Қазақстан • 31 Мамыр, 2022

Құрбандар есімі ұмытылмауға тиіс

709 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматы халқы арада жүз жыл өтсе де қасіреттің жа­сы әлі құрғамағанын көк­тен көздің жасы тамған­дай нөсерлете жауған жаң­быр­дың астында тұрып се­зінді. Жыл сайын 31 ма­мырда ашқұрсақ баласын құшақтап, аштық­тан әл­сіреген ананың бей­не­сіндегі саяси қуғын-сүр­гін және ашаршылық құр­бан­дарына орнатылған ес­керт­кіш тү­біне жиналатын шаһар тұр­ғын­дары атаулы күн­ге орай зұл­мат жылдары опат бол­ған асыл бабаларын еске алды.

Құрбандар есімі ұмытылмауға тиіс

«Қарағайлы» саябағындағы тағылымы терең жиынға Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, сондай-ақ Парламент Сенатының депутаттары, ашаршылық құр­бандары мен қуғынға ұшыра­ғандардың ұрпақтары, олардың өмірін зерттеп жүрген ақын-жа­зу­шылар, ғалымдар, Алматы қа­ласының зиялы қауым өкілдері қатысты.

Ескерткішке жиналған қа­уым қасіретті жылдардың құр­бандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспанұлы ашар­шылық жылдарынан кейін әр уақыт кезеңінде опат болған боз­­дақтардың рухына арнап Құ­ран аят­тарын оқып, дұға бағыш­тады.

Ұлт мұраты жолында басы айдауда, бармағы шайнауда кеткен саяси қуғын-сүргін құр­бандарының ел алдындағы ең­бегі, соңына қалдырған мұрасы жас ұрпақтың жадынан ешқашан өшпек емес. Жиында сөйлеген зиялылар тоталитарлық озбыр саясат жүргізген қудалаудың салдарынан құрбан болған жазықсыз жандардың рухын ардақ тұту, есімдерін ұмытпай, ұлықтап отыру бүгінгі және келер ұрпаққа жүктелетін міндет екенін айтты. Қазақ халқының тағдырын тоз-тозын шығарып, ауқымды бөлігін ашаршылық құрбаны етіп, үлкен бөлігін үркіншілікке ұрындырған нәубет жылдардың қасіретін ел есіне салып, зұлматтың тарихын зерттеуден талмай келе жатқан белгілі қаламгер Смағұл Елубайдың тың ұсынысын көп­шілік бірден құптады.

«Қасіреттің де түр-түрі болады. Бірақ біздің ұлтымыз үшін қасіреттің де қасіреті – ашар­шылық пен осы зобалаң жыл­дар болып тарихта мәңгі қа­лады. Халықтың ұғымында «ақ өлім», «қара өлім» деген ұғым бар. Өкінішке қарай, 5 миллион халықтың ажалын «ақ өлім» деп айта алмаймыз. Бұл қасіретке бүкіл халық болып бас июіміз керек. Ал біздің Парламент отыз жылда отыз секунд үнсіздік жа­риялай алмады. 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құр­­бандарын ақтау туралы» Тә­уелсіз Қазақстанның алғашқы заңы қабылданды. Осы заңның мәтінінен «ашаршылық» деген сөзді алып тастады. Кешегі кеңестік сананың сарқыншағы миллиондаған құрбанның аруа­ғынан қорықпай, «ашаршылық» деген сөзден қорқып, сыздырып тастады. 1921-1922 жылдың ашаршылығына 100 жыл, 1932 жылдың ашаршылығына 90 жыл, репрессия құрбандарына 85 жыл толып отыр. Алдағы уа­­қытта дәл осы күндері қа­ла­мыз­да «Мәңгілік халық» деген шеру өтуі керек. Келесі жылы еске алуға келген халық құр­бандардың портреттерін кө­те­ріп, жұбын жазбастан сонау Жел­­тоқсан ескерткішіне дейін шеру жасауы тиіс. Бүкіл халық болып қайғырғанымызды жас­тар көреді, өткеннен тағылым алады. Осы ұсынысымды қабыл алыңыздар!», деді жазушы.

Саяси қуғын-сүргін құрбан­дарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі Хангелді Әбжанов Қазақ ұлтын жайпап өткен үш қасіретке ерек­ше тоқталды. Академиктің дерегіне қарағанда, 1920 жылы Қазақстан халқының 80 пайызы қазақтар болған, ал 1959 жылғы санақ қазақтың бар болғаны 29 пайыз екенін көрсетті. Аз уақыт ішінде өз елінде, өз жерінде отырып осыншама азайып кеткен ұлт жер бетінде некен-саяқ.

пп

Бірінші қасіретті ашар­шы­лықпен байланыстырған ғалым ұлт қасіретінің негізгі үш себебін атады. «Екінші қасірет, жаламен ұсталып, жазықсыз шейіт бол­ғандар. Осының кесірінен хал­қымыз тілден де, ділден де айырылды. Үшінші қасірет – қа­зақ жерінің талан-таражға түс­кені. Бүгінде Орынбор қаласы қазақтың астанасы, Ташкент қазақтың отырған орны десе, кім сенеді? Әлихан Бөкейханның кітабында Қазақстанның картасы бар. Ол дөңгелек шар тәріздес пішінге ие. Ал бүгінгі картаға қарасақ, қазақтың жерінің екі шеті жоқ, созылып кеткен. Ұлт өміріне нәубеттер мен ашаршылық жүр­гізілгенде көзделетін мақсаты біреу ғана, ол – отарлаушының осы жерге шексіз билігін орнату. Оған жету жолындағы айла-шарғысы да мың түрлі болды. Кеңестік империяның озбырлығы 1921, 1932, 1937 жылмен ғана шек­телмейді, ол жүйелі түрде жасалып отырды. Өкініштісі, осы қасіретке біз әлі сүлесоқ қараймыз. Әлі мыңдаған емес, жүздеген мың қазағымыз ақталмай жатыр. Олардың ақталмағаны былай тұрсын, «ақталды» деген ұлы тұлғаларымыздың құжаттары әлі құпия. Жабық, ашылған жоқ. Қолға берілмейді. Демек ақ­тал­маған сол қазақтарды әлі күнге абақтыда жатыр деп есеп­те­уімізге болады. Соңғы құр­бан ақ­талғанша Қазақстанда тоталита­ризм ізі толығымен жоғалды деп айта алмаймыз».

Ең ауыры, құрбан болған боз­дақтардың көпшілігінің ұр­пағы аталарының не үшін айып­талғанын, сүйегінің қайда жатқанын білмейді. Архивті ақтарғанымен, арғы жағы құм­ға құйған судай ізім-ғайым жо­ғалады. Қуғын-сүргін мәселесі – қазақтың бітеу жарасы. Әлі орнына келмеген қателіктерді, селқостық пен жайбарақаттық жойылғанда ғана қуғын-сүргін құрбандары толық ақталды деп айтуға негіз болады.

Бұдан соң Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, азалы жиынға қатысқан алматылықтар, Жел­тоқсан оқиғасына қатыс­қандар ескерткішке арнайы гүл шоғын қойды. Тұтас ұлтты жойып жібере жаздаған нәубет әрдайым ел жадында жүруге тиіс. «Мұндай зұлмат ешқашан қайталанбасын!» деген игі тілекпен іс-шараны ұйым­дастырушылар тағзым жаса­ғандарды Алматы қала­сындағы Орталық мешітте бағышталатын Құран-хатым мен «Жұлдыз» мей­рамханасындағы аруақтар рухына арналған асқа шақырды.

 

АЛМАТЫ