Семинардың мақсаты – бүкілхалықтық референдумды дайындау туралы жас азаматтар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Іс-шарада Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров республикалық референдумды ұйымдастыру мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, еліміздің әр түкпірінде түрлі оқыту семинарлары өткізіліп жатыр.
«Мемлекетіміздің жаңа бағытқа бет алуы – өмірде ізденісте жүрген жастар үшін аса қажет. Сондықтан осындай семинардың өтуіне шын көңілден қуанып отырмын», деді Н.Әбдіров.
Сондай-ақ спикер Орталық референдум комиссиясының аймақтарға сапары жұмысына тоқталды. Оның айтуынша, Президенттің бастамасымен қолға алынған жоба – ауыл әкімдерін сайлау жұртшылық арасында қызу қолдауға ие болып отыр.
«Аймақтарға сапар барысында 443 нақты ұсыныс жиналды. Кездесулер бейресми форматта өтті. Бүкіл Қазақстанды аралап шықтық, он мыңға жуық адаммен кездестік. Онда айтылған ұсыныстарды ескереміз, қазір оларды сараптап жатырмыз», деді Н.Әбдіров.
Әділет министрінің орынбасары Алма Мұқанова Конституцияға енгізілетін негізгі өзгерістер жайлы түсіндірді. Вице-министр референдумда бір ғана мәселе – Ата Заңға енгізілетін өзгерістерді қабылдау жөнінде сауал қойылатынын жеткізді.
«Егер 11 облыстағы халықтың көпшілігі жақтап дауыс берсе, онда түзетулер қабылданды деп есептелінеді. Егер бұл көрсеткішке қол жеткізілмесе, онда түзетулер қабылданбаған болып саналады», деді А.Мұқанова.
Жастар өкілдері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, оған тұщымды жауап берілді. Іс-шараға республикалық және өңірлік жастар ұйымдарының басшылары мен белсенділері, өңірлік жастар ресурстық орталықтарының, оқу орындарының жастар ісі жөніндегі комитеттерінің қызметкерлері, Нұр-Сұлтан қаласының жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттары мен докторанттары қатысты.
Семинарды Орталық референдум комиссиясы және Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Электоралдық оқыту орталығы ұйымдастырды. Іс-шараға әр аймақтағы жастар мен жастар ұйымдарының өкілдері бейне байланыс режімінде қатысты.