Конференцияның ашылуында университет ректоры, академик Ерлан Сыдықов Абай бастаған қазақ ақындарының шығармашылығына ықпалы тиген Дулат Бабатайұлының жырлары тағылым мен тәрбие мектебі екенін жеткізді.
«Қазақтың дүниетанымына тән отбасы тәрбиесі, ұлттық салт-дәстүрлер Дулат Бабатайұлының шығармашылығында көрініс тапқан. Ақын сөз құдіретінің, көркем ойлау жүйесінің жаңаша үлгісін паш етті. Өз дәуірінде ұлттың әлеуметтік үнін жеткізіп, елдің бірлігін жырлады. Ал қазіргідей алмағайып заманда ұлт бірлігінің өзектілігі жоғары екенін баршаңыз білесіздер. Сондықтан біз бүгінгі шараны Дулат Бабатайұлының саф алтындай жырларын жас ұрпаққа насихаттау үшін ұйымдастырып отырмыз. Оның өрімдей өріліп, таспадай таралған көркем туындылары қазақ әдебиеті тарихында темірқазық жұлдыздай мәңгі жарқырап, ғасырдан ғасырға жалғасын таба береді, – деді ол.
Одан кейін Ұлттық ғылым академиясының академигі Бауыржан Омарұлы «Дулат Бабатайұлы және зар заман поэзиясындағы образдар жүйесі» атты баяндамасында айтулы ақынның сөз өрнегіндегі көркемдік туралы салмақты сөз өрбітті.
«Дулат өлеңдерінде дәуірді сипаттайтын «кер заман», «азған заман» тіркестері қолданылса, Шортанбай Қанайұлы кейін тұтас бір ағымды санаға сіңірді. Дулаттың: «Осындай заман кез болды, Ер дегенің ез болды», деп түйіндеген ойын Кердері Әбубәкір сол үлгі, сол мазмұнмен «Заманың түгіл ел азды, Ел ішінде ер азды», деп жалғайды. Дәуір ахуалы, заман өзгерістері адам санасына, мінез-құлқына әсер етпей қоймайды. Міне, осы тұста заманына лайық адамның психологиясы қалыптаса бастады. Мұны зар заман поэзиясындағы образдар галереясынан көреміз», деді ғалым.
Сондай-ақ келелі жиында белгілі ғалымдар Шәкір Ыбыраев пен Тұрсын Жұртбай да азаттық жырының ақтаңгерінің шығармашылығы туралы парасатты ой қорытса, белгілі ақын Несіпбек Айтұлы арқалы ақынның әдебиетімізде орны бөлек екендігін ерекшелеп айтты. Сонымен бірге басқа да ғалымдар таланты тұлғаның туындыларын жан-жақты сараптаған баяндама жасады.
Мазмұнды іс-шара барысында ақын мерейтойына байланысты конференция жұмысына жолдаған Мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннің құттықтау хаты оқылды. Сондай-ақ Америкада тұратын классик жазушы Мұхтар Мағауин де конференция қатысушыларына хат жолдапты. Онда: «Осы ретте қазақтың үш ұлы ақынын бөліп атау керек. Бұлар: Шортанбай, Дулат және Мұрат. Бұл үшеуі де сол заманның өзінде қазақ халқының жүрегінен өздеріне лайықты орын алған еді. Жатталды, жалпы жұрттың көкейінде бекіді. Мұрат сәл кейінірек баспа бетіне шықса, Дулат пен Шортанбай сол ХІХ ғасырдың өзінде-ақ кітап болып әлденеше қайтара басылды. Атап айтайық, царизм кезінде. Ал орыс отаршылдығының жаңа кезеңі – кеңестік қызыл билік тұсында Дулат пен Шортанбайға және Мұратқа қатаң тиым салынған еді. Өз халқына жау, кертартпа, зиянкес деп жарияланды. Әйткенмен, халық рухын мүлде жаныштап, басып ұстау мүмкін емес. Бұл азаткер поэзия, оның ішінде Дулат шығармалары да әртүрлі жолмен там-тұмдап басылып, қадарынша зерттеліп жатты. Ал Қазақстан тәуелсіздік алған кезде бұрнағы барлық сөзге кеңінен өріс ашылған және кеңінен зерттеле бастады» жазылған.
Пленарлық мәжілістен кейін конференция жұмысы «Дулат Бабатайұлы поэзиясындағы ұлттық мұрат тақырыбы», «Дулат Бабатайұлы тұлғасының зерттелуі және жаңа ізденістер» атты екі секция бойынша жалғасын тапты.