Әдебиет • 31 Мамыр, 2022

Жүрегі қарс айырылған жас құлындар

1233 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сол сурет көз алдымнан кетпейді. Торы биенің кер құлыны. Қарашоқыдан өте берсем, жалтаңның еңісінде жаңа туған жас құлын жападан-жалғыз тобылғы еміп тұр. Сәуірдің жаңбыры тысыр-тысыр етеді. Тобылғы, қараған гүлдеп кеткен кез. Үстінен түспесем, өлді ғой ана құлын. Киіктің құралайындай кер құлын, көзі мөлт-мөлт еткен, аяқ-бұты сидыйған, панасыз жетім құлын. Қулық құлындаған (тұмса деп те айтады, тұңғыш төлдеген) енесінен көз жазып қалған, жылқышыға кезігіп, жарығы өшпеді әйтеуір.

Жүрегі қарс айырылған жас құлындар

Соғысты көргендердің, балалығы соғыспен тұспа-тұс келгендердің бар­лы­ғының өмірі осы кер құлындай панасыз болған деп ойлаймын. Бүгін болмаса, ертең іліп түсетін қаңғы­ған оқтың астындағы қорғансыз тағдырлар. Сырбай Мәуленовтің, Қуан­дық Шаңғытбаевтың, Сағи Жиен­баевтың жырларынан анық көрінеді. Енесі немесе енесінен көз жазып қал­ған жетім құлын – аяулы бейне. Кез келген киік бөтен құралайды емі­зіп кете береді. Жылқыда жоқ ол қасиет. Құлыны өлген сақа биелер қулықтың құлынын тартып әкетеді дейтін үлкендер. Керісінше қазақ аналары бір-бірінің баласын емізе берген. Жылқының мінезін, киіктің қасиетін бойына сіңірген біздің халық. Бәлкім сондығынан шығар, жоғарыдағы үш ақынның да құлын тақырыбында өлеңдері бар. Және қайталап оқитын классикалық шығарма үшеуі де. Мұндай шығармаларды түйсініп оқыған адам қастыққа, жауыз­дыққа, зұлымдыққа әсте бармайды деп ойлаймыз, әрине. Көрмесе де көргендей болады ол қасіреттерді.

Жер бетінде онсыз да зұлымдық көп емес пе? Қаңғыған оқ көп. Оны соғыс көргендер анағұрлым артығырақ сезінеді. Сырбай тіпті қазақ даласының әлі дүниеге келіп үлгермеген, іште туғалы жатқан құлынын Ресейге, Вол­ховтың батпағына апарады. Сол фугас бомбасының астында жарыққа келгелі жатқан Сырбайдың құлын жүрегі атқақтап зұлымдыққа қарсы жорыққа шығады. Сонау орыс даласында соғыста жүрсе де Сырбай әрине қазақы құлынды елестетіп жазады өлеңді. «Шаршаған жол батып, Волховтың бат­пағында, жатыр бие толғатып, зеңбі­рек­тің арт жағында». Ақын осылай жай ғана айта салған және сол жай ғана айта салғаны өлместің жыры болып түскен. «Фугас бомбасы – Жерді өртеген қиын күнде. Тіршілік жолдасы – бүлкілдейді биенің бүйірінде». Бошалап келген бие жауған оқтың астынан басқа жер таппағандай ақын соғысып жатқан орманға келгенін көрмейсіз бе? Жерге түсіп, тәнге қадалған зеңбіректің жарықшағынан сол бомбаның астында толғатқан биені көру – әлдеқайда ауыр ақын жүрегіне. Ақын соны айтқысы келеді. Соғыс бір қинаса, өмір екі қинайды: «Жалын тарап, көзіне үнсіз қарап, Солдат оның си­пайды құрсағынан», дейді. «...Ал оттың ортасында – шіркін, өмір, Құлын боп кісінейді». Барлық қасірет пен шаттық осы төрт шумақ өлеңде тұр. «Өлтірмек болды ұлымды, дүниеге әлі келмеген», деп те жырлаған Сырбай ақын. Адамды өлтіру – жалғыз оны өлтіру емес...

