Аймақтар • 31 Мамыр, 2022

Түркістанда отбасымен ұйымдасып ұрлық жасағандар ұсталды

205 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Полиция департаментінің Криминалдық полиция қызметкерлері Шымкент қаласында ұйымдасқан қылмыстық топты әшкереледі, деп хабарлайды Egemen.kz

Түркістанда отбасымен ұйымдасып ұрлық жасағандар ұсталды

Қылмыстық топ өңірдің Қазығұрт, Келес, Ордабасы және Сарыағаш аудандарындағы 70 пәтерді тонаған. Тәртіп сақшылары ұрыларды ломбардтарға өткізген тауарлары арқылы тапқан.

Тергеу барысында бұрын осындай қылмыстары үшін сотталған 26 жастағы ер адам анықталды. Ол өзінің таныстары мен туыстарынан топ құрап, әрқайсына тапсырма беріп отырған. Ұрлық жасаған кезде олар міндетті түрде пәтер иелерінің жоқтығына көз жеткізіп, үй ерекшеліктерін ескеріп отырған. Ұрлық жасаған соң, сезіктіні күйеу баласы көлігімен бірден алып кетіп отырған. Әрі қарай ұйымдастырушының анасы мен жұбайы ұрланған әшекей бұйымдарды пұлдап, түскен пайдасын өзара бөліскен.

Түркістандықтарға келтірілген залалдың жалпы сомасы 100 млн теңгеден асты. Тінту барысында бұзуға арналған 32 түрлі монтаж-құрылғылар, кілттер, 52 зергерлік бұйым, 106 кепіл билеті және күдіктілер ұрлаған заттарын тасымалдаған автокөлік тәркіленді.

Ұйымдастырушы және топтың екі мүшесі Түркістан облысы ПД Қазығұрт аудандық ПБ УҰИ-ға қамалды. Тағы бір күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қазіргі уақытта қылмыстық істі сотқа жіберу үшін тергеу-жедел іс-шаралар кешені жүргізілуде.

Салтанат Кенжебай