Баспа ауруы балаларда ғана емес, орта жас пен егде адамдарда да кездеседі. Бірақ балалардың ауыру ықтималдылығы жоғары. Себебі баспаға апаратын бірден-бір жайт – мұздай заттарды мөлшерінен тыс пайдалану. Жалпы, баспаның белгілері қандай? Біріншіден, алғаш ауыра бастағанда баланың бойынан күш кетіп, әлсірей бастайды. Екіншіден, басы мен тамағы ауырып, қызуы жоғарылайды. Мұнымен қоса тамағы ісініп, жұтынғанда ауыртып, іріңге айналуы да мүмкін.
Мамандардың айтуынша, баланың ауруға шалдыққанын көрген тұста бірінші дене қызуын өлшеу керек. Егер қызуы жоғары болса, баланы шешіндіріп, денесін суық сумен сүрту қажет. Егер қызуы 38 градустан жоғары болған жағдайда түрлі таблеткалар мен қызуды төмендететін сироптар пайдаланған жөн.
«Медцентр МУА» ЖШС орталығының жалпы тәжірибелік дәрігері Фариза Аханқызы баспа ауруының балада пайда болуы жөнінде: «Баспа ауруы – бадамша бездердің инфекциялық қабынуы деген сөз. Оның қоздырғышы – негізінен стрептококк бактериясы. Ал негізінен бадамша бездер – біздің ағзамызды түрлі вирустардан, қосымша біздің имунитетіміз ретінде бактерияларды ағзаға тыныс жолдары арқылы өтіп кетпеуі үшін сүзіп алып қорғап отырады. Бірақ кейбір инфекциялық жағдайларда төтеп бере алмай, бадамша бездері іріңдеп, ісіп, қабыну процесіне ұшырайды да, соның салдарынан баспа ауруы пайда болады.
Елімізде ангинамен бірге қатар жүретін инфекциялық аурулар бар. Солардың барлығын жалпы айтатын болсақ, пайыздық мөлшермен 63 пайызды құрайды. Оның ішіне тұмау, баспа аурулары кіреді. Мұнымен балалар жиі ауырады. Әсіресе күз, қыс, көктем басталған уақытта он бес жасқа дейінгі балалар көбіне осы ауруға шалдығады» деп атап өтті.
Ал «Баспа ауруы қандай себептерден туындайды?» деген сұрағымызға Фариза ханым: «Бұл аурудың негізі вирустық инфекциялар, бактериялар, сонымен қатар балаларда емделмеген тіс жегісі болып саналады. Өйткені тіс жегісінде көп вирустар жиналады, соның кесірінен баспа ауруы туындайды. Мұнан соң егер бала дұрыс тамақтанбаса да баспаға шалдығады. Ата-аналармен сөйлесу барысында балалардың дұрыс тамақтанбайтынын, қажетті дәрумендерді тамақтан алмай жататынын білеміз. Соның салдарынан балада имунитет төмендейді», дейді дәрігер.
Шынында, бүгінгі балалардың тұтынатын тағамдары сын көтермейді. Әртүрлі мармеладтар мен тез дайындалатын өнімдер денсаулыққа пайдадан гөрі көбірек зиян әкелуде. Табиғи сүт өнімдері мен аста-төк жеміс-жидектермен қоректенетін балалар саны бұл күнде сирек. Баспа ауруы кейде елеусіз ғана көрінгенімен оған немқұрайды қарауға болмайды.
– Барлық инфекциялық ауруларға ұсынатынымыз – балаға сұйықтықты көп беру. Қажетті сұйықтықты бөліп-бөліп күніне бірнеше рет ішіп отыру қажет. Сонымен қатар сұйық, сіңімді тамақтарды ішу қажет. Өйткені баспа кезінде бадамша бездердің барлығы қабынып тұрғандықтан құрғақ тамақтар балаға ауырсыну туғызуы мүмкін. Сонымен бірге ауызын тұзды сұйықтықпен шаю керек. Егер балада шыдатпайтындай ауырсыну болып жатса, қабынуға қарсы препараттар тағайындауға болады. Ибуфен, ибупрофен, парацетамол сынды препараттар дертті жеңуге көмектеседі. Сосын арнайы спрейлерді де тағайындаймыз, олардың түрлері өте көп. Кішкене болса да балаға жеңілдік туғызып, қабынуға көмегін тигізеді. Ата-аналарға айтатынымыз, бөлме қатты құрғақ болмауға тиіс, бөлмені ылғалдандырып отыру керек. Ауырған баланың өзін оқшаулап, гигиеналық жағдайына жақсы қарап, ата-анасының арнайы бақылауында болуға тиіс, – деді дәрігер Фариза Аханқызы.