Ал Қуандық Шаңғытбаев пен Сағи Жиенбаевтың құлыны бейбіт күні туса да, от пен оқтан жазым болғаны жүрекке шаншудай қадалады. Ақын тілі шаншудай қадап қояды. Жанашырлық сезімі оянады. Қуандықтың «қырмызыдан май бұрқырап тұрған кезде туған мәрмәр тұяқ, меруерт кекіл, қан күрең құлыны», бейқам, ерке құлыны туралы оқып бастағанда адам шынымен-ақ «төбелінен сүйіп алғысы келеді». Ақын жырдың алғашқы шумақтарында құлдырыңдаған құлын дүниеге қайран қалдырып, таңдай қақтырып қояды.

«Керілгенде келте жалын сілкетін,

Құйын өтсе құты қалмай үркетін.

Аңқау еді, емшек іздеп таба алмай

Енесінің төсін түгел түртетін» осыншама бейқам, аңқау құлынның енесіне жай түсіп өледі де, жетім қалады. Әрі қарайғы өмірі тек бір Құдайдың қолында. Соғысқа бармаса да, балалығы мен жастығын соғыс топалаңы жалмап қойған ақынның жазғаны қылаң береді мұны. Енесіне жай түсіп өлген құлынды суреттей келе соңында ақын:

«Қарашы әне: аспанда –

нұр, жерде – гүл,

Болмағандай түк те

сұмдық сұрапыл»,

деп аяқтайды.

Сағидың құлыны да осыған ұқсас. Екі ақын бір уақыттың перзенті болған­дықтан, жырлары да соғыс кезін еске салады. Сағи бірақ, оқиғаны басынан да, ортасынан да емес, соңынан бастап тарқатады.

«Табиғаттың осындай

бір қастығын

Көрмейін деп бұлт астына

қашты күн.

Жаңа ғана енесіне жай түсіп,

Жапан дүзде қала берді жас құлын».

Осы жерде күнді бас әріппен жазу керек. Бұл да поэзияның жазылмаған заңы. Бір жағынан күн – жалқы есім. Ештеңені есіне сақтамайтын, таңғалмайтын сол жарықтығыңыздың өзі осы қасіретке төзбеген соң не деуге болады? Күн түгілі жер де сөйтеді:

«Нөсер жаңбыр құйылғандай

шүмектен,

Осы маңда өршелене үдеткен...

Құлыншақты тербегендей

 шайқалтып,

Қара жердің кеудесі бір дір еткен».

Жер де сөйтеді деп ойлаймыз, аны­ғында бұл – құлынның өз жүрегі. Тура мағынасында да, ауыспалы мағы­насында да ойнап тұр сөз. Дүниенің де, уақыттың да жүрегі болуы мүмкін дір еткен. Ең бастысы осындай сұм­дық­қа сіздің жүрегіңіз дір етпесе, масқара – сонда. Бірақ өлең – оқыған жанның аяушылық сезімін тудырмай қоймайды. Әрине, анасы өлгеннен Құдай сақтасын, ол тұрмақ, басқа балалар ойнап жатқанда, соларды көре тұра қалып қойған бала қандай күйде болушы еді? Ақын соны келтіреді. «Басқа жылқы қырға беттеп барады. Бұл соларды ұзатып тұр көзбенен». Осыдан былай өлген анасы мен ұзап бара жатқан жылқы арасында шарқұрған құлын бейнесі көз алдыңнан кетпей қояды.

«Жаңбырменен дүр сілкініп

шықты көк,

Көк шалғынның бетін

самал сүртті кеп.

Оятқандай сұлық жатқан енесін,

Тұрды құлын

тұмсығымен түрткілеп...».

Бұдан әріге жүрек дауаламайды.