− Біз Аустралияда бір айға жуық болдық. Алған әсерім керемет, оны сөзбен айтып жеткізе алмаймын, − деп бастады сөзін Шұғыла бізбен әңгімесінде.
− Жалпы, әлемдік шоуда сегіз гала балет бағдарламасы көрсетілсе, біз екі балет қойылымын ұсындық. Бекзат өнерді сүйетін көрермендерге «Спартак» балетін тарту еттік. Бұл туынды Аустралияда жиі қойылмайды. Сондықтан жұртшылық жаңа премьера көргендей ерекше әсер алды. Бізге ризашылықтарын білдірді. Содан кейін Бақтияр да, мен де жеке репертуарымыздан өнер көрсеттік. Жұп болып та биледік. Балет – өте кірпияз, ақсүйек өнер. Үнемі ізденіп, талмай еңбектену керек. Бұл өнер әр елде әртүрлі дамыған. Біз көбінесе Еуропада балет өнері дамыған деп санаймыз. Ол дұрыс. Бірақ қазақ балеті де ешкімнен кем емес. Оған өзімнің бағдарламам аясында көзім жетті. Алайда мені Ковент-Гарден Корольдік балеті, Америкалық балет театры және Квинсленд балеті әртістерінің техникалық шеберлігі тәнті етті. Сахнада өздерін сабырлы ұстайды. Әсіресе америкалық балеринаның өзіндік өрнегі таңғалдырды. Сонымен бірге іс-шара шеңберінде шеберлік сағаты өтіп, білікті мамандардан дәріс алып, тәжірибе жинақтадық. Себебі балет әртісіне тәжірибе жинау ешқашан артық емес, − деді ол.
Шұғыла Әдепханның «Астана Операдағы» алғашқы дебюті «Баядерка» балетіндегі Гамзатти рөлінен басталды. Бұл қойылымды белгілі хореограф Алтынай Асылмұратова сахналады. «Баядеркадағы» оқиға Үндістанда орын алған. Ғибадатхана қызметшісі – баядерка Никияға Ұлы брамин және айбынды жауынгер Солор ғашық болады. Бұл жағдайдан бейхабар раджа Дугманта Солорға құрмет көрсетіп, оған қызы Гамзаттиді ұзатқысы келеді. Мұндағы Гамзаттидің болмысы қатал, өркөкіректеу, ешкімге басын ие қоймайтын жан. Бірақ Шұғыланың мінезі жұмсақ, биязы. Сонда да ол кейіпкерінің «кілтін» табу үшін біраз ізденді. Осы туынды туралы жазылған дүниелерді оқыды, ескі қойылым бейнетаспаларын қарады. Ұстаздарымен кеңесті. Ақыры, сахнаға Гамзатти образын өзіне тән ерекшелігімен, шынайылығымен ойнап шықты. Көрермендер де жас өнерпаздың алғашқы аяқ алысына риза болды. Одан кейін Ю.Григоровичтің хореографиясындағы П.Чайковскийдің «Шелкунчик» спектаклінде Мари рөлін ойнап, жаңаша қырынан көрінді. Б.Асафьевтің аңызға айналған «Бақшасарай бұрқағы» драмалық балетінде Мария партиясын шебер сомдады. Әсіресе Л.Минкустың танымал «Дон Кихот» балетінде Базильдің сүйіктісі қылықты Китри рөлі – оны жаңа биікке көтерді. Ұлттық балет өнеріне талантты жас балеринаның келгенін көрсетті.
«Китриді» ойнау – маған жеңіл болған жоқ. Бұл қойылым техникалық жағынан өте күрделі. Үнемі сахнада жүресіз. Демалмайсыз. Бірақ Китри − еркіндікті жақсы көретін қыз. Сол мінезі маған қатты ұнады. Осы мінезін ашуға тырыстым. Балет өнерінде бишінің әр қимылы сөйлеп тұру керек. Біз сол арқылы кейіпкеріміздің характерін ашамыз. Бірақ оған шеберлік қажет. Сондай-ақ рөліңізді жан дүниеңізден өткізбесеңіз, көрерменді сендіре алмайсыз. Сондықтан әр образыма жанымды саламын», дейді кейіпкеріміз шығармашылық құпиясынан сыр тартып.
