БҒМ мәліметінше, бүгінгі таңда 2 миллионға жуық бала осы мүмкіндікті пайдаланып білімін шыңдап жатыр. Мұнда оқушылар білім көкжиектерін кеңейтіп қана қоймай, ішкі жан дүниелерін рухани байытады. Олардың барлығы уақытты тиімді өткізіп, ыңғайлы кесте мен қызықты форматта оқиды.
Айта кетсек, жазғы мектептер емтихан тапсыратын 9-11 сынып оқушыларынан басқа, барлық шәкірттер үшін ұйымдастырылады.
«Жазғы мектептегі сабақтар сыныптағы оқушылар санына қарамастан өтеді. Әр оқушы біліміндегі олқылықтардың орнын толтыруға мүмкіндік алады. Оқу ыңғайлы кесте бойынша қызықты форматта өтеді. Мысалы, сабақтар музейлерде, таза ауада өткізіліп, әртүрлі экскурсиялар ұйымдастырылады. Жазда балалар уақытын телефон ойындарын ойнап өткізетінін білеміз. Әрине, егер мүмкіндік берілсе, ата-аналар балаларға уақытты кітап оқуға немесе білім алуға жұмсағаны дұрыс екенін түсіндергені абзал. Балалардың жазғы мектептегі оқуға қызығушылығын, ынтасын арттыру үшін мұғалімдер баға қойып, үй тапсырмасын бермейді. Ал мектеп әкімшілігі мен ұстаздары жазда оқу барынша қызықты әрі танымды өтуі үшін барлық жағдайды жасауы керек. Қазірдің өзінде ата-аналар жақсы пікірлерін айтып жатыр», деді ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.
Салтанат Кенжебай