Аймақтар • 31 Мамыр, 2022

Бөкейханұлы оқулары

186 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанайдағы машина жасау зауытында Алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлының мұрасын зерделеп, насихаттау мақсатында «Бөкейханұлы оқулары» атты іс-шара өтті. Жиынға тарихшы ғалымдар, қоғам белсенділері, мұғалімдер мен студенттер, сондай-ақ зауыт басшылары мен автокөлік құрастыру цехының мамандары қатысты.

Бөкейханұлы оқулары

Әдетте, ұлт пен руханият тарихы төңірегінде әңгіме өрбитін мұндай келелі жиындарды өнер­кәсіп орындарының ұйым­дас­тыруы сирек кездеседі. Зауыт жанынан жұмыс істеп жатқан корпоративтік университеттің аталған жиынды Алаш кө­се­міне арнап отырғаны да кез­дейсоқ емес. Басқосу барысында Әлихан Бөкейханұлының қа­зақ жастарын техника тілін меңгеруге үндеген сөздері қазіргі таңдағы отан­дық авто­өнер­кәсіптің алдында тұрған мін­деттермен сабақ­тастырыла сараланды. Қай­раткердің «Қазақ даласыз, соқа мен машинасыз қазақ бола ал­майды. Біз бі­рі­гіп, өндірісті бірге ашуы­мыз ке­рек. Ол үшін бізге заманауи жаб­дық­тарды пай­да­лану қажет»,  деп қырда қам­сыз жатқан қа­зақты бірлік пен тірлікке, техни­каға үйреніп, өн­ді­рісті игеру­ге ша­қырған заман ауанын аң­да­ғыш сұңғыла даналығы тура­сында айтылды. Жиынға қаты­сушылар, сонымен қатар Жаңа Қазақстан идея­сын жүзеге асы­рудағы Әлихан Бөкейханұлы мұра­сының мәні мен маңызы талқыланды.

Іс-шара аясында «Сарыарқа­АвтоПром» авто­мо­биль зауы­ты­ның өндіріс­тік алаңына экс­­курсия ұйым­дас­тырылып, ин­­­­женерлік-тех­никалық қызмет­кер­­лермен және зауытта жұмыс іс­тейтін жастармен кездесу өт­ті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Бөкейханұлы оқу­ларына» келіп түскен ғылыми мақалалар негізінде «Әлихан Бө­кейханұлы: өнеркәсіпті дамы­ту – тәуелсіз экономиканың негізі» атты жинақ жарық көретін болады.

 

ҚОСТАНАЙ