Әр талант иесінің өнерге келуі де қызық. Біреуі тумысынан дарынды болып туып, бірден жарқырап көрінсе, енді бірі өнерге кездейсоқ келіп, танымал болады. Біз кейіпкерімізді бірінші топқа жатқызар едік. Ол үш жасынан бастап, би билеуді жақсы көрген. Соны байқаған ата-анасы оны алты жасында астанадағы би студиясына береді. Осы студияға бара жүріп, балалар арасындағы би байқауларына қатысып, жүлделі орындар иеленеді. Одан әрі бишілік өнерін ұштау үшін тоғыз жасында А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесіне оқуға түсіп, Майра Түкеева және Раушан Төлегенова секілді білікті ұстаздарынан тәлім алды. Би өнерінің қыр-сырын меңгерді. 2016 жылы астанадан Қазақ ұлттық хореография академиясы ашылғанда соған ауысып, оқуын осында аяқтады. 2017 жылы «Астана Опера» театрына жұмысқа қабылданды.
Оның кейінгі ойнаған кейіпкерлерінің бірі – «Париж Құдай-Ана соборы» спектакліндегі – Эсмеральда. Бұл туындыны белгілі хореограф Ролан Пети қойған. Эсмеральда – цыган қызы. Өзі бостандықты, еркіндікті ұнатады. Ешкімге тәуелді болғысы келмейді. Мінезі де бөлек. Осы кейіпкерді Шұғыланың өзі де жақсы көріп, тамаша сомдады. Цыган қызының еркіндігін көркем кестеледі.
Шұғыла үшін «Астана Опера» театрындағы балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресей халық әртісі Алтынай Асылмұратованың орны бөлек.
«Әлемге танымал балет жұлдызынан дәріс алып, бірге жұмыс істеп жүргенімді мәртебе санаймын. Ол кісінің айтқан әрбір пікірі – біз үшін өте құнды.Болашақта өнерімді әрі қарай дамытып, әлем сахналарында өнер көрсетсем деп армандаймын. А.Аданның «Жизель» балетінде Жизельді, «Баядерка» балетінде Никияны ойнағым келеді. Бірақ бұл рөлдерді жоғары деңгейде сомдау үшін әлі де шыңдала түсу қажет. Сондықтан қазір күндіз-түні еңбек етіп, ізденіп жүрмін. Мақсатқа жету де оңай емес. Әсіресе өнер адамына табандылық пен мінез керек екенін түсінемін», дейді балет әртісі.
Сонымен қатар жас балерина сахнада бірге жұп болып өнер көрсетіп жүрген Бақтияр Адамжан, Еркін Рахматуллаев, Серік Нақыспеков секілді әріптестерінің өнерін де жоғары бағалайды. Бүгінге дейін дарынды бишінің өнер жолындағы жетістіктері де айтарлықтай. Мәселен, 2013 жылы Қазан қаласында өткен «Морозко» халықаралық балет әртістері байқауында бірінші орын алса, 2014 жылы Алматыдағы «Өрлеу» халықаралық балет әртістері конкурсында екінші орын иеленді. 2016 жылы Берлинде өткен Тanzolymp халықаралық байқауында жүлдегер атанып, ел мерейін өсірді.
Кейіпкеріміздің тағы бір ерекшелігі – қазақы тәрбиеде өскендігі. Инабаттылығы бойынан байқалып тұрады. «Әкем – қазақ елінің патриоты. Біздің отбасымызда тек қазақша сөйлейміз. Ата-анамның кейде басқа тілде шүлдірлеп жүрген жастарды көргенде көңіл күйі түседі. Бізге ол кісілер бала күнімізден тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді қадірлеуді, құрметтеуді үйретті. Мен орысша да, ағылшынша да еркін сөйлеймін. Бірақ ана тілімді бәрінен жоғары қоямын» дейді. Оның есімін «Шұғыла» деп кіндік әкесі қойыпты. Шұғыла − таңғы шуақ шашқан күн бейнесі деген мағына береді.
Кейінгі жылдары өнердің әр саласынан топ жарып шыққан қазақ жастары елімізде ғана емес әлемге танылуда. Солардың алдыңғы легінен «Астана Опера» театры балет труппасының дарынды солисі Шұғыла Әдепханды да көреміз.