсіл қамтылғанын айта кеткен ләзім. Кезінде Кәрім Мәсімов Үкіметті басқарған шақта еліміздің көп жерінде өрт лаулап, биліктегілер оны өшіре алмай мазасы қашты. Сонда ол өрт сөндіру техникаларын дамыту туралы қаулы шығарған еді. Алайда біз жаңалықты іске асырудың орнына Ресейден 180 млн теңгенің үш машинасын сатып алдық. Осылайша, жоқ жерден шығынға тап болдық. Соны естігеннен кейін бойыма жиған барлық білімімді пайдаланып, жаңалық аштым. Өзім ойлап тапқан машинаны патенттедім. Ол машина жаңа айтқанымдай тәулік бойы жеті түрлі тәсілмен (бумен, сумен, су араласқан бумен, инертті газбен, газды көбік және сулы, булы көбікпен) жұмыс істейді. Бағасы ресейлік машинаның құнынан аспайтын болады.
Жарты сағат пен 24 сағатта, бір тәсіл мен жеті тәсілде айырмашылық бар ма? Қалай ойлайсыз? Әрине, бар! Біз осындай техниканы өзіміз жасап шығарсақ, төрткүл дүниені өрт сөндіру көлігімен қамтитын едік. Бұл мемлекетке де тиімді болар еді. Машинаның үстіне бу қазандығы орналастырылады. Физиканың заңдылығына сүйенсек, бір көлем судан бес мың көлем бу алуға болатыны дәлелденген ғой. Бұл машина арқылы республикалық «Шапағат» байқауында жүлделі бірінші орын алған болатынмын. Өртті бумен өшіру технологиясын бірнеше жыл бұрын сынақтан да өткізіп көрген едік. Өрт мамандары, төтенше жағдай саласының өкілдері және өзге мамандар дұрыс қорытынды шығарып та берді. Бұл машинаны, тікұшақты болсын, өрт сөндіруден басқа салаларда да пайдалануға болатыны даусыз. Медицина саласына да тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Бөлмелерді, ауланы залалсыздандыруға пайдалануға да болады. Бумен залалсыздандырудың экологиялық тұрғыдан тиімді екенін де ұмытпаған ләзім. Қыстың көзі қырауда су құбырлары мен құдықтар қатқан кезде оларды ерітуге де мүмкіндік бар. Машина 130-150 градустық бу бөлетінін ұмытпаған жөн. Дүкендердегі өртті бумен немесе инертті газбен өшірсек, ешқандай зақым келмейді. Қысқасы, мен ойлап тапқан жаңалық еліміз үшін барлық жағынан тиімді.
Уақытында «Леңгір машина құрастыру зауыты» менің жаңалығымды жылы қабылдап, құрастыруға ниетті болған еді. Алайда аталған кәсіпорын бір кездері жабылып қалды. Әйткенмен менің жаңалығым осы уақытқа дейін Үкімет тарапынан қолдау таппай отыр. Сол жағы мені қатты қынжылтатыны рас. Қолдау болса, кез келген қалада жасап шығаруға болатын еді ғой. Оның ешқандай да қиындығы жоқ. Бұл техникаға бірнеше жоғары оқу орындарының мамандары жоғары баға берді. Біз сөзбен айтқанда, өрт сөндіру машинасының тиімділігін дәлелдеудей дәлелдедім.
Жанармай қоймаларында тіркелген өрт салдарынан көптеген адамдар көз жұмды. Миллиардтаған шығын келді. Ал мына жаңалық сол өрттің бәрінің алдын алады. Бірде өрт сөндіруге қатысты заңдарды қарап шығып, қателіктерді тапқан болатынмын. Сондықтан тәсілді өзгертетін кез келгенін анық білемін десек, еш қателеспеймін. Оның бәрін айтудай айтып келемін. Сол себепті, жаңалығыма билік басындағы азаматтар жанашырлықпен назар аударса деймін. Қысқасы, өртті болдырмайтын инертті газды жанармай қоймаларында пайдалану керек деп есептеймін. Ол ауадан ауыр болғандықтан жанармайдың үстінде қалқып жүреді. Ауаны кіргізбейді. Сол себепті де өрт болмайды. Ғаламтордан жанармай қоймаларында өрт немесе жарылыс болған кезде қоймалардың шатыры 30-40 метрдей биіктікке атылып кететіндігін көрдім. Бұл әжептеуір салмағы бар дүниелер екені айтпаса да түсінікті. Ол қайтадан түскен кезде жан-жағын қиратып түсетіні анық. Май сақталған цистерна бакті де тесіп кіру қаупі бар дегендей... Ол өртті одан әрі ұлғайтып, шығынды молайтуға соқтыратыны белгілі. Міне, бұл жерде заңның дұрыс еместігін аңғаруға болады.
Бұл мәселені ұзақ жылдар бойы көтеріп жүрмін. Кезінде Төтенше жағдайлар министрлігі менің тәсілім жер жүзінде кездеспейтінін айтып хат та жолдады. Кейіннен «Инертті газдарды пайдалана отырып өрт сөндіру халықаралық тәжірибеде қолданылмаған нәрсе (сол үшін патент алып отырмын ғой). Сондықтан біз әлемдік тәжірибеде қолданылып отырған көбік арқылы өрт сөндіру тәсілін пайдалана береміз», деп жауап берген болатын. Жанармай қоймасында өртті болдырмауға қатысты сынақты өткіздік. Қатысқан мамандар жаңалығымды бір ауыздан мойындады», дейді ол өз ойымен бөлісіп.
Ұзақ жылдар бойы жаңалығының жүзеге асқанын көргісі келген өнертапқыш осы уақытқа дейін Төтенше жағдайлар министрлігінен көп үміт күткен. Тіпті уақытында жаңалығы жүзеге асатындай көрінген кез де болған екен. Алайда ойларының барлығы да бұрынғы арман күйінде қалып қоя берген көрінеді.
«Ресейдің өрт сөндіру машинасын сатып алғаннан түк те ұтқан жоқпыз. Қайта мен ойлап тапқан техниканы құрастырсақ, әлем бізден өрт сөндіру машинасын сатып алар еді. Әттең осыны еститін құлақ, көретін көз болмай тұр. Мәселе Президенттің құлағына жетпей, оң шешім таппайтын секілді», дейді ол күйініп.